Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 36 газет

07 мамыр 2024 ж.

№35 газет

04 мамыр 2024 ж.

№ 34 газет

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Ел дамуының ертеңгі бағдары

Ел дамуының ертеңгі бағдары

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өткен болатын. Ел дамуының ертеңгі бағдары айқындалған алқалы жиында ауқымды мәселелер қаралып, маңызды бастамалар талқыланды. Отырыс барысында Кеңес мүшелері ұтымды ұсыныстарды ортаға салып, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бағдарламалар мен реформалардың дәйектілігін және өзара сабақтастығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.

– Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі догматизм мен көзбояушылықтан толық ада болуы қажет. Сұлу сөз қаншалықты аз болса, мазмұны соншалық бай болады. Ол атқарушыларға іс-қимыл еркіндігін беру үшін өте прагматикалық болуы тиіс. Атқарушыларға қосымша жұмыс жүктемеу аса маңызды. Яғни басқа нақты істерге нұқсан келтірмеу үшін бұл бағыттағы жұмыстарға күш түсірмеу керек. Үкімет сарапшылардың қоғамдастығымен және жұртшылықпен тығыз ықпалдастықта жұмыс істеуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алдағы уақытта атқарылатын ауқым­ды жұмыстардың бір парасын Стра­те­гиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов баяндады. Ведомство басшысының айтуын­ша, аталған агенттік мемлекеттік орган­дармен бірлесе отырып, мемлекеттік жоспар­лау жүйесін қайта құру әдістерін қарас­тыру бойынша арнайы тәсілдер әзірлеп отыр.

– Агенттік құрылғалы бері Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауына сәй­кес келетін мемлекеттік жоспарлау жүйе­сін қайта құру, мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа концепция­сын жасау, реформалар дизайнын қалып­тас­тыру сынды үш маңызды мәселеге ай­рықша назар аудардық. Осылайша біз мемлекеттің жоспарлау жүйесін қайта құру мәселесіне оның жаңа заман талабына сай тиімді қызмет ете алуын ескере отырып баса мән бердік. Бұл қадам аса маңызды. Себебі пандемия кезінде мемлекеттік басқару жүйесі алдына қойған талаптарға жауап бере алатындай болуы керек екенін көрсетті, – деді агенттік төрағасы.

Қ.Келімбетовтің айтуынша, мем­ле­кет­тік жоспарлау бойынша ұсынылған құры­лым ең алдымен мемлекеттік жоспар­лау жүйесін бірыңғай түсінуді қажет ете­тін тәсілді қамтиды. Бұл тәсіл Стра­тегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің тарапынан ұсынылды. Ұсынылған құрылымның негізінде 2050 жылға дейінгі стратегияны жүзеге асыру жұмысы жатыр. Алайда агенттік ұсынатын өте маңыз­ды элемент – Президенттің барлық не­гізгі басымдықтарын тиісті тәртіпте біріктіретін инклюзивті платформа құру болып отыр. Тиісінше, соның негізінде «2025 жылға дейінгі стратегиялық жос­пар», «Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы» және жаңа элемент саналатын «Аймақ­тарды дамыту стратегиясы» сынды ма­ңызды құжаттарды жүзеге асыру жұмысы жалғасады.

– Ұлттық басымдықтарға сүйене отырып, Мемлекет басшысының биылғы Жол­дауынан туындайтын маңызды міндеттерге негізделген ұлттық жобалар мен жалпыұлттық жобалар іске асырылады. Жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар теті­гіне біртіндеп көшуді көздеп отырмыз. Жоспарлау жүйесіндегі өзгерістер туралы ойлағанда, біз ең алдымен адамға бағдарланған басқару негізгі қағидаға айналуы тиіс деген ой түйдік, – деді ведомство басшысы.

Басқару жүйесінің өзі мемле­кеттің бес тамырлы жүйесін қамтиды. Олар – жоспарлау жүйесі, бюджеттендіру жүйесі, мемлекеттік қызмет жүйесі, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі және цифрлы инфра­құрылым жүйесі. Қ.Келімбетовтің сөзіне қарағанда, қарым-қатынасты өзгертпейінше, бұл құрылымдардың қай-қайсысы болсын тиісті нәтижелерге қол жеткізе алмайды. Сондай-ақ әрбір өзгеріс дәйекті және бір логикаға сәйкес жүзеге асуы керек.

– Логика мемлекеттік басқарудың жаңа формацияларын енгізу, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасын құру, азаматтарды мемлекет тарапынан белсенді қолдау туралы айтылатын Жолдауды іске асыру шеңберінде алға қойылып отыр. Осы қағидалардың барлығы тиісті реформаның негізін қалайтын болады. Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі өзгерістер мемлекеттік басқарудың жаңа қағидаттарымен байланысты болуы керек, – деді Қ.Келімбетов.

Мемлекет өз міндеттерін оңтайлан­дырып, соның негізінде азаматтарға арналған қызметтерді және жаңа бизнес-процестерді құрады. Осыған байланысты, тиісті міндеттемелік талдау жүргізіліп, бүгінгі таңда мемлекет көрсетіп отырған мемлекеттік қызметтердің барлығына бизнес-реинжиниринг жүргізіледі.

– Президенттің тапсырмасы бойынша біз Премьер-Министрдің басшылығымен мемлекеттік органдармен бірлесіп Мәскеу қаласындағы Ресей­дің тиісті реформа жүргізетін орталықтарында болдық. Сол жердегі әңгімелесулердің нәтижесінде, Big DATA цифрлы тәсілдерін мемле­кет­тік басқаруға енгізу негізіндегі үш орта­лықтың үшжақты механизмі ұсынылды.

Бекітуге ұсынылған үш орталықтың қатарында Үкіметтің жеткізу бөлімі саналатын, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған ұлттық жобалық кеңсе, цифрландырумен айналысатын цифрлы трансформация орталығы бар. Сондай-ақ Жоғары кеңесте мақұлданатын реформалардың жүзеге асырылуын бақылаумен айналысатын жоба кеңсесі ретінде реформаларды бақылаудың ұлттық талдау орталығын құру ұсынылды.
– Мемлекет өзінің мысалында рефор­ма­лар­дың орындылығын көрсетіп, өзгеріс­тердің катализаторына айналуы керек болғандықтан, осы тұрғыдан алғанда, біз алдағы үш жылда жүзеге асыруды жоспар­лап отырған барлық реформалар тиімділік ин­ди­ка­торларының призмасы арқылы және әрбір қазақстан­дықтың өміріне оң әсер етуі керек. Рефор­малар жүйе арқылы уақытпен шектелуі және өзара байланыста болуға тиіс, – деді Агенттік төрағасы.

Мемлекет басшысы өз сөзінде мемле­кеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бағдар­ламалар мен реформалардың дәйектілігін және өзара сабақтастығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Прези­дент тапсырмасына сай экономиканы әр­тараптандыру, бизнесті реттеу, әлеумет­тік саланы қалыптастыру бойынша құ­рылған 3 консультативтік комитет жұмысы туралы баяндады. Оның айтуын­ша, комитет мүшелеріне мемлекеттік орган, бизнес пен қоғам өкілдері енді.

– Экономиканың басымдық берілген салаларын дамытуға арналған, сапалы дамуды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Жаңа постпандемиялық кезеңді ескеріп, экономиканың өзін өзі қам­тамасыз етуін ұлғайту үшін салалар­дың бәсекелестігін арттырып, эконо­миканың жаңа құрылымын қалыптастыру, жаңа үлгідегі халықаралық өндірістік процестерді енгізу қолға алынды.

Агроөнеркәсіптік кешенде құны қосылған жоғары өндірісті дамытудың сапалы жаңа тәсілдерін әзірлеу мен қолда бар шикізат базасының негізінде өндірісті өңдеу, көзделген инвестиция тарту, экспортты белсенді таныту жолға қойылды.

Тұрақты ішкі және сыртқы сұра­ны­сы бар тауарлардың өндірісін тиімді дамы­ту, өндірістің әлеуетін ұлғайтудың нәти­жесі ретінде тауар өткізудің логис­ти­калық қолжетімділігін арттыру назарға алынды, деді А.Мамин.

Үкімет басшысы сондай-ақ жасанды интеллект элементтерін қосу арқылы жаңа цифрлы экономика қалыптастыруға бағытталған «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасын дамытуға басымдық беріліп отырғанын жеткізді.

Үкіметтің қаржы саласындағы ре­фор­­­маларына тоқталған Премьер-Ми­нистр азаматтардың денсаулығы мен эколо­­гиялық қауіпсіздікке басымдық берілетінін алға тартты.

– Қаржы саласының негізгі бағыт­тарына аймақтағы үздік инвестициялық-технологиялық хаб ретінде «Астана» ХҚО-ның жұмысын модернизациялау кіреді. Экономиканың барлық саласында «жасыл экономиканы» енгізу жоспарланды. Туризмді дамыту бойынша кешенді ша­ра­лар қолға алынды. Ұлттық парктер негі­зінде экотуризмді дамыту жолға қойылды.

Бизнесті реттеу бойынша консуль­тациялық комитеттердің жұмыс нәти­жесінде келесідей реформалар қаралды. Кәсіпкерлерге қатысты тиімсіз талаптарды жою мақсатында «Гильотина» реттеуі, екі реттеуді жойып, бір реттеу құралын енгізу мақсатында «1 in 2 out» реттеу аппеляциясы институты, 2022 жылдың соңына дейін автоматтандырылмаған есепті жою мақсатында «Күнбатыс» прин­ципі, «Ұйым диагностикасы» прин­ципі қолға алынды. Мемлекет пен кә­сіп­тің байланысы азаматтардың денсаулығы мен экология қауіпсіздігіне негізделеді.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірге бәсекелестікті арттыру бойынша ұлт жоспары дайындалды. Бұл жоспар аясында биржалық сауданы арт­тыру, нарық қатысушыларына баға тура­лы ақпарат ашық көрсетілетін платфор­маны дамыту  қарастырылған.

Әлеуметтік саланы дамыту бойынша консультациялық кеңестің жұмысына тоқ­талсақ, алдымен Әлеуметтік кодекс шең­берінде адам өмірінің әр кезеңін­дегі әлеуметтік қорғау шаралары жүйе­лен­діріледі. Минималды күнкөріс деңгейі негі­зінде әлеуметтік төлемдердің бірың­ғай стандартын енгізу қолға алынды.

«Цифрлы отбасы картасы» жобасы аясында өтініш берушіден белсенді фор­матқа түбегейлі өту арқылы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін кешенді модернизациялауды. Соңғы нәтижеге негіз­делген жан басына шаққандағы қаржы­ландыру енгізілетін болады. Көрсетілетін қызмет­тер сапасын арттыру мақсатында кезең-ке­зеңмен жалақысын көбейту арқы­лы әлеуметтік қызметкер мәртебесі нығай­тылады.

Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақ­сатында жасанды интеллект элемент­тері қосылған платформалар іске қосы­лады. Бұл «Цифрлы жұмыспен қамту орта­лығы» аясында іске асырылмақ. Қыз­меттер барынша онлайн форматында көрсетіледі. Бұл шығынды азайтып, көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді реттеуге үлес қосады, деді Үкімет басшысы.

Асқар Мамин еңбек нарығындағы тең­сіздікті реттеу, экономиканың басым­дық берілген салаларын дамыту көші-қон және демографиялық саясатқа қа­тыс­ты жаңа ұсынымдар негізінде еңбек на­рығын жү­йелі дамыту арқылы ретте­ле­тінін жеткізді.

– Жұмыспен қамтудың жаңа формасын енгізу жоспарланып отыр. Ол ресми емес жұмыспен қамту туралы ақпаратты азайтуға жол ашады.

Денсаулық сақтау жүйесін реформалау аясында санитарлық-эпидемиялық қызметтің реинжинирингі ұсынылды. Бұл елдің биологиялық қауіпсіздігін қамта­масыз етуге жол ашады. Бақылау­дың барлық процесіне цифрландыру жүргі­зіледі. Бұл эпидемиялық ахуал­дың тиімді анализі мен болжамына жол ашып, тексерудің ашықтығын қамта­масыз етеді. СЭС дәрігерлерін даярлау факультеттерін құру қолға алынып, жаңа оқыту бағдарламасы дайындалады.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді және дамушы қыз­метін енгізу жоспарланды. Аурулардың профилактикасына басымдық беріліп, сапа мен қолжетімділікке жаңа формация кадрларын даярлау, техникалық базаны толық модернизациялау, заманауи smart технологияларды арттыру арқылы қол жеткізіледі.


Еліміздің дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамта­масыз ету мақсатында фармацев­тикалық өндірісті кешенді дамыту бо­йынша Ұлттық жоспар даындалады. Бұл ретте отандық өндірісті 50 пайызға жеткізу қарастырылған, деді Премьер-Министр.

Үкіметтің білім беру саласына қатыс­ты жоспарлары да белгілі болды. Асқар Мамин бұл саладағы реформаларға тоқталып, алдағы жоспармен бөлісті:

–  Білім беру жүйесін реформалау бойынша Орталық Азияда білім беру хабын қалыптастыру ұсынылды. Бұл ретте 20 академиялық артықшылық орта­лығын, алдыңғы қатарлы шетелдік білім беру институттарының кампусын ашу, аймақтағы ЖОО-ларды сол аймақ­тың ерекшелігін ескере отырып дамыту қа­рас­тырылады. Педагогика институт­тарын қолдау шаралары қолға алынады. Одан кейін орта білімнің бәсеке­лес­тігін арттыру мемлекет-жекемен­шік әріптестігі аясында жасалатын «жаңа үлгідегі мектептер» арқылы іске ас­пақ. Бұл мектептер – оқушылардың прак­тикалық дағдыларын арттыруға басым­дық беретін, заманауи материалдық-техникалық базасы бар жаңа деңгейдегі оқу орындары.

Мектептерде қалыптасқан сыныптық-пәндік жүйеге Финляндия, Испания ел­де­рі­нің тәжірибесіндегі жаңа балама оқу мо­делін енгізу қарастырылды. Одан кейін балалардың ерте дамуына, ең үз­дік халық­аралық тәжірибелер негі­зінде ба­лама оқу формасын дамытуға негіз­дел­ген ұл­т­тық жоспар дайындау мен енгі­зу жол­ға қойылды. Сонымен қатар білім беру­дің барлық деңгейінде «білім алу­шыға қаражат» принципі бойынша жан басына шаққанда қаржыландыру енгізі­леді.

Аталған кешенді шаралар ұсыны­сының барлығы толық жүзеге асыры­лады. Бірінші тоқсанның аяғына қарай реформаларды дайындап, екінші тоқсаннан бас­тап іске асыруды қолға алатын жұмысты жоспарлап отырмыз, деп түйіндеді өз сөзін А.Мамин.

– Үкімет жоспары түсінікті. Қазір ай­тыл­ған жоспардың орындалғаны маңыз­ды. «Халық үніне құлақ асатын мемле­кет» тұжырымдамасына сәйкес, Әлеумет­тік кодекстің дайындалуына, «Цифр­лы Қазақстан», «АӨК-2025» бағ­дар­ла­масына басымдық беру керек. Бұл – негізгі үш бағыт. Әлбетте білім беру де ма­ңызға ие. Біз бұл бағытта Үкі­мет­тің қалай жұмыс істеп жатқанын бақылай­тын боламыз. Дегенмен айтылған бар­лық бағыт та бірдей маңызға ие. Жұмыс өте көп. Сондықтан осы Жоғары кеңесте тап­­сырмалар қалай берілсе де, жұмысқа кі­рі­суіміз керек. Нақты нәтиже керек. Бұған дейін де айтқанымдай, ойыншы­лардың барлығына бір және ортақ ойын тала­бын қою қажет. Шынайы бәсеке­лестік, әкімшілік күштеуді азайту – эконо­ми­калық өсімнің жүйелік талабы. Осы ретте барлық реформаны кәсіпкер­лер қоғамдастығымен тығыз байланыста жүзеге асыру, қолдау мен жауапкер­шіліктің балансын сақтау маңызды. Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Әрқайсысы өз әрекеті мен жауапкершілігін білуі қажет. Кәсіпкерлер қауымдастығы үнемі сұрай беретін тарапқа айналмай, идеялар қайнары болып, қызмет көрсетуші ретінде өзінің жауапкершілігін жоғары деңгейде білуге тиіс. Үкімет Конституция мен заңға сәйкес өз міндетін орындауы керек, –  деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте ел Президенті кәсіпкерлер қауымдастығы өкілі ретінде «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасы прези­ди­у­мының төрағасы Т.Құлыбаевқа сөз берді.

– Біз Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамы­ту жолында Үкіметпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Nur Otan пар­­тиясының съезінде Үкімет пен Ұлт­­тық банкке 3 жылда инфляция көрсет­­кішін 4 пайызға жеткізу бойынша тап­сырма бердіңіз. Біздің болжамымыз бо­йынша бұл несиелік, ақша саясатына өзгеріс алып келмек. Сонымен бірге атал­ған тапсырма орындалса, кәсіпкер­лікке бағытталатын несие мен базалық көрсеткіш 6-7 пайызбен беріледі деген ойдамыз. Сол кезде кәсіпкерлікті үздік­сіз қолдау бойынша мемлекеттік бағдар­ламаларды жасауға қажеттілік болмайды деген пікір бар. Осылайша, экономиканы дұрыс несиелендіруге бет бұрып, кәсіпкерлер қауымдастығына қаржылық қолжетімділікті қамтамасыз ете аламыз, – деді Т.Құлыбаев.

Сот және құқық қорғау жүйесі бойынша баяндаған Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов осы саладағы соңғы өзгерістер мен алдағы жоспарларға тоқталды.

– Заң үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтарды, бизнесті заңға қайшы әре­кеттерден қорғаудың негізгі бағыттары Жолдауда айтылды. Бұл кез келген шеші­м­нің абсолютті заңды болуын, халық сенімінің жоғары деңгейін және жұмыс­тың ашық жүруін білдіреді. ЭЫДҰ-ға мүше елдердің көбінде бұл жүзеге асты. Сот және құқық қорғау жүйелерін рефор­малау жөніндегі консультативтік коми­теттің міндеті – ЭЫДҰ-ға мүше елдердің тәжірибесін зерделей отырып, отандық құқықтық жүйені ілгерілету. Комитет құрамына мемлекеттік органдар басшылары, ғалымдар, тәжірибелі заңгерлер, қоғам өкілдері мен шетелдік сарапшылар кірді, – деді Е.Қошанов.

Президент Әкімшілігінің Басшысы комитеттің алғашқы отырысында негізгі бағыттардың анықталғанын мәлімдеді. Құқықтың жүйені реформалаудың бас­ты 4 бағыты ұсынылады. Біріншісі – прог­рессивті қылмыстық процесс. Қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу шеңберінде ЭЫДҰ елдерінің үлгісі бо­йынша 2021 жылдан бастап прокурорлар негізгі процестік шешімдерді келісе отырып шығаратын болады, ал 2022 жылдан бастап қылмыстық істердің жекелеген санаттары бойынша дербес шешім қабылдай алады. Қазір дәлелдерді жинау мен олар бойынша жауапты шешімдер қабылдаумен бір орган айналысады. Бұл бұрыс шешімдер шығаруға жағдай жасайды. Спикер енді азаматтар мен бизнесті қылмыстық процестегі әділетсіз шешімдерден қорғайтын тиімді, тәуелсіз сүзгілер жүйесі құрылатынын атап өтті. Оның айтуынша, 2021 жылы Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодексін түзете отырып, қылмыстық заңды оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізу жоспарлануда.

Құқықтық жүйені реформалаудың екінші бағыты – жұмыстың сервистік моделі. Бұл тәсіл құқық қорғау қызме­ті­нің идеологиясын өзгертуді көздей­ді. Ең бастысы заңға бағынатын азамат­тар­дың мүддесі мен үмітіне жауап беру, заң бұзушылықтар статистикасынан бастап қоғаммен серіктестікке дейін­гі әрекеттерді қамтитын тиімді профи­лак­тикаға көшу болады. Осы бағыт бойынша «полицияның қадамдық қолжетімділігі» тұжырымдамасын енгізу көзделуде және осы мақсатта халықпен тікелей жұмыс істейт­ін бөлімшелер күшейтілетіні белгілі болды.

– Бұл тұрғыда Президент тапсырма­ларын ескере отырып, учаскелік инспек­тор­лардың мәртебесін арттыру мәселесі пысық­талады. Қоғамдық пікірді барынша есепке алу үшін құқық қорғау жұмы­сын бағалау жүйесін қайта қарау ұсыны­лады. Бұл тәсілмен азаматтардың сенімі қызметкердің мансабына әсер ететін болады, – деді Е.Қошанов.

Үшінші бағыт – азаматтар мен биз­нес­тің құқығын қорғау. Бұл бағыт бойын­ша азаптаудың алдын алу мен заңсыз тергеу әдістерін қолданбау бойынша әрекеттерді күшейту қолға алынады. Бұл – колониялар мен полицияның қызметтік кабинеттерінде жаппай бейнебақылау орнату, қылмыстық алдын ала қарау шаралары, сондай-ақ заңды экономика саласындағы қылмысты жою, рейдерлік пен бизнеске кедергі келтіру әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті нақты­лау бойынша шаралар. Е.Қошанов проку­ра­тураның кәсіпкерлерді, өзін өзі қорғай алмайтын жандарды қорғауға бағыт­талған өкілеттіктерін кеңейтуді ұсынды. Оның ішінде кәсіпкерлердің шенеу­ніктерге шағымдарын қарау, мүгедек­терге, жетім балаларға және қабілетсіз адам­дарға көмек көрсету үшін прокурор­лық тексерулер жүргізу бар.

– Төртінші бағыт – құқық қорғау қызметін жаңғырту. Президент тапсырмасы бойынша ІІМ-ні өзіне тән емес міндеттерден босату бойынша жұмыстар жалғасуда. 2021 жылы корпоративтік сектордағы бизнес үдерістерге ұқсас функционалдық талдау жүргізіледі. Құқық қорғау қызметтерінің барлық спектрін толыққанды технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету үшін құқық қорғау қызметін цифрландыруды едәуір кеңейту ұсынылады, – деді спикер.

Президент Әкімшілігінің Басшысы консультативтік комитеттің тағы бір басты міндеті – сот жүйесін жетілдіру екенін алға тартты. Бұл жұмыс та бірнеше негізгі бағыттан тұрады.

– Біріншісі – процестің барлық қа­тысушылары үшін, ең алдымен қа­ра­пайым азаматтар үшін сот рәсімдерінің ыңғайлы әрі түсінікті болуы. Жақында қабылданған Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодекстің үлгісі бойынша қыл­мыстық, азаматтық және әкімшілік іс жүргізуді кешенді қайта қарау ұсы­ны­лады. Реформаның негізгі міндеті – сот процесін жеңілдету, артық процеду­раларды болдырмау, сот тәртібін кеңейту әдістерін әзірлеу және дауларды шешудің балама тәсілдерін дамыту, – деді Е.Қошанов.

Екінші бағыты – сот процесінде нақты бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету. Сотқа тек айыптау актісі мен қорғау актісі жіберілетін және әрбір тарап сотқа өзінің құқықтық ұстанымын дәлелдейтін бірқатар елдің тәжірибесін тереңірек зерттеу ұсынылды. Судья процеске істің нәтижесі туралы алдын ала тұжырымсыз кіруге тиіс. Адвокаттар клиенттің кінә­сіз­дігін дәлелдейтін мәліметтер жинау үшін белсенді жұмыс істеуі қажет. Баян­да­машы бұл айыптаушылар мен қорғаушылардың жоғары біліктілігін талап ететінін баса айтты.

Ерлан Қошанов үшінші бағыт IT-технологияны енгізу арқылы сот төрелігін іске асыру тәсілдерін түбегейлі өзгерту екенін атады.

– Бүгін біздің соттар күніне 6000-ға жуық шешім шығарады. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш шамамен 1,5 миллионға жетеді. Осындай жұмыс көлемінен судья елдегі ғана емес, өз мекемесіндегі әріп­тес­терінің тәжірибесін бақылай алмайды. Бұл мәселені шешу цифрлан­дыру арқылы және big data-ның жүйелі жұмысымен жүзеге асырылады. Жүйедегі сот істе­рін автоматты түрде талдау судьяға әр­бір санат бойынша қалыптасқан сот тәжі­ри­бесін оңай қарауға мүмкіндік береді. Бұл әдетте соттарға түсетін басты шағым – бірізді сот тәжірибесінің болмауын жоюға көмектеседі, – деп атап өтті ол.

Сот жүйесін жетілдіру бойынша төр­тінші бағыт кәсіби судьялар корпусын қалыптастыру мен судьяның жауап­кершілігін арттыруды көздейді.

– Әртүрлі саладағы тәжірибелі заңгерлерді тарту үшін судьяны іріктеу шарттарын, олардың мансаптық өсуі мен жауапкершілігін қайта қарау жоспар­лануда. Соттардың тәуелсіздігі мәсе­лелері жеке пысықталады. Бұл жер­де сот төрағаларының әкімшілік өкілет­тік­терін барынша азайту, оларды тағай­ындау рәсімдерін жетілдіру бо­йынша жұмыстар жүргізілетін болады. Сот­тардың бюджеті бойынша мемлекет­тік органдарды қамтамасыз етуге жұмса­латын шығыстардың белгіленген пайы­зын айқындау жоспарлануда, бұл атқа­рушы билікке тәуелділікті жояды, – деді Е.Қошанов.


Қазіргі уақытта консультативтік ко­ми­тет­тің жалпы жұмыс жоспары әзірле­ніп, үш топ сот ісін жүргізудің үш ны­саны – қылмыстық, әкімшілік, азамат­ық құқық бұзушылықтар бойынша база­лық тәсілдерді әзірлеуге кірісіп кеткен.

Отырыста мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі консультативтік комитеттің жұмысы туралы Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов баяндады.

– Мемлекеттік басқарудың жаңа мо­делі тек мемлекеттік органдар мен мемле­кеттік ұйымдардың тиімділігі мәселе­лерімен шектелмеуі керек. Осы саладағы кәсіби және жан-жақты ұсыныстарды әзірлеу – комитет жұмысының басты мақ­саты. Ең маңызды бағыттар – мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, квазимемлекеттік секторды дамыту және мемлекеттік аппаратта бюрократияны азайту бойынша жеке жобаны іске асыру, – деді ол.

Т.Сүлейменовтің айтуынша, мемле­кеттік басқарудың жаңа моделі қызмет­кер­лер арасындағы қатынасты трансфор­мациялауды, яғни әкімшілік-бақылау бағ­дарынан азаматтар мен бизнестің игілігі үшін сервистік модельге көшуді көздейді. Негізгі құндылық адам болуы керек.

– Бұл жолда көптеген қиындыққа кезде­сетініміз белгілі. Олардың қатарын­да адам капиталының деңгейі, жүйесіздік пен қызметтердің қайталануы, бюрократия мен ынтаның төмендігі, мемлекеттік жос­парлау мен бюджет процесінің ара­сын­дағы байланыстың аздығы, цифр­лан­ды­рудың жеткіліксіз деңгейі және өзге де мәселелер бар, – деді Т.Сүлей­менов.

Комитет осы жүйелі кемшіліктер мен өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар әзір­леп, елдегі мемлекеттік басқару және мемле­кеттік қызмет көрсету саласын ілгерілетпек.

Жиын қорытындысы бойынша Прези­дент жанындағы Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары және консультативтік комитеттердің құрамы бекітілді.




11 желтоқсан 2020 ж. 290 0