Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жауынгер жолы» фильмі көрсетілді

«Жауынгер жолы» фильмі көрсетілді

Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдығына орай «Qyzylorda» телеарнасында «Жауынгер жолы» фильмі көрсетілді. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында түсірілген фильмде даңқты батырдың өмір жолы мен ерлік шежіресі баяндалған. Көрермен сұранысына сәйкес жергілікті телеарна аталған туындыны екі күн қатарынан, яғни 22, 23 тамыз күндері эфирден ұсынды.

Облысқа белгілі журналист, «Жауынгер жолы» фильмінің авторы Айсұлу Қасымова мен режисер Тоқтар Бұхарбайұлының айтуынша, туынды қысқа уақытта түсірілген. Себебі майдангер туралы мәліметтер толыққанды болған және батырдың ұлы Ринат Ілиясов тың мәліметтерді ұсынған.

– Өздеріңіз білетіндей, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде мамыр айында «Жауынгер жолы» атты мақала жарияланды. Аталған мақала осы фильм желісі негізде жазылған болатын. Туынды екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Н.Ілиясов бабамыздың балалық шағы мен соғыстағы ерлігі баяндалса, екінші бөлімде соғыстан кейінгі еңбек жолы, өңірдің дамуына қосқан үлесі қамтылды. Тарихи, нақты деректерге сүйендік, – дейді фильм авторы.

Атап өту керек, фильмде қоғам қайраткерлерімен қатар батырдың ұлы Ринат Ілиясов әкесі туралы естеліктер айтқан. Ол батырдың ұлы болғанын мақтаныш санайтынын және оның есімі мен ерлігі ұмытылмайтынын перзенті ретінде сеніммен жеткізген.

– Әкем өте таза, әділ, адал кісі еді. Ол кісінің жұмысқа берілгенін, жұмысты бірінші орынға қоятынын жұртшылық жақсы біледі. Мен әкеме жазықсыз жабылған жала жөнінде өз пікірімді жария еттім. Архив құжаттарына сүйеніп, әкемнің таза адам болғанын дәлелдедім. Бұл тарих үшін, қоғам үшін аса қажетті деректер, – дейді бізбен әңгімесінде Ринат Нағиұлы.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

25 тамыз 2020 ж. 733 0