МҰНАЙ КОМПАНИЯСЫНДАҒЫ ДАУ НЕДЕН ШЫҚТЫ?
«Сибу Қызылорда» ЖШС инженерлік бұрғылау компаниясы жұмысшыларының арызынан кейін кадр бөлімінің басшысы Әлия Егембердиева жұмыстан шеттетілді. Оған Қылмыстық Кодекстің екі бабы бойынша айып тағылып отыр.
Өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев жұмысшылардың полицияға топтасып арызданғанын жеткізді. Жұмысшылар компанияда талай жылдан бері кадр бөлімін басқарған Әлия Егембердиеваның вахталық жұмысқа жіберу үшін өздерінен әртүрлі көлемде ақша талап еткенін көрсеткен.
– Егембердиеваға қатысты алаяқтық жасады және заңсыз сыйақы алды деген айып тағылды. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Н.Анарбаев.
Департамент бастығының орынбасары әлеуметтік желілердегі тергеушілердің қысым көрсетуі жайындағы жазбалар шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Сибу Қызылорда» серіктестігінің 46 жұмысшысы облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасына да жүгінген. Онда да негізгі уәж – кадр бөлімі басшысының заңға қайшы тірлігі.
– Сонымен қатар еңбек демалысы кезінде берілетін ақының кешіктіріліп жатқанын, вахталық жұмысқа жіберу кестесінің жасалмағанын алға тартты. Бұл мәселелер реттелді, – деді басқарма басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева.
Брифингте компания басшысы Ван Дося және осы компания жұмысшыларының ас-ауқатына жауапты «АлтайТоргСервис» ЖШС-нің бөлім басшысы Берікбол Жеткерген кәсіпорында қазақстандықтар мен шетелдіктер тұтынатын тамақ мәзірі екі түрлі болғанымен, бағасы бірдей екенін жеткізді. Мұнай компаниясында 459 адам еңбек етсе, соның 436-сы – отандасымыз, қалғаны – шет ел азаматтары.
Назерке САНИЯЗОВА.