Алексей Цой: Қазақстанда пневмониямен ауыратындар саны 3,3 есеге артты
2020 жылдың 1 қаңтарынан 15 шілдесіне дейін Қазақстанда пневмониямен ауырған 234 187 адам тіркелді. Орталық коммуникациялар қызметің алаңында өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осындай мәліметтер келтірді. Өткен жылмен салыстырғанда пневмониямен ауыратын науқастар саны 3,3 есе (70 926 жағдай) артқан.
-Бұл көрсеткішке пневмонияның барлық түрлерімен ауыратындар енгізілді: стафилокок, стрептококк, пневмококк, клебсиела және басқа да көптеген бактериялардан, паразиттерден туындайтын бактериялық пневмониямен ауырғандар (барлығы 45 824 жағдай тіркелген); қоздырғышы нақтыланған вирустардан туындаған пневмониялар (аденовирусты, риновирусты пневмониялар, сондай-ақ парагрипп, метапневмовирустар және басқа да жақсы зерттелген вирустардан туындаған), қоздырғышы нақтыланбаған вирустық пневмониялар (пневмонияның қоздырғышы анықталмаған, бұл ретте ковид тәрізді пневмониялар да жоққа шығарылмайды), - деп атап өтті А.Цой.
Министрдің айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан 15 шілдесіне дейін пневмониядан 3 327 адам көз жұмған. Ведомство басшысы бірінші жартыжылдықта пневмониядан болған өлім-жітім деңгейі өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі деңгейде (2019 жылдың сәйкес мерзімінде 1 896 жағдай тіркелген) сақталды, бірақ маусым айының соңында өсе бастаған.
-Қатаң шектеу шараларын енгізгелі 12 күн өтті және инфекцияның таралуының 14 күндік инкубациялық кезеңі тізбегін тоқтату үшін бұл жеткіліксіз. Осы кезеңдегі барлық өлім-жітім жағдайлары - бұл карантин енгізілгенге дейінгі кезеңде тіркелген науқастар, - деп толықтырды министр.
А.Цой COVID-19 жағдайларын тіркеудің жаңа тәсілін қолдану, ауруы ықтимал науқастарды жіктеуге және статистикалық тәсілдердің ашықтығын қамтамасыз етуге арналғанын атап өтті.
-Біз аурулардың халықаралық жіктемесіне сәйкес, COVID-19 байланысты ауруларды кодтау кезінде ДДСҰ ұсыныстарын толық қолдануға дайынбыз. Сонымен қатар, ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының сарапшыларымен техникалық кеңес беру барысында Германиядағы Роберт Кох институтына ДДСҰ зертханасында референттік зерттеулер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, - деді еліміздің бас дәрігері.