Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егер шын мағынасын білсе....

Егер шын мағынасын білсе....

Қазіргі жастардың көбі келіншегін «кемпірім», күйеуін «шалым» деп жиі атайды. Егер жастар «кемпір», «шал» сөздерінің шынайы мағынасын білген болса, бір-бірін олай атамас еді.

Кемпір
«Кемпір» деп күйеуі қайтыс болған егде жасқа келген әйелді айтады. Қазақта «пірсіздің пірі - шайтан, әйелдің пірі - күйеуі» деген мақал бар. «Кемпір» сөзі «пірі кем, аз әйел» деген мағына береді.

Қазақ - жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған халық. Күйеуі қайтыс болған келіншекті «жесір» деп атаған. Бірақ, күйеуінің бір жылдық асын бергеннен кейін, ел ақсақалдары жиылып жесірді қайнысына, не қайнағасына атастырған.

Ал, егде жастағы әйелдің балалары ер жетіп, қыздары бой түзеген кезде күйеуі қайтыс болса, «кемпір» деп атаған. Оларды қазақ халқы құрметтеп сыйлаған.

Күйеуі қайтыс болған кемпірлер үй билігін де, түз билігін де өздері жүргізген. Үлкен кісілердің «кемпірмен ақылдасайын», біздің үйдің «кемпірі шешеді», «кемпір біледі» деп жүрген сөздер содан қалған.

Ал күйеуі тірі әйелді ешкім кемпір деп атамаған. Кейбір әжелеріміздің кемпір деген сөзге ашуланып қалатыны да сондықтан.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде көп сөздің шынайы мағынасы ұмытылды.

Бұрынғы құндылықтарымыз маңызсыз болып барады. Тарихқа үңіліп қарасақ, қазақ халқында күйеуімен ажырасу, отбасының шырқын бұзу деген жаман әдеттер болмаған.
«Атың жаман болса, сатып құтыларсың, қатының жаман болса, қайтып құтыласың» деген сөз
де содан қалған.

Шал
Жастар түгіл, үлкен астарда, жиын-тойларда «Анау рудың шалынан кім бар», «Мына рудың шалдарынан кім бар?!» деп айқайлап жатады. «Ақсақал» деген қастерлі сөз ұмытылып, «шал» деген сөз жиі қолданылатын болды.

Қазіргі уақытта балаларымыз «әкем, шешем» деген ардақты ат орнына «біздің үйдің кемпірі, шалы» дейтін болды. Бәрінен өкініштісі - бұл сөздерге біздің құлағымыз үйреніп барады.
Көбінесе үлкен кісілер «шал» дегенге шамданып жатса, қазіргі жас жігіттер «шал» дегенді мақтан көреді. Бірақ, біле білген адамға «шал» сөзінің түпкі мағанасы «түнгі төсекке жарамай қалған ер адам» дегенді білдіреді.
Қадірлі іні-келіндерім, сіздер аналарыңды, сүйген жарларыңды «кемпірге» теңемей-ақ, «анашым, шешем, жарым, жұбайым, келіншегім, зайыбым» десеңдер болады.

Ал, келіндер, күйеулеріңді «шалым», «біздің шал», «біздің үйдің шалы» дегенше, «күйеуім, отағасым, жарым, балаларымның әкесі» десе болады ғой. Әрине, мен тіл маманы емеспін бірақ, ақсақалдардан естіп, сұрап жасаған тұжырымым осы.
19 мамыр 2021 ж. 408 0