Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аптап ыстықта абай болыңыз

Аптап ыстықта абай болыңыз

Жайдары жаздың ең ыстық мезгілі шілде айы да басталды. «Шіліңгір шіл­де» аталатын бұл кезеңде бірне­ше күнге созылатын аптап ыстықтар болады. Бұл зейнет жасындағы адам­­­дар мен қан қысымы бойынша есеп­­те тұратын науқастар үшін өте қа­уіпті. Сондықтан аптап ыстықта ың­ғайы келсе көлеңке жерде болып, күтін­геніміз абзал.

Төтеншеліктер түсіндірме жұмыстарын жүргізуде

Екі күннің бірінде ұялы телефонымызға смс-ха­барлама келеді. Онда төтенше жағдайлар саласының мамандары ыстық ауа райы жөнінде ескертпе жібереді. Соңғы күндері ауа температурасы 40 градустан жоға­ры болып тұр, яғни жұртшылық аптап ыстықты бас­­тан өткеруде. Бір қызығы, Сыр өңірінің халқы бұ­ған үйренген. Десе де сала мамандары түсіндірме жұмыс­тарын ұдайы жүргізуде.

– Бекітілген жұмыс жоспарымызға сәйкес жасы егде тартқан азаматтарға аптап ыстықта үйде болу қажеттігін барынша түсіндіріп жатырмыз. Бұл жұмыс­тарды сала қызметкерлері күнделікті жүргізуде. Арнайы жадынамалар таратылып, кеңестер берілуде. Іс-шараларды жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесе ұйымдастырып жатырмыз, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нұрбол Бақтияр.

Жадыраған жаз айларын көп адам демалыс­пен өткізетіні жасырын емес. Тіпті, сенбі, жексенбі күн­дерінің өзінде табиғат аясына шығып, тынығуға лайық­ты жер іздеуге тырысады. Демалушылар күннің көзінен қалқалайтын жасыл желек жанға сая деп, көлеңке іздесе, қалғаны салқын суға сүңгуді құп көреді. Осы ретте, қауіпсіздік ережесін қаперде ұстауды ұмыт қалдыратындар қатары да аз емес. Соның салдарынан жазатайым оқиғалар орын алуы мүмкін. Сол себепті төтенше жағдай саласының мамандары жаз айларында оқушылардың демалысы қатар келетініне ата-аналар ерекше назар аударып, бақылауды күшейту ке­ректігін ұсынады.

Ыстық күні апат көбейеді

Ғалымдардың зерттеуінше, ыстық күні жол-көлік оқиғаларының да саны артады екен. Себебі, ыстық ауа райы адамның жүйкесіне кері әсер етеді. Әлсіздікке бой алдырған автокөлік жүргізушілері ереже бұзып, өзінің ғана емес өзгенің де өміріне қауіп төндіретінін статистиканың өзі дәлелдеп отыр.

– Көлікті ыстық күні тізгіндеудің қолайсыздығын тү­сіндіріп, дәлелдеп жатудың өзі артық шығар. Бір ғана мысал, ыстықтаған жүргізушілердің көбісі белдік таққысы келмейді. Сөйтіп, үлкенді-кішілі апатқа ұры­нады. Сондай-ақ кептеліс те жүргізушінің жүйкесіне кері әсер етеді. Жүргізушілер діттеген жеріне тезірек жету үшін жолдағы көлікті басып озамын деп апатқа ұшырайды. Мұның бәрі ыстық күні апаттың көбейетінін білдіреді. Сондықтан ыңғайы келсе, алыс сапарларға шықпауға кеңес береміз, – дейді әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры С.Кеукенов.

Құқық қорғаушының сөзін жүргізушілер де растайды. Мәселен, жиырма жылдық еңбек өтілі бар тә­жірибелі автокөлік жүргізушісі Б.Иманғалиев ыстық күні реті келсе көлікті, әсіресе жүк көлігін алыс жолға тізгіндемеген дұрыс екенін алға тартады.

– Жүргізушілердің арасында «тас жол от болып тұр» деген сөз бар. Бұл жолдың ыстықтығын білдіреді. Ыстық күні қысым көп болады. Соның салдарынан көлік доңғалағы жарылады. Жиырма жылдық еңбек өтілімде ыстық күні көлік айдаудың оңай емес екеніне талай мәрте куә болдым. Ал аптап ыстықта темір тұлпарыңыз сыр беріп, жолда қалсаңыз жүйкеге де, күшке де екі есе жүк түседі, – дейді тәжірибелі жүргізуші.

Қан қысымы әбігерге салады

Адам жаратылысында шегі 116 градустық температурада тыныс ала алады екен. Бірақ бұл бірнеше минутқа ғана созылуы мүмкін. 30 градустық ыстықтың өзінде шыдамсызданып, әбігерге түсетініміз сондықтан. Әсіресе, қан қысымы төмен немесе жоғары азаматтар үшін қиындық туады. Денсаулық сақтау саласының мамандары ыстық күні тыныс алу адам ағзасына зиян екенін айтып, дабыл қағуда. Біз осы тақырып бойынша білікті дәрігер Қайрат Ермановпен пікірлестік.

– Қапырық күн ауаның құрғауына, нәтижесінде оттегінің жетіспеушілігіне алып келеді. Ыстық ауа райын­да жүрек-қантамырлар жүйесі зардап шегеді. Жастар үшін мұндай өзгеріс аса қатты қиындық тудырмайды, өйткені олардың денесіндегі термореттегіш механизмі тиімді жұмыс істейді. Ал жас ұлғайған сайын ыстық ауа райы азапқа айналады. Ауа райы құрғақ әрі ыстық болған кезде қан ұйып, тромбтардың түзілуіне алып келеді. Қанның ұйюы – инсульттің басты себебі. Мұндай ыстық күндері адамдар әлсін-әлсін су ішуі керек. Өйткені, су адамға күш береді. Сонымен қатар синтетикалық киімдер кимеген абзал, – дейді дәрігер.

Қан қысымымен есепте тұратын науқастар серуендеуге таңертеңгілік және кешкілік қана шығуы қажет. Әйтпесе, қан қысымы көтеріліп немесе төмендеп әбігерге салуы мүмкін. Мұның соңы өліммен аяқталуы да ықтимал. Сондықтан әркім өз денсаулығына жауап­кершілікпен қарап, ыстық күні ашық аспан астында жүруді мейлінше азайту қажет.

Желдеткіштің пайдасы зиянынан аз емес

Ыстық күннен қорғанудың тағы бір амалы – жел­дет­кіштің көмегін пайдалану. Алайда, желдеткішті жұмыс үстелінің, кереуеттің үстіне қоюға мүлде болмайды. Ол денсаулық үшін өте қауіпті. Мамандар желдеткіш қосулы тұрғанда жұмыс істеуді әдетке айналдырмаған жөн екенін айтады. Ең абзалы, оны қосып қойған соң 10-15 минут тыста жүрген дұрыс. Ал егер желдеткішсіз жұмыс істеу тіпті де мүмкін болмаса, онда оны әрбір үш-бес сағат сайын 1-1,5 сағатқа өшіріп қою керек. Ең маңыздысы, желдеткіштер ауаны салқындатпайтынын, тек ауаның жиі айналуын қамтамасыз ететінін ұмытпау қажет.

Желдеткіштен шығатын ауа адамға тікелей ұр­мағаны жақсы. Бұл салқын тиюдің басты себебі. Мұның салдарынан адамның нерв жүйесіне салқын тиюі мүмкін. Ең дұрысы, стационарлық, яғни жылжымалы желдеткішті терезе алдына орнату. Ол бөлме ішіндегі ауаны айдап, салқындатады. Сондай-ақ даладан келіп, бірден желдеткіштің жанына отыру өте зиян. Мұның соңы өкпенің қабынуына, жөтелге алып келеді. Ыстықтан кейін бірден салқын ауада ұзақ оты­­ру минингит ауруының туындауының себебіне айналуы мүмкін. Сондықтан желдеткіштің көмегіне көп сүйенбеген абзал.

Біз аптап ыстық туралы ақпарат беруге тырыстық. Мақсатымыз – оқырмандарды сақтандыру, түрлі аурулар мен қолайсыз оқиғалардың алдын алу. Қорытын­дылай келе айтарымыз, аптап ыстықта мейілінше абай болыңыздар. Өйткені, денсаулық – зор байлық, баға жетпес құндылық.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
03 шілде 2021 ж. 500 0