Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау саласына ауқымды талдау жүргізілуде

Агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау саласына ауқымды талдау жүргізілуде

Бүгін ауданға облыс әкімінің орынбасары Н.Тілешев, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қ.Қожахметов келіп, аудан активімен және кәсіпкерлермен кездесті.

Кездесуге аудан әкімі М.Ергешбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасарлары Ғ.Әлімқұлова, Р.Ягмусов, облыстық мәслихат депутаты М.Нәлібаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, «Ақмешіт-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ж.Түсмағанбетов қатысты.

Жиынды ашқан облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов жаңа жағдайдағы дамуға серпін жасау керектігін атап, кездесудің мақсаты ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияландыруда кездесетін мәселелерді шешуге қатысты ұсыныс-пікірлерді тыңдау екенін жеткізді.

Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қ.Қожахметов ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерімен танысу мақсатында іссапармен келгенін атады. Сондай-ақ қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен агронеркәсіптік кешендегі субсидиялау саласына ауқымды талдау жүргізіліп жатқанын айтты. Мұндағы мақсат осы саладағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау екенін атап көрсетті.

Кездесуде талдау жұмыстарының маңызы жөнінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ғ.Әлімқұлова хабарлады. Департамент басшысының орынбасары биылғы жылдың 14 маусымынан агенттіктің бастамасымен агронеркәсіптік кешендегі субсидиялауға талдау басталғанына тоқталды. Бұл шара шаруалардың субсидияны алу үшін ашықтық пен әділдікті қалыптастырып, кедергілерді жою мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осы бағытта арнайы топтар құрылып, өңірлерде халықпен кездесулер өткізіліп, ұсыныстары назарға алынатын болады. Ғ.Әлімқұлова бұған байланысты тұрғындар проблемалық мәселелер мен нақты құқық бұзушылықтарды агенттікке хабарлай алатынын атады.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев аудан шаруаларының өткен жылы алған субсидия көлемін баяндады. Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.

Кездесудан соң ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қ.Қожахметов аудан әкімдігінде кәсіпкерлерді мәселелері бойынша қабылдады. Сапар барысында делегация өкілдері мекемелер үйіндегі «Ашық әкімдік» жұмысымен және «Еңбек даңқы» музейінде аудан тарихымен танысты.

Е.БЕРКІНБАЕВ
16 маусым 2021 ж. 513 0