Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Біз білетін Бәкір ағай

Біз білетін Бәкір ағай

Біз Бәкір ағайдың көзін көрдік, ақыл-кеңесін тыңдадық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей ол кісі тұңғыш кітабыма ақжол тілеп, батасын берген еді. Бәкір аға қарымды қаламгер, азамат ретінде соңынан мол мұра қалдырған, ұрпақ қамын ойлай білген парасатты жан.

Ағамыз сан қырлы талант иесі еді. Оның қаламынан жүздеген мақала, көптеген әңгіме жазылып, оқырмандарының ыстық ықыласына бөленді. Ақынның «Отты жылдар» кітабындағы «Боздақтар» өлеңі Тереңөзек ауданында орта мектепті бірінші бітірушілерге арналған.

«Бәріміз бір класта отырғанбыз,
Он сегіз, он тоғызды толтырғанбыз.
Өмірге жолдама алып, таяу күнде,
«Кім қайда барады» деп толқығанбыз» деп басталады өлең. Алайда мектеп бітіруші жастардың арман-мақсаттары Ұлы Отан соғысына байланысты кейінге шегеріледі. Осы сәттегі көңіл-күйді ақын ағамыз былайша жырлайды:


Кенеттен бұлт қаптады, көк аспанды,
Армандар ойға алған «толас» қалды.
Созылған талай жылға қанды майдан,
Сол күні таң алдында басталған-ды.
Ойымыз болды лезде астан-кестен,
Білмедік не боларын тандық естен.
Аттану керек болды ел қорғауға,
Ерге сын болмайды ма қалу «көштен».

Бәкір аға өзі де мектеп бітірісімен он сегіз жасында қолына қару алып, сұрапыл соғысқа аттанады. Екі жыл оқ пен оттың ортасында жүріп, ауыр жараланып, елге жанын сүйреп оралады. Ал жоғарыдағы өлеңнің «Боздақтар» аталуы көпшілік кейіпкерлері Отан үшін опат болып, жат жерден топырақ бұйырды. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ерлердің рухына қойылған ескерткіш секілді бұл өлең. Өйткені ақын жырын:

«Білгендер дұға оқиық боздақтарға,
Өлшеулі өмірді адам созбақ бар ма!
Өтсе де сонан бері талай жылдар,
Жыр жаздым жүрегімді қозғап зорға» деп түйіндейді.

Соғыс жылдары тыл еңбеккерлері «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деп қажырлы еңбек етті. Ауданда 39 колхоз болса, оның ең озаты, іскер өндіріс жетекшісі Оспан Мәлібаев басқаратын «Қызылдихан» колхозы екен. Соғыс ауыртпалығына төтеп беріп, азаматтарын майданға лайықты шығарып салуға да аса мән береді екен Оспан басқарма. Осы орайда майдангер Б. Өтеповтің туған жиені, облысқа, ауданға белгілі дәрігер, марқұм Астрахан Қожақов айтқан мына бір естелік еске оралады.

Ауылдан ер-азаматтар топ-тобымен майданға аттанып жатады. Осындай әрбір топты төраға үйіне шақырып, қой сойып, құрметтеп колхоз активімен бірге шығарып салады екен. Кезекті бір шығарып салу қарсаңында басқарма үйіндегі апамыз қарбаласта қойдың басының тісін қағып, жағын айыруды ұмытып, тұтастай қазанға салып жібереді. Сосын есіне түсіп, түскі үзіліске келген Осекеңе әлгі жайды айтады ғой.
– Саспа бәйбіше, бір амалын табармыз, – дейді отағасы.

Ортаға етпен бірге бас келген кезде басқарма:

– Соғыстан бастарың аман келсін деп ырымдап, әдейі басты бұздырғаным жоқ, – деп айтады.

Құдайның құдіреті сол шақыруда соғысқа аттанған 14 жігіттің 13-і елге оралып, 1-уі ғана хабарсыз кетеді. Сол елге оралғандардың ішінде ауданға белгілі азамат Мараттың әкесі Жүсіпәлі Омаров, Есен ағайдың әкесі Садық Райымов және тағы басқалар болған. «Қазақтың ырымында қасиет бар» деп бекерге айтылмаған ғой.

Бәкір аға соғыстан ауыр жарақатпен келіп, Оспан Мәлібаевтың қарамағында жұмыс істеді. Комсомол, партия ұйымдарын басқарды. Соғыстан кейін аядай ауылдан екі бірдей Социалистік Еңбек Ерінің шығуына үлес қосты. Дүйсенбай Керейтбаев күріштен, Ибадулла Ақниязов бидайдан мол өнім алып, жоғарғы атаққа ие болды. И.Ақниязов Социалистік Еңбек Ері атағын алғанда небәрі 20 жаста екен. Жалынды жастың ерен еңбегі лайықты бағаланған. Олардың қатарына өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шенінде қызылдихандық үшінші Социалистік Еңбек Ері Қасым Бөдеев қосылды. Колхоз басшыларының іскерлігінің арқасында соғыстан кейінгі жылы ауылға электр жарығы келді. Соның арқасында «Қызылдихан» колхозында бидай тартатын диірмен, күріш ақтайтын цех пайлануға берілді. Сөйтіп колхозшы әйелдердің диірмен тарту, күріш тиеуден қолдары босады. Бұл колхозшылардың соғыстан кейінгі алғашқы қуаныштарының бірі еді. Бұл жұмыстарды іске асыруда кәріс Николой Шин, темір ұстасы Молдабек Асықбаев, Қожақ Сейтмұратов т.б белсене араласқан.

Қарымды қаламгер Б.Өтепов колхозда идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыра жүріп, қолынан қаламын түсірмеген. Ол жалынды журналистік жолын майданда «Отан үшін», «Қызылжұлдыз» газеттеріне үзбей мақала жазумен бастаған. Бейбіт өмірде аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде өзекті мақалаларымен көрінген. Соның нәтижесінде аудандық «Еңбек Туы» газетінде еңбек жолын жалғастырған. Ал газет өз кезегінде «Халықтың көзі һәм құлағы»

Ақын журналист азамат Бәкір ағамыздың соңынан қалдырған мұрасы – тасқа басылған тарих – үш кітабы жарық көрді. Олар «Отты жылдар», «Жауынгер ерлігі» және «Көңіл сыры» деп аталады. Бұл шығармалар өскелең ұрпаққа өнеге боларлық ғибратқа толы.

Осыдан 5-6 жыл бұрын тереңөзектік қоғам қайраткері Әбду Найзабаевқа кенттің «Жаңа қоныстану аймағынан» көше берілді. Өскелең ұрпақ аға ұрпақтың кім болғанын, еліне қандай елеулі еңбек сіңіргенін білуге тиіс. Өкінішке орай қоғам қайраткерінің бір-екі ғана қызметі аталды. Толық мағлұмат болмады. Ал қаламгер Бәкір Өтеповтің «Отты жылдар» кітабының 101-ші бетіндегі «Алғашқы қарлығаштар» деген мақалада Әбду Найзабаев туралы кең мағлұмат беріледі. Найзабайдың Әбдуі 1891 жылы бұрыңғы Тереңөзек ауданы Қызылту ауылдық кеңесінің аумағында дүниеге келген. XIX ғасырдың соңында теміржол салынуына байланысты Тереңөзекке орыс жұмысшылары келе бастайды. Олармен араласқан жергілікті жастардың орыс тілін білуге деген құштарлығы артады. Жастар орыс жұмысшыларының көмегімен Перовскідегі бастауыш орыс мектебіне оқуға түсуге мүмкіндік алады. Солардың бірі – Әбду Найзабаев кездескен қиыншылықтарға қарамастан бастауыш орыс мектебін бітіріп шықты. Мұнан кейін ол мұғалімдік қызметке жолдама алды. Ә.Найзабаев 1919 жылы коммунистік партия қатарына өтті. Алғашқы жылдары мұғалім болып істеген ол кейін болыстық атқару комитетінің секретарлығына жоғарылатылады. 1926 жылдың август айынан бастап Тереңөзек болыстық совет атқару комитетінің председателі болып сайланады. Ол осы жылы Тереңөзек орталығынан жаңа құрылыстар салуды қолға алды. Ол кезде мемлекеттік мекемелер үшін дұрыс үй жоқ болған екен. Бұл жұмысқа ауыл ұсталары Көшкінбай Телғозиев, Мұса Байтілеуовты қатыстырады. Өмірінің соңғы жылдары Әбду уездік милиция қызметіне ауыстырылады. Бұл қызметте жүріп, ол мемлекеттік тәртіпті нығайту жолында көп жұмыстар жүргізеді. Қаламгер Б.Өтепов осы мақаласында «Найзабаев Әбду Қызылорда уезінің жауапты қызметкерлерінің тізімінде есептелінеді. Ол 1919 жылдан БКП мүшесі, облыстық атқару комитетінің председателі қызметін атқарған» деп облыстық партия архиві құжаттарына сүйеніп жазады. Бәкең қандай мақала жазбасын оны нақты деректерге жүгініп, оқыған адамды оқиға ортасында жүргендей сезіндіреді. Қарымды қаламгер бір ғана Әбду Найзабаевпен тоқтап қалмайды. Кезінде елге елеулі еңбек сіңіріп, халық қамын ойлаған Тереңөзектен шыққан қоғам қайраткерлері туралы да көп жазады. Мұны Бәкеңнің соңына қалдырған бай мұрасы десек артық айтпаймыз. Б. Өтеповтың «Отты жылдар» кітабының 99-шы бетінде «Баймаханның Асқары» деген мақала бар. Онда Қызылорда республика астанасы болып тұрғанда белгілі ақын Асқар Тоқмағамбетовтың айтуынша осы қалада 8 Асқар атты азаматтың тұрғаны айтылады. Олардың бәрі де белгілі азаматтар екен. Қызылордалық Асқар Закарин ҚазақССР-ның оқу ағарту министрі болған. Ал енді мақаладағы Баймаханның Асқары 1902 жылы Тереңөзек қыстағында туған. Қатардағы милиционерден республиканың ірі заң қызметкеріне дейін көтерілген. 1919 жылдан ВЛКСМ мүшесі. 1920 жылы Түркістан комсомолының І съезіне қатысады. Тереңөзектен съезге делегат болып барған Туғанбаев Болғанбай ол кездегі оқиғаға байланысты былай депті: «Біз Қызылорда қаласынан Түркістан өлкесі комсомолының І съезіне қатысуға аттанарда қаншама жастар үлкен қуанышпен шығарып салды. Туған жерден оңтүстікке мақтаныш сезімімен аттандық. Біздің қатарымызда Баймаханның Асқары болды. Съезд 3 күнге созылды, оған өлкелік ұйымның басшылары қатысты. Съезде Асқар Баймаханов сөйледі. Ол жас кезінен орысша сауатты, сөзге жүйрік, қатарынан пысық болып өсті. Съезде сөйлеген сөзі – ауыл жастарының жайы, олардың сауатын ашу, ұлт кадрларын өсіріп, жетілдіруге арналды.

Осы орайда Тереңөзек жерінен көптеген кадрлар өсіп жетілгенін атап айтуымыз керек. Ресей патшалығының кезінде Перовскідегі орыс-қазақ түземдік мектепте білім алған Ермахан Өтетілеуов 1927-1928 жылдары Жетісу өлкесінде жер реформасын жүзеге асыруға қатысады. Серікбай Бедебеков уезд бастығына тілмаш, кейіннен белгілі су маманы болды. Жұмабай Медеубаев ауылнай, болыс сайлауларын өткізуді басқарған. Асқар Баймаханов – Қызылорда астана болып тұрғанда Қаз ССР-ның іскі істер халық комиссарының орынбасары, Е.Табынбаев орталық банктың төрағасы болған. Ал С.Оспанов Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық Совет атқару комитетінің төрағасы болды. Әби Сарқыншақов көп жыл Павлодар теміржолын басқарған. Бұл өз заманының жылнамашысы, жалынды журналист Бәкір Өтеповтың «Отты жылдар» атты кітабынан алып отырған қысқаша ғана деректеріміз. Бәкең ауданнан шыққан атақты азаматтардың әрқайсысына жеке тоқталып, олардың өміржолын, елге жасаған қызметін кеңінен баяндайды. Оларды өскелең ұрпаққа үлгі етеді.

Сан қырлы талант иесі ағамыз әрбір мақаласын нақты дерекке құрып, оның қай архивтен алынғанын бере отырып, шебер тілмен баяндайды. Әрбір мақаласы оқырманды бей-жай қалдырмайды. Қаламгер Бәкір Өтеповтың шығармалары өскелең ұрпаққа үрдісті үлгі. Соңына бай мұра қалдырған ағамыздың ұл-қыздары да, немерелері де елге белгілі азаматтар. «Тектіден текті туады» деп қазақ осындай да айтса керек. «Жақсының аты өлмейді» дегендей Бәкір ағаның есімі оның ұрпақтарымен ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
ардагер журналист,
«Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері
02 шілде 2024 ж. 502 0