Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЕРДІ ҚАШЫҚТЫҚТАН ЗОНДТАУ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЕРДІ ҚАШЫҚТЫҚТАН ЗОНДТАУ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ


Аумақты ғарыштық және навигациялық бақылау технологияларының көмегімен қашықтықтан мониторинг жүргізу аймақ экономикасының бірқатар салаларының дамуына айтарлықтай үлес қоспақ.
   Қызылорда облысының ситуациялық орталығында облыс әкімі Қ.Көшербаев, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ вице-президенті Айдын Айымбетов және компания қызметкерлері, сондай-ақ, мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен өткен жерді қашықтықтан зондтау және «Смарт сити» жобаларының презентациясы өтті. Презентацияда жобаны жүзеге асырудың артықшылықтары таныстырылып, оны Сыр өңірінде еңгізу мәселелері талқыланды.
«Бұл жобалардың болашағы зор, сондықтан біз оларды қолға алуға мүдделіміз. Осы орайда Қызылорда облысында әріптестік орнатуға жағдай жасалды, өйткені бізде Қазақстандағы тұңғыш ситуациялық орталық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Татарстан және Қытай елдеріндегі «ақылды қала» құру тәжірибелері зерттеліп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімдерге қол қойылды, математикалық және ІТ-мамандықтар бойынша кадрларды дайындау бағдарламасы іске асырылуда», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
 Өз кезегінде, Айдын Айымбетов аймақтың қарқынды даму үстінде екенін және оң өзгерістер көп екенін атап өтті.
«Осы жобаны таныстыруға және әріптестік орнатуға ниеттеріңіз үшін рахмет. Өз тарапымыздан, біз Қызылорда облысын әрі қарай дамыту үшін қолдау көрсетуге әзірміз», - деді Айдын Айымбетов.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы қызметкерлерінің айтуынша, жерді қашықтықтан зондтау деректерін өз бетімен иеленген жер телімдерін анықтау; жерді аймақтарға бөлу жобасын жасауды ұйымдастыру бойынша көмектесу; қатты тұрмыстық қалдықтардың мониторингі; көп жылдық көшеттердің мониторингі; жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық учаскелерінің мониторингі; ауыл шаруашылық өндіріс мониторингі; табиғи ресурстар мониторингі және жағдайын бағалау; су тасқандары жағдайының мониторингі, қар қорын бағалау және т.б., облыстың жерлерді тиімді қолдану бойынша бағдарламалар, жобалар және схемаларды жүзеге асыруға көмектесу үшін қолдануға болады.
Презентация қорытындысымен облыс әкімі жауапты тұлғаларға таныстырылған жобаларды аймақта еңгізу мақсатында қажетті шараларды қолға алуды және тиімді әріптестік салаларын анықтауды тапсырды.
15 наурыз 2018 ж. 905 0