Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр үмітінің жарқын жобасы жүзеге асады

Сыр үмітінің жарқын жобасы жүзеге асады

Қызылорда облыстық «Сыр үміті» жастар қауымдастығы қаламыздағы жоғарғы оқу орындары және ТжКБ ұйымдары директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарлары мен жастар комитеттерінің төрағалармен кездесті.

Кездесудің негізгі мақсаты – ұйымның алдағы уақытта атқаратын жұмыстары және жастарға, студенттерге бағытталған жобаларын таныстыру.

Жиында «Сыр үміті» қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық маслихат депутаты Мағжан Ералиев жаңадан құрылған жастар қауымдастығының жұмыс бағыты, жүзеге асырылатын жаңа жобалары мен бастамалары жөнінде баяндап берді.

«Жуық арада корпоративтік еріктілікке бағытталған «Мейірім» премиясы, дарынды студенттерді қолдау үшін «Қызылорда облысы колледждерінің топ - 30 студенті», «Q - вайн fest» жобасы, «Жас ғалым», асық атудан жастар лигасын өткізу мен жылдың қорытынды дәстүрлі шарасы «Жастар балы» өткізілу жоспарлануда. Сонымен қатар, біздің басты жобамыздың бірі - «Smart box». Бұл жастар арасындағы жоғары интеллект пен мәдениеттілікті арттыруда, қала жастарын жан-жақты қолдау мен маргинал жастармен жұмыс жасауға мүмкіндік беретін жаңа жоба. Жоба аясында қала аумағындағы шеткі микро аудандарда тегін интернет және заманауи кітаптармен жабдықталған «Smart box» жаңа мүмкіндіктер алаңдары орналастырылады» - деді, жастар қауымдастығының төрағасы Ералиев Мағжан.

Мұнымен қоса қауымдастық алдағы уақытта жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды және кәсіби бағдар беру жұмыстарына басымдық беріп отыр.

Айта кетейік, облыстық «Сыр үміті» қауымдастығы» жуырда құрылған жаңа ұйым. Жастар қауымдастығының негізгі мақсаты – өңірдегі мамлекеттік жастар саясатын табысты жүзеге асыруға үлес қосу, жастарға жан-жақты қолдау көрсету болмақ.
27 ақпан 2021 ж. 348 0