Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрлан Нығматулин Мәжіліс Төрағасы болды

Нұрлан Нығматулин Мәжіліс Төрағасы болды

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин Мәжіліс Төрағасы лауазымына сайланды.

«Нұрлан Нығматулин қалада да, министрлікте де, облыста да, партияда да, әкімшілікте де басшы қызметтерде болып, өмірдің үлкен сынағынан өтті. Елбасының сынына шыдас берген, қазақша айтқанда, от пен судан өткен тұлға. Нұрлан Нығматулиннің Мәжіліс төрағасы ретіндегі қызметті танытқан талапшылдығын, іскерлігін, жауаптылығын біз алтыншы шақарылым кезінде өз көзімізбен көріп, күн сайын куә болып жүрдік», – деді депутат Сауытбек Абдрахманов.

Осы орайда ол Н. Зайроллаұлы кез келген тақырыпты жан-жақты зерттейтінін атап өтті.

«Мәжіліс төрағасы қызметіне Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин кандидатурасы ұсынылуы әділ әрі орынды. Мен Парламентке сайланған барлық әріптестерімді, саяси партия фракциялар мүшелерін, Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттарды осы кандидатураны қолдауға шақырамын», – деді С. Абрахманов.

Сонымен қатар жалпы отырыс барысын «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров Мәжіліс төрағасы лауазымына ұсынылған кандидатураны қолдады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар жаңа төрағаны жасырын дауыс арқылы сайлады. Дауыс беру барысында депутаттар аталған кандидатураға қолдау білдірді.

Еске сала кетейік, 14 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысында Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының жетекшісі қызметіне Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды. Фракция депутаттары Елбасының ұсынысын бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, Мәжіліс спикері лауазымына Нұрлан Нығматулинның кандидатурасын ұсыну мәселесі де қаралды.

Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин 1962 жылы Қарағандыда туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Саяси ғылымдарының докторы. Институтты бітіргеннен кейін «Қарағандыоблгаз» өндірістік бірлестігі автоколоннасының инженері, бастығы болып жұмыс істеген.

1985-1990 жылдары – Қазақстан ЛКЖО Ленин аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК комсомол ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы. 1990-1993 жылдары – Қазақстан жастар ұйымдары комитетінің төрағасы. 1993-1995 жылдары – «Тенгри» қазақ-американ бірлескен кәсіпорынның президенті.

1995-1999 жылдар аралығында – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1999-2002 жылдары – Астана қаласы әкімінің орынбасары.

2002-2004 жылдар аралығында – Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі. 2004-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2006-2009 жылдар аралығында – Қарағанды облысының әкімі.

2009-2012 жылдар аралығында – «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

2012 жылғы 20 қаңтар – 2014 жылғы 3 сәуір аралығында бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының жетекшісі. 2014 жылғы 3 сәуір – 2016 жылғы 21 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметін атқарды.

2016 жылғы 22 маусымнан бастап алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып бірауыздан сайланды, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

Айта кетейік, 2019 жылғы 22 тамызнан – «NurOtan» Партиясының Мәжілістегі Фракциясының жетекшісі. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», «Құрмет», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.


15 қаңтар 2021 ж. 573 0