Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әмір Темір және шаштараз

Әмір Темір және шаштараз


Чжу Ди сыртқы қатынаста қуатты Темір империясына қарсы келді. Қытай императоры Темірге елші жіберіп, Қытайға тәуелділігін мойындап, салық төлеп тұруын, Ан елшіні босатуын талап етті. Императордың бұл оғаш қылығы Азияда өзіне тең қарсылас көрмеген Темірдің ызасын келтірді. Темір Қытай императорын тау мен шөлге тығылса да суырып аламын деп ақырды. Ал императорға жауап ретінде елшілердің алдыңғысын да, соңғысын да зынданға тастауға бұйрды. Темір қытайлықтарды өзіне тең қарсылас деп мойындаған емес. Осының артынша 1404 жылы қарашада Қытайға жорыққа аттанды. Бірақ 1405 жылдың 18 ақпанында Отырарда құпия жағдайда қаза тапты. Қытай билеушісі бұлай қоқаңдағанының арты үлкен бақытсыздыққа ұшырайтынын ұққан сияқты. Арты үлкен апатқа айналарын ойлаған император Отырарға өз жансызын жіберді. Патша сарайына мысық табандап кірген жансыз атақты Әмір Темірдің шашын алу кезінде улы ұстараны қолданып, соның арқасында Қытай жұрты кезекті қырғыннан аман қалды. Патша өзі жіберген жансызға толық сенбеді. Сол себепті өзіне тірек іздеуге жан ұшыра кірісті.
Көшпенділердің Ұлы ханы Шыңғыстан қашқан Хорезмшахтың Каспий теңізіндегі қайдағы бір қаңсыған аралда бір жұтым суға зар болып өлгенін, Жәлаладдиннің Үнді мен Араб асып, Кавказ тауларында өлім құшқанын жақсы білді. Ол Темірді осындай билеуші санап және оған қарсы тұрған өзін мақтан тұтты. Бірақ құрлықта жеңілер болса Темірдің қылышынан қашып құтылмайтын. Ал Темірдің теңіз жағынан әлсіз екені белгілі. Сол себепті императорға өз одақтасын құрлықтан емес, қиырдағы арал патшалықтардан іздеуге тура келді.
Ақшаны еселеп құюдың арқасында Сучжоуда 62 кемеден тұратын флотилия жасақталды. Бұл кемелерге қытайлық тауарлармен қатар 27 800 жауынгер отырды. Флоттың басында тегі арабтық адмирал Чжэн Хэ тұрды. Оның басшылығымен флот Қытай жағалауымен оңтүстікке қарай жүзе отырып, Суматра мен Ява порттарына жетті. Екі жыл бойы саяхатта болған Чжэн Хэнің флоты көп табыспен қатар тұтқынға түскен патша Палембангамен қайтып оралды. 1408 жылы Чжэн Хэ тағы да Цейлон патшалығына аттанды. Оның басшылығымен Цейлон патшасы мен оның өзге де басшылары тұтқындалып, Қытай императорына тәуелділігін мойындады. Бұл патшалық 1457 жылға дейін Қытайға салық төлеп тұрды. Чжэн Хэ оңтүстік теңіз елдеріне: Малаккаға, Бенгалияға, Парсы шығанағы, Оңтүстік Арабия, Шығыс Африкаға 7 әскери жорық жасады. 20-ға жуық патшалық Қытайға тәуелділігін мойындады. Олар өз порттарын қытайлық саудагерлер үшін ашуға мәжбүр болды. Жағалауларда қытай колониялары пайда болды. Осылайша Қытай императоры өзінің сүйенер тіректерін тек құрлықтан емес, теңізден де тапты. Миндік сарайға жаулап алынған теңіз патшалықтарынан бағалы сыйлықтар, асыл тастар мен түрлі маталар ағылып келіп жатты.
Осылайша Чжу Ди императордың оғаш қылығынан қытайлар теңізде жүзу ісінде бір саты алға жылжыды. Бірақ бұл кезде қару-жарағын асынып, отты қару ұстаған Еуропа рыцарлары Шығыс елдеріне жақындап қалған еді.
Рысбек РАМАЗАНҰЛЫ,
тарихшы, Әлем халықтары Жазушылары одағының мүшесі
22 ақпан 2019 ж. 1 453 0