Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Заңдағы өзгерістер түсіндірілді

Заңдағы өзгерістер түсіндірілді

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Ақмешіт – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі­нің жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов бөлім басшыларымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында кездесу өткізді.

Мемлекетімізде Азия елдері арасында ең бірінші болып 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң қабылданғаны белгілі. 2015 жылы заңның кейбір олқылықтары түзетіліп, қайта қабылданса, 2020 жылдың желтоқсанында ел Президенті аталған заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негізінде қол қойғаны белгілі.

Осы жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген заңдағы өзгерістер мен толықтырулар туралы жобалық кеңсе жетекшісі Ж.Тұсмағамбетов айтып берді.

– Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанынан құрылған «Ақмешіт – Адалдық алаңы» жобасының мақсаты – еліміз бойынша жегі құртқа айналған сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыру және мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін арттыру. Өздеріңізге белгілі өткен жылы Мемлекет басшысы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға қол қойды. Биылдан бастап іске асқан жаңа Заң барынша қатаңдатылған баптарымен ерекшеленеді. Мәселен, бұдан бұрын қабылданған Заңда қызметкердің 100 мың теңге пара алғаны дәлелденсе, ол үшін мемлекетке 50-70 еселенген көлемде айыппұл, яғни 50 млн теңге төлеп, жаза шартты түрде белгіленетін. Ал жаңа заңға сәйкес мемлекетке қаржы еселенген көлемде қайтарылуымен қатар, жаза бас бостандығынан айырылу мекемесінде 5-7 жылға дейін өтеу тағайындаланады. Сонымен қатар делдалдар үшін жаза қатаңдатылды. Делдал болған азамат 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болады. Жалпы әлеуметтік-экономикалық қылмыс немесе пара деп 2 айлық есептік көрсеткіш, яғни 5834 теңге көлемінде заттай немесе ақшалай алынса, ол пара деп есептелінеді. Бұл отбасының барлық мүшелеріне де қатысты, – деді Жандос Бектайұлы.

Жобалық кеңсе жетекшісінің айтуынша өзгерістер мен түзетулер енген заңда әлеуметтік-экономикалық қылмыспен жазаланып, жазаны өтеген азаматтар мемлекеттік немесе қандай да болмасын кәсіпорында жұмысқа қабылданбайды. Ондай адамдар тек өз кәсібімен немесе шаруа қожалығында жұмыс істеуіне ғана мүм­кіндігі бар. Сыбайлас жемқорлық си­патындағы қылмыс жа­сағандар іс-әрекеті ар­қылы өмір бойы өз мансабы мен кәсіби өсуіне тосқауыл қоюмен қатар бүкіл отбасы мүшелеріне, аға­йын-туысқандарының болашағына кедергісін келтіретін болады.

Баршаға ортақ заңды осылайша қатаңдату ар­қылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүл­дем төзбеушілікті қалып­тас­тыру өз нәтижесін беретіні сөзсіз.

Кездесу соңында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған әлеуметтік ролик көрсетіліп, орын алған фактілері туралы хабарлаған адамдарды көтермелеудің жүйесі айтылды.

Осы күні «Ақмешіт – Адалдық алаңы» жобалық кең­сесінің мүшелері аудандық емханада болып, тұр­ғындарға көрсетілетін қызметтермен танысып, қолайлы ортаны қалыптастыруға орай бірқатар ұсыныстар берді. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу өткізді.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
05 маусым 2021 ж. 392 0