Ардагерді мерекесімен құттықтады
Кызылорда гарнизонында әскери қызметшілер Ұлы Отан соғысының ардагерін 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, арнайы құттықтау грамотасын табыс етті.
Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Айдын Сағынбеков, «Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Мыңділда Ршауов және департамент офицерлері 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардагері Колесник Любовь Сергеевнаны құттықтап, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің арнайы құттықтау грамотасын табыстады.
Любовь Колесник 1944 жылы не бары 19 жасында әскер қатарына шақырылған. Соғыс кезінде Беларусь фронтының дала госпиталінде медбике қызметін атқарып, ер жүрек батылдығымен көзге түсіп, «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі» орденімен, «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтің» және «Ұлы Отан Жеңісінің мерекелік» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін Теміржол емханасында 45 жыл фельдшер қызметін атқарып, 1991 жылы зейнеткерлікке шыққан. Осы жылы 96 жасқа толатын Любовь Сергеевна 3 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 5 немере, 2 шөбере сүйіп отырған аяулы ана.
Кездесу барысында ардагер соғыс басталғаннан бастап сонау Германиядағы жеңіс күніне дейінгі бастан кешкен оқиғаларын еске алып, өзінің өмірбаянымен бөлісті. Әскери қызметшілерге осы сәтке дейінгі жинаған суреттерінің тарихына тоқталып, әңгімелеп берді. Арнайы құттықтап келген әскери қызметшілерге өзінің жылы лебізін білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Айдын Сағынбеков ҚІЖД жеке құрамы атынан Колесник Любовь Сергеевнаны 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, ұзақ өмір, қажымас қайрат және немере, шөберелерінің қызығын көруді тілеп, арнайы сыйлығын сыйлады.
Қызылорда облысы ҚІЖД ұйымдастыруымен өткен құттықтау шарасында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталды.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
сержант Мұхит Қонаров