Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Екінші оқу кезеңінің әскери дайындық сабақтары басталды

Екінші оқу кезеңінің әскери дайындық сабақтары басталды

Қызылорда гарнизонындағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті әскери кафедрасында 2020-2021 оқу жылының екінші оқу кезеңіндегі әскери дайындық сабақтары басталды.

Азаматтарды запастағы офицерлер және сержанттар бағдарламасы бойынша әскери қызметке даярлау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 19 қазандағы «Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес өткізіледі. Дайындықта әскери оқытылған резервті қалыптастыру, сондай-ақ офицерлер құрамының бастапқы лауазымдары мен сержанттар құрамының лауазымдарын қосымша жасақтау мақсатында ЖОО студенттерінің алатын жоғары кәсіптік білімі негізінде, әскери-есептік мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті әскери кафедрасында бірінші оқу кезеңінде әскери дайындықтың оқу үдерісі қалада қалыптасқан санитарлық эпиодемиологиялық жағдайға байланысты толығымен қашықтықтан оқыту әдісімен өткізілген болатын. Әрине, мұндай оқыту әдісі әскери дайындықта білім алып жатқан жастардың бойында әскери тәжірибелік машықтардың қалыптасуына толық мүмкіндік бермейді.

Жоғарғы оқу орны басшылығының шешімі бойынша 2020-2021 оқу жылының екінші оқу кезеңінде оқу үдерісі аралас форматта, яғни, дәріс, семинарлық сабақтар «онлайн» режимде, ал тәжірибелік, лабораториялық және тактикалық сабақтар білім алушы студенттердің тікелей қатысуымен «офлайн» режимде жүргізу жоспарланып отыр.

Әскери кафедрада дәріс, семинарлық сабақтар «Класрум», «Zоом» бағдарламалары және Watsapp желісінің көмегімен, ал тәжірибелік, саптық және тактикалық сабақтар университеттің оқу материалдық техникалық базасындажүргізілетін болады.

2020-2021 оқу жылының екінші оқу кезеңінде әскери мамандықтардың бейіндік және жалпы әскери пәндері бойынша оқу сабақтарын 90 сағат көлемінде, ал оқытушының басшылығымен білім алушы студенттердің өзіндік жұмысын жүргізу 30 сағат көлемінде өткізужоспарланған.

Мұхит Қонаров,
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы,
сержант.  

27 қаңтар 2021 ж. 669 0