Бүгін – Ұлт Көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл
Бүгін – қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің символына айналған ұлы тұлға, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның туған күні, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы. Ол саналы ғұмырын ұлттық саяси бостандық пен дербестікке арнаған, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым ретінде тарихта қалды.
Әлихан Бөкейхан 1866 жылы бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезінде дүниеге келген. Оның арғы атасы атақты Көкжал Барақ пен соңғы хандардың бірі Бөкей ханнан бастау алатын текті төре тұқымынан екені белгілі. Жоғары білімді Санкт-Петербург орман институтының экономика факультетінде алып, кейіннен Омбы техникалық училищесінде математикадан дәріс берген ол жастайынан елдің жер жағдайы мен шаруашылығын зерттеуге ден қойды. Ф.А. Щербина экспедициясының құрамында болып, қазақ даласының әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігін терең зерделеді.
Ғалым ретінде Әлихан Бөкейхан Ресейдің көрнекті экономистерімен бірлесе отырып, қазақ өлкесінің географиялық және тарихи сипаттамасын жазуға үлкен үлес қосты. Ол қазақ халқының дүниетанымы мен ежелгі мәдениетінің озық тұстарын асқақтата жазып, ұлы Абайды алғаш рет орыс оқырмандарына таныстыру арқылы әдебиетіміздің деңгейін бағамдап берді. 1905 жылы І Мемлекеттік Думаға депутат болып сайлануы оның саяси сахнадағы белсенді кезеңінің бастауы болды. Патша өкіметінің отаршылдық саясатын батыл сынағаны үшін Самараға жер аударылса да, ол жерде тұрып «Қазақ» газетіне «Қыр баласы» деген атпен елдік мәселелерді көтерген мақалаларын жариялап тұрды.
Ақпан төңкерісінен кейінгі оңтайлы саяси ахуалды пайдаланған Әлихан Бөкейхан 1917 жылы жалпықазақтық сиездерді ұйымдастырып, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметін құруға қол жеткізді. Кеңес өкіметі орнаған соң да ол саяси қысымдарға қарамастан, қазақ зиялыларымен бірге халықтың сауатын ашу, ғылым мен аударма ісін дамыту жолында қажырлы еңбек етті. Алайда тоталитарлық жүйенің қанды шеңгелі оны жайына қалдырмай, 1937 жылдың нәубетінде аяулы тұлғамызды мәңгілікке саптан шығарды. Бүгінде Әлихан Бөкейхан есімі тәуелсіздік жолындағы қажымас қайраттың үлгісі ретінде ұрпақ жадында жаңғырып келеді.










