23 азамат үміткер ретінде тіркелді
Партияішілік іріктеуге үміткер ретінде аудан бойынша 23 азамат тіркелді. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып мәлімдеді.
Тіркелген үміткерлердің 22 пайызы әйелдер болса, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 26 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, 12 азамат білім саласынан (52,1 %), 5 азамат шағын және орта кәсіп өкілдері (22 %), 2 азамат мәдениет саласының қызметкерлері (8,7 %), 1 заңгер, 1 қызмет көрсету саласының өкілі, 1 БАҚ өкілі, 1 ҮЕҰ өкілі өтініш беріп, праймеризге қатысуға ынталы болып отыр. Бүгінде БПҰ ұйымдары белсенді, ауданның дамуына үлес қосуға ынталы азаматтарды праймеризге қатысуға ұсынуда.
– «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасы, аудан әкімі праймеризге байланысты сырдариялықтарға Үндеу жасады. Аталған Үндеуде партияішілік іріктеудің маңыздылығы кеңінен айтылған. Бұл демократия мен азаматтық қоғамды дамытуға зор серпін беретін нағыз патриоттарды қарапайым халық арасынан табуды мақсат етіп отырған ізгі қадам. Бүгінге дейін жүргізілген ақпараттық-насихаттық жұмыстардың нәтижесінде іріктеуге аудан жұртшылығы қызығушылық танытып отыр. Үміткерлерге қойылатын талаптар жетекші партияның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланды. Жобаға қатысты сұрақтар бойынша аудандық партия филиалы жауап беруге дайын, – дейді Еркебұлан Төлепбергенұлы.
«ТТ» ақпарат