Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал тағдыры қалай болмақ?

Арал тағдыры қалай болмақ?

1993 жылы 26 наурызда Орта Азия мемлекеттері мен Ресей Федерациясының басшылары Қызылордада бас қосты. Халықаралық жиында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан Президенттері Арал өңірінің мәселелерін шешу, әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және Арал аймағын экологиялық сауықтыру жөніндегі бірлескен келісімге қол қойды. Бұл құрғаған теңізді құтқару жолындағы мемлекетаралық деңгейдегі жаңа қадам болғаны жасырын емес, – деп жазды Syrboyi.kz

Ардагер журналист Айт­күл Шалғынбаева тари­хи сәттен халыққа алғаш­қы­­лардың бірі болып ақ­­парат таратқан еді. Әріп­тесі­міз көп жылдан бері су шаруа­шылығы төңірегіндегі келелі мәселелерді көтеріп жүр.
– Аралды құтқару идея­сын Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсын­ды. Қызыл­ордадағы басқосуда бес елдің басшылары ор­тақ мәмілеге келіп, әр ел өзі­нің ұлттық табысының 1 процентін Аралды құт­қаруға бағыттау жөнінде уағдаласты.Сондай-ақ халықаралық Аралды құтқару қорын құру тәртібін бекітті, – дейді ол.

Иә, Арал проблемасы Қазақстан мен Өзбекстаннан өтіп, бүкіл әлемнің бас ауруына айналғалы қашан?! Өйткені теңіз түбінен жел көтерген тұз Тянь-Шань таулары тұрмақ, Ресей мен Еуропа ауасын ластап жатқаны аян. Арал тағдыры Орта Азия елдеріне ортақ болса да, әлем назарын өзіне аударса да, оны сақтап қалуға барынша мүдделі тарап жалғыз. Ол – Қазақстан. Ұлт көшбасшысының бастамасы бо­йынша «САРАТС» немесе «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы сәтті жүзеге асты. Бастама аясында атқарылған қыруар жұмыс нәтижесінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түсті. Теңіздің солтүстік бөлігіндегі су көлемі 27 млрд текше метр­ге жетті. Жергілікті халық туған жерге оралып, атакәсіп – балық шаруашылығымен қайта қауышты. Аудан орталығынан 100-150 шақырым қашықтыққа алыс­тап кеткен теңіздің ұзақтығы 17 шақырымға дейін қысқарды.

Арал мәселесінде Қазақ елінің мүддесі басым деуіміздің жөні бар. Сол бір келелі жиында бес мемлекет мойнына көп міндет артқанымен әрқайсысы көрпені өзіне тартты. Сөйтіп, жақсы жобалар мен бағдарламалар қағаз жүзінде қалды.

– Өзбекстан 1993 жылдан бері трансшекаралық су үстінде отырған мемлекеттердің келісімінсіз-ақ 9 су қоймасын салды. Жергілікті халық саны екі есе өсті. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану көлемі артты. Демек, Сырдариядан ортақ арнаға қанша су түсетіні өзбек ағайынға байланысты. Қырғыздар да «Тоқтағұлдан» Қазақстанға су босатуды алыс-беріске, айырбасқа айналдырып жіберді. Өзбекстандағы су қоймаларының бірі – Сардоба былтыр жарылып, қазақ ауылдары су астында қалғанын білесіздер. Мұның бәрі еліміздегі су саясатының әлсіз, трансшекаралық суды пайдалануда позициямыз берік емес екенін көрсетеді, – дейді журналист.

Инженер-гидротехник Дәулетияр Баялимов Әмудария мен Сырдария суын бес мемлекеттің талан-таражға салуы жағдайды күрделендіріп жібергенін қынжыла жеткізді.

– Қос өзеннен Аралға жылына 110 млрд текше метр су құйылуы керек. Оны басқалар бөліскесін Үлкен Аралға тек 6,5, кейде 5 млрд текше метр су барады. Қазір Әмудариядан бір тамшы да түсіп жатқан жоқ. Өзіңіз білесіз, кейінгі жылдары су тапшылығы айқын сезіле бастады. Оны егіннің өзіне жеткізу мұң. Күріштікті біртіндеп қысқартуға мәжбүр болдық. Сондықтан теңіз таяу арада түбегейлі қалпына келеді деу әбестік. Есесіне Кіші Аралды сақтаудың қамын жасау керек. Сыр өңірінің тағдыры осы түйткілдің оң шешім табуына тікелей тәуелді. Әйтпесе, мұнай мәңгілік емес. Бүгін болмаса, ертең түгесіледі, – дейді Д.Баялимов.

Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Ақмарал Әлназарова және Нұртөре Жүсіп жуырда Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Жоғалған теңіздің солтүстігіндегі Кіші Арал жылдан-жылға тартылып бара жатқанын айтып, дабыл қақты.

– Қазір онда 22 млрд текше метр су бар. Алдыңғы жылдарға қарағанда 5 млрд текше метрге азайған. Тек былтыр су тапшылығынан Қамбаш көлі жағалаудан 250-300 метрге дейін қашықтап кетті. Кіші Аралдың осы деңгейін ұстап тұру үшін жылына Сырдария өзені арқылы кемінде 2 млрд текше метр су түсу керек. Күріш пен басқа да егінге 4,2 млрд текше метр су жұмсалады. Демек, алдағы 5-7 жыл бойы Сырдария суының деңгейі осы деңгейде жалғасатын болса, Кіші Арал теңізі тартылып, өңірді экологиялық апатқа алып келеді, – дейді сенаторлар.

Депутаттар сондай-ақ, көрші елдермен су дипломатиясын белсенді жүргізу және тиісті заңдарға өзгеріс енгізу керектігін көтерді.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін әр мемлекет бөлек саясат ұстанып, көп жағдайда төменгі жақта орналасқан елдердің мүддесі ескерусіз қалды. Сондықтан, біріншіден, еліміздің су қауіпсіздігі үшін жоғарыда орналасқан өзендерден судың келуін қажетті уақытта реттеу келісіміне қол жеткізуде қандай кедергілер бар екені жіті зерттеліп, трансшекаралық су мәселесінде позициямызды әлсіретпей, су дип­ломатиясы бағытында жұмыстар белсенді түрде, яғни еліміздің су мүддесіне қарай екіжақты келісім, халықаралық заңдылықтардың бар­­­лық әлеуетін пайдаланып жүр­гі­­зілсе, – делінген сауалда.

Бір ғана мысал. «Ғасыр жобасы» атанған «САРАТС»-тың екін­ші кезеңін жүзеге асыру өзбек тара­пының негізсіз ұстанымынан созбалаңға салынып келді.

– 2013 жылы облыс басшылығы «САРАТС-2» жобасының бірдең­гейлік нұсқасын Үкімет алдында қорғады. Дүниежүзілік банк арқылы қаржы мәселесі де шешілді. Жоба басталғалы тұрғанда Өзбекстан жоба атауындағы «Сырдария арнасын реттеу» деген сөзіне қадалды. Қарсылық білдіріп, ақыр соңында жоба тоқтатылды. Шынына келсек, Сырдарияның төменгі ағысы өзбектің шаруашылығына да, суы­на да еш әсер етпейді. Осындай жөнсіздіктен кейін Қазақ Үкіметі өзбектер киліккен тіркесті алып тас­тап, «САРАТС»-ты «Өңірлік даму, Солтүстік Аралды сақтап қалу» жобасы деп өзгертті. Енді Өзбек басшылығы кедергі бола алмайды, – дейді А.Шалғынбаева.

Бәрінің илегені бір терінің пұшпағы болғанмен, әр мемлекеттің өз көксегені бар. Сонда дейміз-ау, «аққу, шортан һәм шаянның» тірлігінен Аралдың «жарасы» жазыла ма?
29 наурыз 2021 ж. 367 0