Бес медициналық анықтаманың күші жойылады

Қазақстанда кейбір медициналық анықтамалардың күші жойылады, деп хабарлайды Today.kz. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев мәлімдеді.
"2019 жылы мекен-жай анықтамасы жойылды. Осы мысалдан шабыттанған біздің команда бес медициналық анықтаманы толығымен жою туралы шешім қабылдады: алдын-ала міндетті медициналық тексеруден өту туралы куәлік, көлік жүргізу құқығына анықтама, психоневрологиялық ұйымнан анықтама, наркологиялық ұйымының анықтамасы, туберкулез ұйымынан анықтама", - деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында.
Әбішев сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі көрсететін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сонымен, 2020 жылы келесі қызметтер электронды форматқа көшіріледі:
- 086 анықтама беру;
- стационарлардың медициналық құжаттарынан үзінділер беру;
- пациенттерге стационарға жатқызуға жолдама беру;
- медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударылған жарналар мен аударымдар сомасы туралы ақпарат беру;
- дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі туралы қорытынды беру.
"Жақында жоғарыда аталған қызметтердің барлығы электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-сайтында қол жетімді болады. Мемлекеттік қызметке жүгінген кез-келген азамат egov.kz порталында медициналық анықтама азаматтың рұқсатымен автоматты түрде берілетін болады", - деп толықтырды вице-министр.