Қазақстан арнасынан кеткен Нұрлан Қоянбаев енді "Түнгі студияны" жүргізбейтін болды
Белгілі әзілкеш Нұрлан Қоянбаев енді "Түнгі студия" бағдарламасын жүргізбейтін болды деп хабарлайды tengrinews.kz-ке сілтеме жасаған NUR.KZ. Бұл туралы мәліметті ұлттық арнаның қазіргі басшысы Ерлан Қарин де растап отыр.
«Біз телеарнадағы жаңа маусымға дайындық үстіндеміз. Бұйыртса наурыздың 1-інен бастап, көрермендерге жаңа тележобалар жол тартпақ. Айтапағым, бұл асығыс қабылданған шешім емес. Нұрлан Қоянбаев ендігі уақытын жеке шығармашылығын жетілдіруге арнамақ. Негізі бұл мәселе 2017 жылдың жаз айларында да көтерілген болатын. Нұрланның өзі де телеарнадан кетпек ойы бар екенін жеткізген еді. Бірақ, біз оған жобада жыл соңына дейін қалуын өтінген едік. Нұрлан өз сөзінде тұрды, онысына рахмет»,-дейді арна басшысы Ерлан Қарин.
Сондай-ақ, ол Қоянбаевтың еліміздегі жаңа форматтағы бағдарлама жасай алғанын алға тартты.
«Нұрлан телеарна кеңістігінде жаңа форматты бағдарлама жасай алды. Оның жаңа стандарттарды енгізудегі рөлін атап өткен жөн. Осы уақыт аралығында «Түнгі студия» өз аудиториясы бар, ауқымды жобаға айнала алды. Біз бағдарламаның бірнеше пилоттық жобасын әзірлеп, оны сынақтан өткіздік, бізге өте қатты ұнады. Меніңше көрермендерге де ұнайды деп сенеміз», - деп түсіндірді ұлттық арна басшысы.
Сонымен бірге, танымал әзілкештің QAZAQSTAN арнасының бас продюсері қызметінен кеткені де белгілі болды. Ал жаңа форматтағы «Түнгі студияны» кім жүргізетіні әзірге белгісіз.
Желі қолданушыларының аталған ақпаратқа қатысты пікірі де екі жарылған. Бірі «жолы болсын, Урганттың көшірмесі» десе, енді бірі «Түнгі студия Нұрлансыз қызық емес» депген пікір қалдырған.