Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүргізуші куәлігін алып жүрмегені үшін айыппұл салынбайды

Жүргізуші куәлігін алып жүрмегені үшін айыппұл салынбайды

Қазақстандық жүргізушілер бұдан былай жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу құжатын өзімен бірге алып жүрмесе де болады. Бұл құжаттардың жоқтығына айыппұл салынбайды, – деп хабарлайды Massaget.kz

Алайда автокөлік жүргізушісінің жанында жеке куәлігі немесе төлқұжаты болуы керек. Бүгін, 13 ақпанда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң күшіне енді.

Полиция көліктің меншік құқығын ақпараттық жүйелер арқылы тексереді. Қызметтік планшеттерде "Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі" арнайы бағдарламасы орнатылған, онда жүргізуші мен автокөліктің барлық деректері көрсетіледі: көлік кімге тиесілі, қандай тәртіпбұзушылықтар болды, техникалық байқаудан өткен және сақтандыру полисі рәсімделген уақыт. Бүгінде полицейлерде осындай 8 649 планшет бар.

Жеке куәлікке Қазақстан азаматының паспорты, жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігі жатады. Студенттік билет, қызметтік куәлік оларға жатпайды.

Сонымен қатар, қабылданған түзетулер шетелдік нөмірлері бар автомобильдерге, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерде жүруге лицензия алған жүргізушілерге қолданылмайды. Оларда көлік жүргізу кезінде жүргізуші куәлігі мен тіркеу куәлігі болуы керек.

/
14 ақпан 2021 ж. 524 0