Nur Otan өңірлік конференциялардың кестесін жариялады
«Nur Otan» партиясы өңірлік филиалдарында өтетін конференциялардың кестесін жариялады. Оның барысында барлық деңгейдегі мәслихаттарға партиялық тізімдер және әр өңірден Мәжіліске партиялық тізімге кандидаттар анықталатын болады.
Сонымен, конференция 10 қарашада – Шымкент қаласында, 11 қарашада – Алматы қаласында, 12 қарашада – Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Алматы, Қарағанды және Қызылорда облыстарында – 16 қарашада, ал Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 17 қарашада өтпек.
Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, пандемия жағдайына байланысты партиялық конференциялар барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылады. Бұл ретте партияның ресми аккаунттарында барлық өңірлік конференциялардың онлайн-көрсетілімі қамтамасыз етіледі.
Конференцияларда шешім қатысушы делегаттардың көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыс беру «Праймериз» ақпараттық жүйесінде өтетін пікірсайыстардың қорытындылары бойынша дауыс беруді қоспағанда, делегаттың қол немесе мандатын көтеруі арқылы өткізіледі.
Конференция барысында қатысушылар арасында пікірсайыс ұйымдастырылады. Бірінші раундта үміткерлер аудан немесе қаланың мәселелерін шешуге қатысты өздерінің көзқарастарын ұсынуы керек. Екінші раунд – «сұрақ-жауап» форматындағы пікірталас сессиясы.
Партияның Орталық аппараты бекіткен филиал конференцияларының әрбір кезеңін регламенттейтін нұсқаулыққа сәйкес, Мәжіліске үміткерлер, республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда, екі рет – аудандық, қалалық және облыстық конференцияларда пікірсайыс өткізеді.
Парламент төменгі палатасының қызметтегі депутаттары бірден облыстық, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалардағы конференциялардың пікірсайыстарына қатыса алады.
Пікірсайыс қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинаған кандидат Мәжілістің партиялық тізіміне пікірсайысқа қатысушы ретінде облыстық конференцияға ұсынылады. Әрбір аудан, қала Мәжілістің партиялық тізіміне пікірсайысқа бір қатысушыны ұсынады. Облыс орталығы Мәжілістің партиялық тізіміндегі өңірдің өкілдік квотасына тең санда пікірсайысқа қатысушыларды ұсынады.
Облыстық мәслихаттарға партиялық тізімдер тиісті конференцияларда, ал Мәжіліске қорытынды тізім «Nur Otan» съезінде бекітіледі.
Айта кетейік, өңірлік конференцияларда үміткерлер арасында пікірсайыстар праймериздің екінші кезеңі аясында өткізіледі.
Партияішілік іріктеудің бірінші кезеңіне 10 мыңға жуық кандидат қатысты. Олардың 37%-ті – әйелдер, 29%-ті – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан кандидаттардың 30%-і ұсынылса, ал 70%-і – өзін-өзі ұсынушылар. Кандидаттардың орташа жасы – 43 жас. Бұл ретте дауыс беруге 662 мыңнан аса партиялық қатысты.
Партияішілік праймериз – Елбасы, «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған партия жұмысын қайта жандандыру бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі.
Бұл туралы толығырақ ақпаратпен primaries.kz сайтынан танысуға болады.