Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада «Жаса Агро» деген атаумен бау-бақша орталығы ашылды

Қызылордада «Жаса Агро» деген атаумен бау-бақша орталығы ашылды

Қызылордада «Жаса Агро» деп аталатын бау-бақша орталығы ашылды. Ғылымды кәсіпке айналдыруға болатынын дәлелдеп жүрген ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосановтың бұл бастамасы жергілікті бағбандар үшін тиімді болып отыр, – деп хабарлайды Еgemen.kz

Оның айтуынша, бүгінде Сыр бойына бау-бақша тұқымдары мен көшеттер, қаламшалар көршілес облыстардан жеткізіліп отыр.

– Бұл орталықты ашудағы мақсат – облыс халқын сапалы тұқым­дармен қамтамасыз ету, ай­мақ тұрғындарының егіншілікке деген қызығушылығын ояту. Бұрын жеміс-жидек пен көкөністің неше түрі егілген өңірде бақша ша­руашылығын өркендетуді көз­дейміз. Бұл үшін тұқымның сапасына ерекше мән беріп отырмыз. Өндірушілермен тығыз байланыс орнатып, тұқымдарды оригинаторлардан алуды жолға қойдық. Тұқымды шет елдік компаниялар­мен қоса көршілес Шымкент қаласынан, сондай-ақ Жаңақорған ауданындағы «Сыр табиғаты» тұқым бағынан да алып отырмыз. Жаңа­қорғандық әріптестеріміздің жергілікті жеміс және сәндік екпе ағаштарын облыс орталығына жет­­кіземіз, – дейді «Жаса Агро» ор­­та­лығының басшысы Самалбек Қосанов.

Орталықта бау-бақшаны тамшылатып суару үшін қажетті құ­ралдар, тыңайтқыштар, жылы­жай­ға керекті жабдықтарға дейін бар. Кәсіпкер орталық жанынан жылыжай да салып қойған. Биыл түрлі көкөністердің 50 мың көшетін нарыққа шығармақ, алдағы уақытта оның көлемін 150-200 мыңға дейін арттырады. Көшеттерден кейін жылыжайға қияр егіледі екен.

Кәсіпкер-ғалым орталықтан тұқым, бау-бақшаға қажетті өзге де заттарды алғандарға түрлі кеңес беріп, өнімді одан әрі жетілдіруге көмек көрсететінін жеткізді.

Бұдан бөлек алдағы уақытта Жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыс орнатып, жұ­мыс­сыз жүрген жандарды бағбан­дықтың қыр-сырына үйретуді, оларға біліктілігін айқындайтын сертификаттар беруді көздеп отыр.

Қызылорда облысы кәсіп­кер­лер палатасы директорының орын­басары Пірмұхаммед Сыз­дықов бірнеше жыл бұрын өңір диқандары үшін бау-бақ­ша өнімдеріне субсидия алу үлкен мәселеге айналғанын айтады. Палата облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасымен бір­лесе отырып, бұл проблема­ны министрлікке жеткізген. Осы­ның нәтижесінде аймақ тұр­ғын­дары 2019 жылдан бері жеміс-жи­дек, бау-бақша өсіргені үшін мем­лекеттік қолдауға ие болып келеді.

– Бүгінгі ашылған орталық өңірде жергілікті өнімдердің қата­рын арттыруға, егістік алқаптарды әртараптандыруға үлкен үлес қо­сады деп сенеміз. Кәсіпкерлер палатасы бұл бастаманы қолдайды, алда да көмек көрсетеміз, – деді П.Сыздықов.

03 наурыз 2021 ж. 504 0