Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірді өркендетуде өрелі іс бар

Өңірді өркендетуде өрелі іс бар

Аймақтың 2023 жылға де­­­йін­­гі даму жоспары бо­йын­­­­­­ша 265 жоба жүзеге асы­­­­ры­­­­лады. Бұл туралы об­­лыс әкімі Гүлшара Әбді­қа­лы­қова «Qazaqs­tan» ұлт­тық арнасының «Apta» бағдарламасына берген сұх­­­­батында айтты. Өңірдің әлеу­меттік-экономикалық да­­­му көрсеткіштерін атап өткен ай­мақ басшысы кей­бір салалар жұмысы панде­мияға байланыс­ты төменде­генін жет­кіз­ді.

– 2011 жылы Қызылорда облысында 11 млн тонна мұнай өндірілсе, былтыр 5,6 млн тонна ғана өндіріліпті. Ал биыл бар болғаны 4,2 млн тонна өндіріледі деп отырмыз. Ашығын айту керек, басқа да көрсеткішіміздің төмендеу қарқыны байқалады. Ол – инвестиция, инвестор тарту мәселесі. Биыл 230 млрд-тай инвестиция тартамыз деп отыр­мыз, бірақ ол өткен жылғыдан төмен. Бұл жерде де обьективті факторлар бар. Былтыр ауқымды республикалық жобалар болды. Мысалы, «Сарыарқа» газ құбыры, екі газ станциясы, сонымен бірге, күн жылу электр станциясы салынды. Енді біз осы жыл мен келер жыл үшін қатар жұмыс істеудеміз. Пандемия кезінде, қарым-қатынас азайып, тіпті, бір облыстан екінші облысқа қатынау қиын болған кезде көптеген мәселелерді өз өңірімізде, облыста шешу керек екенін түсіндік. Ауқымды талдау жасадық, экономиканың 24 бағыттағы саласы бойынша зерттелді, әлеуметтік жағдай сарапталды. Зерттеулер бойынша, ең қажет деген азық-түліктің 70-і, азық-түлік емес тауарлардың 35-і сырттан әкелінеді екен. Осы себепті, ойлана келе, өзіміздің экономикалық картамызды жасадық. Бұған «Атамекен» палатасы да қатысты. Осы жергілікті жердегі республикалық палатамен бірге пилоттық жоба ретінде қарадық. Сонымен, қазіргі кезде 265 жобаны дайындап қойдық. Бұл жобалар 271 млрд теңге инвестиция алып келеді деп отырмыз, – деді облыс әкімі Гүлшара Наушақызы.

Одан бөлек, аймақ басшысы биыл өңірде су тапшылығы орын алса да, диқандар зор жетістікке жеткенін айтты. Алдымен, өз сөзінде өңір басшысы су тапшылығының орын алу себебіне тоқталды. Яғни, Қырғызстандағы «Тоқтағұл» су қоймасында өткен жылы 18 млрд текше метр су болса, биыл 12 млрд текше метр су болған. Сол секілді Өзбекстан арқылы келетін Шардарада суы да өткен жылғыдан 1,1 млрд-қа аз. Осының салдарынан сырбойылық диқандар су тапшылығын сезініп, біраз қиындықтарға тап болды. Алайда, бірлесе жұмыс жасаудың арқасында бұл қиындықтар еңсерілген. Осы тұста, облыс әкімі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне алғысын білдірді. Нәтижесінде, биыл диқандар рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Яғни, былтыр гектарына 60,3 центнерден өнім алынса, биыл гектарына 61,8 центнерден келді. Жалпы, 551 мың тонна күріш жиналып, сырбойылық диқандардың мерейі үстем болды.

Сұхбат барысында аймақ басшысы егісті әртараптандыру және суды аз қажет ететін дақылдарды егу мәселесін қозғады.

– Егісті әртараптандыру мәселесі бар. Мысалы, күрішті алсақ, 1 гектарына 33 мың текше метр су қажет етеді екен. Ал тура сондай суды 10 мың гектар қызанаққа жұмсауға болады. Күріштің 1 гектарынан 650 мың теңге кіріс алынады, ал қызанақтан 25 млн-ға дейін кіріс алуға болады. Мұны мал азығы болатын жоңышқамен де, тамаққа қажетті басқа да дақылдармен салыстыруға болады. Сондықтан енді кәсіпкерлермен, егіншілермен бірге бұл мәселені қарап, тереңірек ойланамыз, зерттейміз. Күріштің егістік алқабының 80-85 мың гектарын сақтап қалып, қалғанына басқа дақылдар орналастыру қажет, – деді Гүлшара Наушақызы.

Сондай-ақ, өңір басшысы облыстағы өн­діріске қатысты сауалға жауап берді. Атап айтқанда, шыны зауытының іске асырылуын, Шалқия кен байыту жерінде атқарылатын жұмыстарды атап көрсетті. Жалпы, сұхбатта облыс әкімі өңірді өркендетуге қатысты жұ­мыс­тарды айтты.


«ТТ» ақпарат
27 қазан 2020 ж. 319 0