Жемқорлыққа жол бергендер жауапқа тартылады

Кездесуде Ғанижан Асанұлы елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап көрсетті. Оның ішінде, ғасыр індеті болған жемқорлыққа қарсы саясатқа тоқталды. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың күшіне енген бірінші топтамасында қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық әрекеттері үшін саяси мемлекеттік қызметшілер отставкаға кетеді. Сондай-ақ, алдын алу жұмыстарының нашарлығы үшін бірінші басшының жауапкершілігі қаралады. Ал екінші топтамада мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға кез келген құнды сыйлық беруге тыйым салынған. Сыбайластыққа қарсы үшінші топтама жылдың соңына дейін қабылданбақ. Онда мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, судьялар үшін шетелдік банктерде шоттардың болуына және құндылықтардың сақталуына тыйым салу мен жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандар үшін мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды алып тастау пысықталуда.
Одан бөлек, департамент басшысы статистикалық мәліметтерді атап өтті. Елімізде бүгінге дейін жемқорлыққа қатысты 1589 қылмыс тіркелсе, жолы кесілген жүйелі жемқорлық фактілері – 102. Ал осы «бармақ басты, көз қыстыға» жол берген 214 басшы жауапкершілікке тартылған. Бұл ретте, Қызылорда облысы бойынша 62 қылмыс тіркелсе, осылардың ішінде 4 басшының жауапкершілігі қаралыпты.
Бүгінде агенттік тарапынан жемқорлықты болдырмауға қарқынды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, «Adaldyq alany» жобасы аясында мемлекеттік органдар қызметінің трансформациясы жүргізілуде. Яғни, ашықтық, жариялылықты қамтамасыз ету үшін түрлі жобалар іске асырылып, соның нәтижесінде, мемлекет пен қоғам арасында диалог алаңы қалыптасқан. Бұл тұрғыда, өңірімізде сервистік әкімдіктер ашылып, мемлекеттік қызметтер алуда қолайлы жағдай ұйымдастырылуда.
Кездесуде Агенттік жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Ырза Тұрсынзада сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен парасатты қоғам қалыптастыруға қоғам болып атсалысуды атап көрсетті.
Кездесуден соң құрметті меймандар аудан орталығындағы азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Open space» форматында жұмыс жасайтын сервистік әкімдіктің қызметімен танысты. Ашықтық қағидаттарға негізделген, мемлекеттік қызметтерді жедел және сапалы көрсету мақсатында мекемелер үйі «Ашық әкімдік» форматында ашылған. Бұл мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерге шоғырландыруды көздейді. Мұндағы сервистік әкімдікте 6 бөлім отырады. Атап айтқанда, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар азаматтық хал актілерін тіркеу, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, аудандық білім және аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары мемлекеттік қызметтерді көрсетіп, оны алу жолдарына байланысты кеңес беруде.
– «Сервистік әкімдіктің» басты мақсаты – қызмет алушыларға қолайлы және кедергісіз жағдайлар жасау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу. Бұл халықтың мемлекеттік органдар жұмысына деген сенімнің артуы мен екеуінің арасындағы байланысты нығайта түсіп, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық көріністерінің түбегейлі жойылуына мүмкіндік береді, – деді Ғанижан Асанұлы.
Сапар барысында меймандар Нағи Ілиясов ауылына барып, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты.
Е.БЕРКІНБАЕВ