Ливанда Қазақстан бітімгерлерінің кәсіби шеберлігі қандай?
«БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінде» бітімгершілік миссиясын атқарып жүрген Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері түрлі сын сәттерде жедел ден қою топтарының негізгі іс-қимылын пысықтау бойынша «RITEX» оқу-жаттығуына қатысты.
Бөлімшелерді жалпы басқаруды төртінші құрама бітімгершілік ротасының командирі майор Жанат Бірбаланов жүзеге асырды. Басқару және үйлестіру рота штабының байланыс құралдары арқылы жүргізілді.
«Біз алты ай бойы БҰҰ-ның Бас штабы Ливанда да, Үндістан тарапы өткізген барлық жаттығулар мен оқу-жаттығуларға ұдайы қатыстық. Қазақстандық бітімгерлер жоғары даярлық деңгейі мен кәсіби шеберліктерін көрсетті. Бұл жөнінде «Ливандағы БҰҰ-ның уақытша күштері» Бас штабының басшылығы атап өтті. Аталған жаттығулар қазақстандық әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігі ұдайы жоғары деңгейде екенін тағы да көрсетті», - деді Жанат Бірбаланов.
Бітімгерлер таң сәріден оқу дабылымен көтерілді. Оқу-жаттығудың сценарийі бойынша Қазақстандық-Үндістан базасын алыс емес жерде қолдан жасалған жарылғыш зат табылды. Кезекші ауысым кезекшілік барысын ұйымдастырып, болған жағдайды рота штабына хабарлады. Оқиға орнына жеткен француз әскери қызметшілері миналардан тазартуға кірісті. Бұл оқиға туралы халықаралық әскери полицияға және Ливан әскеріне баяндады. Нәтижесінде бейбіт тұрғындарды ықтимал қауіптен қорғау үшін қоршау ұйымдастырылды, жолдар жабылды.
Жедел ден қою топтары түрлі дабылдарды алған кезеңді, кезекші бөлімшелердің базаға жақын жерде қолдан жасалған жарылғыш затты анықтаған сәтін, сондай-ақ зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәртібін пысықтады.
Қазақстандық әскери қызметшілер Үндістан әскери қызметшілерімен бірлесіп іс-қимылдарды пысықтады. Миссияға қатысқан уақыт аралығында олар әр қилы міндеттерді орындау мәселелерінде өзара іс-қимылды реттеді.
Миссия штабының өкілдері мен байланыстырушылар қазақстандық бітімгершілік контингентінің сенімді, батыл және кәсіби іс-қимылдарын атап өтті.
Қазақстандық бөлімшелердің шынайы жағдайдағы іс-қимылға даярлығын арттыруда апталық жаттығулардың, ай сайын өтетін «Blue porcupine» тактикалық оқу-жаттығуларының және қолдан жасалған жарылғыш заттарды анықтаудағы іс-қимыл алгоритмі жөніндегі сабақтардың маңызын атап өткен жөн.