Аймақ дамуында серпін бар
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 2020 жылы өңірде атқарылған жұмыстар есебін беріп, алдағы міндеттерді айтты. Аймақ басшысының халық алдындағы қорытынды есебі онлайн форматта өтті. Есеп беру кездесуінің тікелей көрсетілімі Қызылорда облысы әкімдігі, «Qyzylorda» облыстық телеарнасы «Уoutube» каналы мен «Facebook» әлеуметтік желісінде ұйымдастырылды.
– Өткен 2020 жыл еліміз үшін өте күрделі болды. Әлемдік пандемия қалыпты тіршілігімізге айтарлықтай әсер етіп, экономикамыздың даму үдерісін тежеді. Қызметтің барлық саласына түбегейлі өзгерістер енгізілді. Әлемді шарпыған бұл індет біздің аймағымыз үшін де үлкен сынақ болды. Ұлтымыздың ұлы ақыны, дана Абайдың «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» деген кемеңгерлік қағидасына сүйеніп, барша халықтың берекелі бірлігінің, тындырымды тірлігінің арқасында бұл қиындықты да еңсере білдік. Сыр халқы қай кезде де қиындыққа мойыған емес. Бұл жолы да біз табандылығымызды танытып, бір-бірімізге қолдау білдірдік, – деген өңір басшысы індетке қарсы күресте аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Өткен жылы Қызылорда қаласынан заманауи үлгідегі 200 орындық модульді жұқпалы аурухана құрылысы жүргізіліп, толықтай аяқталды. Нысан сәуір айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұған қосымша 3200 төсек-орын мен 3500 медицина қызметкерінен тұратын кадрлық резерв жасақталды. Екі айға жететін дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры қалыптастырылып, оған жергілікті бюджеттен 488 млн. теңге қаржы бөлінді.
Мұнан соң облыс әкімі аймақты дамытуда атқарылған жұмыстар есебін берді. Мемлекет басшысының бастамасымен 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамту Жол картасы басталып, халық жұмыспен қамтылған. Өткен жылдың қорытындысымен құны 40 млрд. теңгеден асатын 261 жоба жүзеге асырылған. Облыс экономикасындағы кейбір көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан Үкіметпен жасалған Меморандум бойынша өңірге инвестиция тарту 230 млрд. теңге болып белгіленсе, көрсеткіш 27 пайыз артығымен орындалған. Ал тұрғын үй салу жоспары 591 мың шаршы метр болса, бұл көрсеткіш 609 мың шаршы метр өсіммен орындалып отыр.
Аймақ басшысы жаңа жұмыс орындарын құру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтты.
– «Ауыл – Ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларының арқасында өңірде жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызда ұстап тұрмыз. Осы бағдарламалар аясында 2020 жылы тұрғын үй, жол және әлеуметтік салаларда 44,3 млрд. теңгеге 351 жоба жүзеге асырылды. Ал биыл 12,8 млрд. теңгеге 42 жобаны іске асыратын боламыз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Агроөнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім бар. Жыл қорытындысымен облыста тұтыну бағаларының индексі 107,2 пайызды, ал, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының индексі 110,1 пайызды құрады. Қазіргі таңда облыста 8,7 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры қалыптасты. Соңғы жылы агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі екі есеге өскен. Бұдан бөлек, өңір басшысы кәсіпкерлік және әлеуметтік салаларда да қарқынды жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Сонымен қатар алдағы жоспарлы жұмыстарға тоқталды.
– 2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының экономикалық күрделі жағдайын ескеріп, Үкіметке қолдау көрсетуді тапсырды. Осыған орай, біз өз тарапымыздан республикалық бюджеттен қаржылық қолдауды қажет ететін 110 жобаны әзірледік, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы есеп беру соңында өңірді дамытудың 2021 жылға арналған 6 негізгі бағыты бойынша облыс әкімінің «Іс-қимыл жоспары» бекітілгенін, облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданғанын атап өтті.
Есепті жиында өңір басшысы облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Облыс әкіміне сұрақтарды тіркеу 400-100 нөмірі, www.400-100.kz сайты, сондай-ақ Қызылорда облысы әкімдігінің telegram каналы мен интернет ресурсы арқылы жүргізілді. Осы негізде ауданға қарасты Жетікөл ауылынан Жарылқасын Камалов өз сауалын жолдады. Ауыл ақсақалы елді мекен үстінен өтіп жатқан «Баянторг» және «Жыңғылдыкөл» каналдарын тазарту мәселесін шешуді сұрады. Аймақ басшысы 2020 жылы аудандағы Айдарлы ауылында бірнеше канал жөнделгенін тілге тиек етіп, биыл Нағи Ілиясов, Қалжан ахун ауылдарындағы каналдарды тазартуға қаржы қаралғанын айтты. Оған қоса, Сәкен Сейфуллин, Бесарық, Жетікөл ауылдарында насос қондырғылары орнатылатынын жеткізді.
Мұнан соң Шаған ауылдық қоғамдық кеңесінің мүшесі Жұмақожа Жансейітов телефон арқылы хабарласып, елді мекендегі шаруашылықта орын алып жатқан мәселені қозғады. Бұдан хабардар екенін айтқан облыс әкімі барлығы заң аясында шешімін табатынын атап көрсетті.
Ердос БЕРКІНБАЕВ