Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттың саулығы – елдің байлығы

Ұлттың саулығы – елдің байлығы

Адамның басты байлығы – денсаулықты күту мен емдеу шаралары үздіксіз жүргізіліп оты­­рады. Бұл ретте, міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесі іске асырылып келеді. Жүйенің тиімділігі мен оңтайлы қызметі қарапайым халықты қанағаттандырады ма? Осы сауалға жауап іздеп көрмекпіз.

Аймақта 650 мыңнан аса халық сақтандырылған

Сапалы медициналық қызметті пайдалану үшін МӘМС жүйесі тұрғындар талабына сай жұмыс жасауға міндетті. Жүйе арқылы аймақта сақтандырылған 650 мыңнан аса халық бар. Міндетті әлеуметтік  медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахымовтың келтірген мәліметіне сүйенсек, сақтандырылған азаматтар 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, 2021 жылдың 1 наурызына дейін қорға 16 миллиардтан астам қаржы аударған. Қазіргі таңда 36226 сырдариялық медицина мамандарының бақылауында. Оның ішінде, 30626 адам МӘМС жүйесі және мемлекеттен сақтандырылатын жеңілдігі бар азаматтар санатына кіреді.

– Қызылорда облысы бойынша сақтандырылған азаматтардан түскен қаржы медициналық қызметтің шығынына жұмсалуда. Демек, МӘМС-тің медициналық пакетіндегі қаражат бірнеше қызмет түрлерін өтеуде. Медициналық, зертханалық сараптама талдауларын алу, жос­парлы түрде емделу, жоғарғы технологияларды пайдалана отырып, ота жасатуға, диагностикалық тексерулерге бөлінеді. Бүгінде Сырдария ауданына қарасты 5600-ге жуық азамат медициналық сақтандырылмаған. Аталған азаматтарды медициналық сақтандыру үшін аудан әкімдігі тарапынан бірлескен түрде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, – дейді А.Рахымов.

Жүйенің артықшылығы қандай?
Күніне 250 адам қабылдауға мүмкіндігі бар аудандық емханада дертіне шипа іздеген жандар жиі ұшырасады. Қазіргі таңда «Басы ауырып, балтыры сыздаған» көпшіліктің денсаулығына байланысты айтар шағымы жеткілікті. Мәселен, денсаулығында кінәраты бар адамдар үшін жоспарлы ем, диагностикалық тексеру, қатерлі дерттен айығу, созылмалы аурулардан арылу бірінші кезекте тұр. МӘМС жүйесі арқылы сақтандырылған және мемлекеттен сақтандырылатын жеңілдігі бар азаматтар санатына кіретін адамдар дәрігерлердің мұқият бақылауына алынады.

МӘМС жүйесінде мемлекеттен сақтандырылатын жеңілдігі бар азаматтар 15 санатқа бөлінеді. Ең алдымен, мемлекет балаларды өз қамқорлығына алады. Бұдан кейін жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар, бала туу немесе жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты баласы үш жасқа дейін оның күтімі үшін демалыс алған адамдар, мүгедектігі бар бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар кіреді. Сонымен бірге зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан және тергеу изоляторларындағы адамдар, жұмыс істемейтін оралмандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, мүгедектер, орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі, жоғарғы білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іштей оқып жатқан тұлғалар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алатын жұмыс істемейтіндер мемлекеттен сақтандырылады.

Қос тарап бойынша сақтандырылған азаматтардың көкейіндегі бірнеше сұрақ туындауы мүмкін. Біріншісі, ең алдымен жүйеге енгізілгеннен бері адамдар учаскелік дәрігерге тексерілгеннен кейін мамандандырылған бөлімге жолдама ала алады. Мамандандырылған дәрігерге тікелей неге бара алмайды? Екіншіден, созылмалы  сан түрлі диагноз бойынша есепке алынған науқастар мен ауру белгілері көрініс тапқан азаматтарға медициналық тексеру қалай жүргізіледі? Үшіншіден, дертті болған кез келген науқасқа күрделі оталарды жасау үшін қандай жеңілдік қарастырылған? Төртіншіден, көпшілік арасында МӘМС жүйесіне өзін-өзі сақтандыру үшін жекелеген қиындықтардың туындауының себебі неде?
Тереңөзек кенті бойынша 7 учаскелік дәрігерге кө­рі­ну үшін кезекте тұратын қарапайым халықтың «маман­дандырылған дәрігерге тікелей неге бара алмаймыз» деген сауалға аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Азиза Қозбағарова жауап берді.

– Қай кезде де учаскелік дәрігерлердің қызметі сан алуан бағытқа бөлінеді. Дертіне шипа іздеген көпшілік ең алдымен біздің қарауымызда болады. Денсаулыққа байланысты  науқастарға түрлі диагноз қойылады. Әр адамның шағымына байланысты  нұсқаулықтар көрсетіледі. Ал учаскелік дәрігер сараптама нәтижесінде, басқа да аурушаңдық белгілерін анықтау мақсатында және жоспарлы ем-дом тағайындау негізінде мамандандырылған, яғни, кардиолог, невропатолог, хирург, офтотальмолог, эндокринолог, оториноларинголог, онколог секілді т.б. дәрігерлерге жолдайды.  Шын мәнінде, учаскелік дәрігерлер «Комплексті медициналық ақпараттық жүйе» арқылы науқастарды тіркеп, үздіксіз қадағалауға алып отырады. Негізінен, науқастың кейбір диагноздарының белгілері бойынша  мамандандырылған дәрігердің нұсқауынсыз ем-дом тағайындай алады, – дейді Азиза Әділбекқызы.

Жалпы алғанда МӘМС жүйесі арқылы сақтандырылған азаматтарға аударған қаржысына қарай медициналық қызмет тағайындалмайды. Тек сақтандырылған азамат бекітілген бұйрық шеңберінде  шектеусіз  медициналық көмекке қол жеткізеді. Жоғарыда көсертілген екінші сауал бойынша Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахымов бірқатар мысал келтірді.

– Міндетті әлеуметтік медицианалық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалымен 2021 жылы 59 медициналық мекеме келісім-шартқа отырған. Мәселен, 59 медициналық мекеменің 29-ы мемлекеттік, 30-ы жекеменшек екенін айта кеткен жөн. Медициналық қызметтің тегін кепілдендірілген көлемі және МӘМС жүйесі арқылы стационарлық және күндізгі стационарлық қызмет, реабилитациялық көмек көрсету, оңалту жұмыстары емханалық тексерілуге азаматтар құқылы. Созылмалы диагноз бойынша есепке алынған науқастар мен ауру белгілері көрініс тапқан азаматтар дәрігердің жолдамасымен өзі қалаған емханаларға көріне алады. Оның ішінде жекеменшік емханалар бар. Бұдан бөлек, дерекқор базасында тіркелген барлық жекеменшік емханалар мен кеңес беру диагностикалық  орталықтарға дәрігерлердің нақтыланған жолдамасы арқылы тексеріле алады, – дейді бөлім басшысы.


Айта кету керек, өткен жылы сырдариялықтар аудандық емханамен келісім-шартқа отырған 40 медициналық мекемеде денсаулығына байланыс­ты толық тексерістен өтіп, аурушаңдық белгілерін анықтаған. Биыл ауданның медицина саласының мамандары бірнеше медициналық мекемелермен келісім-шартқа отырды. Сонымен бірге дәрігерлердің жолдамасы негізінде өткен жылы 100-ге жуық адам МРТ және КТ аппаратына түсуге жіберілген. Бұл көрсеткіш биылғы жылдың наурыз айына дейін 160 адамды қамтып отыр. Сонымен бірге дертке шалдыққан азаматтарға күрделі ота жасауға облыс орталығы мен басқа да қалаларға жолдама берілген. Негізінде МӘМС жүйесі арқылы жоғарғы технологиялық медициналық қызметтер шеңберінде ота жасауға мүмкіндік зор. Және медициналық қызметтің тегін кепілдендірілген көлемі аясында диагнозы бойынша науқасқа күрделі отаға жолдама беріледі.

Жалпы, аудан бойынша жұмыссыз ретінде  1220 адам тіркелген. Бұл азаматтар мемлекеттен сақтандырылған. Кей жағдайда жеке кәсіпкерлер, жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз деген мәртебе алмаған азаматтар өздерін әр жыл сайын сақтандырып отыруға міндетті. МӘМС туралы Заң аясында наурыз айында тіркеліп, медициналық көмек қажет болса, азамат өткен бір жылына жарна аударады. Сонымен бірге жұмыссыздыққа тіркелген азаматқа МӘМС жүйесі 1 ай  көлемінде жарайтын уақытша  мәртебе бере алады. Сол уақыт аралығында  1 жылдың жарнасын төлеу керек. Ал кез келген азамат жұмыссыздыққа тіркелмей, ай сайын 2125 теңге төлеп, жүйеден сенімді медициналық қызмет түрлерін ала алады.

Көп балалы аналарға мемлекет қолдау көрсетеді

Аудан бойынша 1431 көп балалы отбасы бар. Ал «Алтын алқалы» 336, «Күміс алқалы» 687 көп балалы ана мемлекеттен медициналық сақтандыру арқылы тексеріле алады. Өз кезегінде 4 баласы бар жұмыс істемейтін немесе атаулы әлеуметтік көмек алатын аналар да мемлекет қарауында болады. Сондай-ақ 3 жасқа дейінгі баласы бар жұмыс істемейтін аналар да медициналық көмекке қол жеткізе алады.

Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Нұргүл Сейдалиева «Күміс алқа» иегері. Нұргүл – 7 баланың анасы. Бүгінде ол 8-ші рет ана атанатын күнді асыға күтіп жүр. Жолдасы Айдос Бекішовпен отасқанына 15 жыл болған Нұргүл 35 жасында  «Күміс алқалы» ана атанған. Оның денсаулығына дәрігерлер үздіксіз бақылау жүргізіп отыр.

– Бала – отбасы бақыты. Үлкеніміз 14 жаста болса, кішкентайымыз 10 айлық. Жүктілік кезінде дәрігерлер кеңесін үнемі назарда ұстаймын. Медициналық тек­се­рістен өту барысында жоғарғы технологиямен жасақ­талған «Узи» аппаратына түсеміз. Осы кезге дейін тегін медициналық жолдамаларға ие болып келдім. Дегенмен, кейбір жағдайда ақылы түрде  медициналық тексерістен өтетін кездер кездеседі, – дейді көп балалы ана.

Нұргүл секілді көп балалы аналар дәрігерлердің нұсқауымен жіті қадағаланып отырады. Мәселен, көп балалалы аналар жүктіліктің 12-ші аптасына дейін дәрігерлерге тексеріліп, тіркелген жағдайда МӘМС жүйесі бойынша сақтандырылады.

– Жүкті әйелдерде денсаулығына байланысты түр­лі қиындықтар кездеседі. Диагностикалық және меди­циналық тексерістен өткен аналарды жоспарлы ем қабылдауға ауруханаға жатқызады және аймақтық дәрігер ана мен бала денсаулығын ерекше бақылауға алады. Аяғы ауыр жұмыссыз аналарды сақтандыру бойынша жұмыс барысында қиындықтар кездесті. Мәселен, бір келіншекті дәрігерлер толық тексерістен өткізіп, есепке алған болатын. Бірақ бірнеше айдан кейін МӘМС жүйесінен автоматты шығып қалғандығын байқадық. Оған себеп, жас ананың жеке кәсіпкерге жұмысшы ретінде орналасып, бала күтіміне байланыс­ты жәрдемақы алуды көздегені белгілі болды. Анығын айтқанда, жұмыскер үшін қандай жағдай болсын кәсіпорын иесі жарна аудару керектігін ұмытпаған абзал, – дейді аудандық емхананың бас акушеркасы Лау­ра Есім.

Мемлекеттен сақтандырылатын жеңілдігі бар азаматтардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Аудан бойынша І топта 151 адам, ІІ топта 315 адам, ІІІ топта 360 адам аталған санатқа кіреді. Учаскелік дәрігерлермен тығыз байланыста болатын мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты сауықтыру, жоспарлы ем қабылдауды ұйымдастыру тетігі қарастырылған. Көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қай кезде де мемлекет қамқорлығында.

P.S.
МӘМС жүйесі арқылы  сақтандырылған азаматтар шектеусіз медициналық көмекке қол жеткізуде. Дегенмен, 5600-ге жуық сырдариялық денсаулығын түзеу үшін арнайы жеңілдіктен тыс қалуда. Кез келген адам медициналық мәртебесі туралы кеңінен ақпаратты «Egov» порталы арқылы білуге мүмкіндігі бар. Қосымша ақапаратты «Теlеgrам» әлеуметтік желісіндегі сақтандыру боты, «Fms.kz» ресми сайты, 1406 Call орталығы, электронды сақтандыру жүйесі арқылы ала алады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 


16 наурыз 2021 ж. 523 0