Медициналық оңалту барлығына қол жетімді

«Егер науқас ауруханаға жатуды қажет етпесе, алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ол оңалтудың үшінші кезеңіне жіберіледі. Сонымен қатар, амбулаториялық жағдайда оңалту емін алу үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет. Анализ тапсырудың қажеті жоқ. Ем алған науқас бір айдан кейін қайта тексерілуі мүмкін екенін атап өтемін. Біздің басты мақсатымыз – науқастардың денсаулығын жақсарту, қимыл-қозғалысты, сөйлеу қабілетін үйлестіру», - дейді Сырдария аудандық ауруханасының амбулаториялық оңалту және қалпына келтіру емдеу бөлімшенің меңгерушісі, кардиолог, реабилитолог Гүлзат Тыныштықбаева.
Оның айтуынша әр науқасқа жеке-жеке көңіл бөлінеді. Бөлімшеде невропатолог, кардиолог, травматолог, физиотерапевт, сонымен қатар логопед, массажист, психолог жұмыс істейді.
«Әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары психологиялық көмекке мұқтаж. Бөлімшеде БЦП диагнозы бар балалар оңалтудан өтеді. Олардың саны Сырдария ауданында 43. МӘМС жүйесінде біздің кішкентай азаматтар оңалту қызметінің барлық түрлерін уақытылы алады. Созылмалы ауруы бар және динамикалық бақылауда тұрған балалар мен жасөспірімдер үшінші кезеңнің медициналық оңалтудан жылына екі-үш рет жүйелі түрде өтеді», - деп атап өтті Гүлзат Тыныштықбаева.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық оңалту және қалпына келтіру емі туберкулезбен ауыратын науқастарға, сондай-ақ барлық сақтандырылған азаматтарға қолжетімді.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау жөніндегі бөлімі