Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада 1 айда 69 спорттық сайыс өткізілген

Қызылордада 1 айда 69 спорттық сайыс өткізілген

Аймақта ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту жөніндегі облыстық кешенді іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Онда ақпан спорт айы болып белгіленген. Айлық аясында 69 спорттық сайыс өткізілді. Оған 5444 спортшы қатысып, өзара бақ сынады.

Спорттық жарыстардың 3-і республикалық, 15-і облыстық, 46-сы қалалық және аудандық деңгейде ұйымдастырылды. Тоғызқұмалақтан онлайн форматта өткізілген республикалық турнирге еліміздің барлық өңірінен 144 спортшы қатысты. Сондай-ақ, еркін күрестен және волейболдан республикалық турнир өтті. Оған өзге облыстардан 610 спортшы келді. Ал гандболдан және волейболдан облыстық біріншілік өткізілді.

- Бұл жарыстарды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу, жасөспірімдер мен жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуге және дене шынықтыру және спорт арқылы салауатты өмірге баулу. Аталған жарыстардың барлығы карантин талаптарын сақтай отырып, көрермендерсіз, салтанатты шараларсыз өткізілді, - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов.

Өңірде наурыз айында халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай жастар арасында қазақ күресінен республикалық турнир, самбодан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты болады. Сәуір айында қазақ күресінен «Алтын белбеу» облыстық іріктеу турнирі, мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған «Көктем жұлдыздары» республикалық турнирін өткізу жоспарлануда.
26 ақпан 2021 ж. 433 0