Мектепке алғашқы қадам

Бүгін сөмке арқалап, білім алуға асыққан балдырғандардың сыныбында алғашқы сабақ өтілді. «Менің Отаным – Қазақстан» атты тақырыпта өрбіген сабақ оқушылардың патроиттық әнімен басталды. Балалығы басылып, оқулыққа қызыға қарап отырған жас өрендер жүректі елжіретеді. Әр бала өз үйінің еркесі. Ал көпшілік ортада өзін-өзі ұстауы мектепте қалыптасады. Сондай-ақ баланың «тұлға» ретінде дамуына ерекше үлес қосатын ол сынып жетекшісі – Сәуле Таюпова. Мерекелік көңіл күймен әр оқушының сабаққа белсене араласуына мүмкіндік беріп отырған жанашыр ұстаз. Бүлдіршіннен «оқушыға» айналған балалар кезек-кезегімен өлең жолдарын мүдірмей айтып шықты. Бұл көрініс жас өрендердің білім алуына деген құштарлығының айқын дәлелі.
Сонымен қатар оқушылардың патриоттық сезімін ояту мақсатында мемлекеттік Рәміздермен таныстыру өтіп, сұрақ-жауап айдары өтті. Балалардың белсенді қатысуы ұстаздың еңбегі екені сөзсіз. Оқушылардың алғашқы сабағына қатысып, бүлдіршіндерді құттықтаған мектеп директоры Света Сақтапова ақ тілегін білдірді.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ