Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңір басшысы Сырдария ауданындағы су торабының ахуалымен танысты

Өңір басшысы Сырдария ауданындағы су торабының ахуалымен танысты

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова осы сапарында Сырдария ауданындағы «Әйтек» су торабының қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Сырдария өзеніндегі «Әйтек» су торабы 2004 жылы «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы аясында салынған. Сырдария мен Жалағаш аудандарының аумағында орналасқан жалпы алаңы 16 мың гектар Әйтек, Соркөл және Елтай арналары арқылы күріш егістіктерін сумен қамтамасыз етуге арналған. 2019 жылғы 23 қыркүйекте су торабының төменгі бьеф арнасының 6,23 м тереңдікке шайылу және ұзындығы 16,6 м шпунтты қабырғаның 52 см тереңдікке шөгуі орын алды. Орын алған жағдай бойынша жедел шаралар қабылданып, нысандық төтенше жағдай жарияланды. 2019 жылы төтенше жағдайларды болдырмау және жою үшін облыстық бюджеттен 38 млн.теңге және Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 50,0 млн.теңге қаражат бөлінді.

2020 жылы жобаның жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге республикалық бюджеттен 48,0 млн. теңге және 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде «Әйтек су торабын қайта жаңғырту» жобасына 700 млн. теңге бөлініп, оның ішінде 308,1 млн.теңгесі игерілді. Жобаның жалпы құны 826,3 млн.теңге.

Қазіргі кезде бетон құю, армосеткалар және армокаркастар құрылыстарын орнату, насос қондырғыларымен суды сорып алу, шпунт свайларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 41 инженер-техник қызметкерлер және жұмысшылар, 8 дана техника тартылды. Жобаны іске асыруды аяқтау үшін 2021 жылы республикалық бюджетті нақтылау барысында 472,9 млн.теңге бөлінді. Бүгінгі күні, жөндеу жұмыстарының 40 пайызы аяқталып, тиісті жұмыстар жалғасуда.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қазіргі су тапшылығы жағдайында су торабын жаңғыртудың аса маңызды екенін айта келе, уақытында сапалы аяқтауды қатаң тапсырды.

- Сырдария өзеніндегі судың тапшылығын ескере келе, өңірімізде су арналарын тазарту және үнемдеу шаралары біз үшін аса маңызды. «Әйтек» су торабын жаңғырту жұмысы уақытында әрі сапалы орындалу қажет. Өйткені Сырдария мен Жалағаш аудандарында күріш алқаптары осы нысанға тікелей тәуелді,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақ басшысы осы көтерілген мәселелерге жете мән беріп, күнделікті өз бақылауында ұстайтынын атап өтті.
28 мамыр 2021 ж. 422 0