Қазақ байларының ағартушылық ісі және ауыл мектептері

Ғасыр басына дейінгі кезеңде Жәңгір хан Хан Ордасында алғашқы мектеп ашса, Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларына арнап зайырлы мектептер жүйесін қалыптастырды. Жетісуда Мамания әулеті медресе салып, оны заман талабына сай білім ордасына айналдырды. Бұл үрдіс қазақ халқының ұлт ретінде сақталуы мен ілгерілеуіне үлкен ықпал етті. Бұл қозғалыстың қайта өріс алуына қазақтың алғашқы мерзімді басылымдары да зор қызмет етті. 1911 жылы Троицкіде шыға бастаған «Айқап» журналы мен 1913 жылдан бастап Орынборда жарық көрген «Қазақ» газеті халықтың көзі, құлағы һәм тілі болды. Бұл басылымдар ел ішіндегі оқу-білімге байланысты әрбір бастаманы жариялап, халықты ағартушылыққа шақырды. «Айқап» журналы бетінде ауылдық мектептердің жағдайы, мұғалім даярлау мәселесі, қыз балаларды оқытудың маңызы жиі көтерілді. Журнал редакторы Мұхаметжан Сералин бастаған зиялылар қазақ халқының алға басуы үшін ең әуелі ғылым-білімге ұмтылуы қажет екенін атап көрсетті. Ал «Қазақ» газеті қазақ байлары мен ауқатты азаматтарының елге жасаған игілікті істерін көпшілікке үлгі етіп көрсетіп отырды. Газет бетінде мектеп пен медресе ашқан жомарт жандардың аты аталып, олардың еңбегі насихатталды. Бұл бір жағынан дәулетті адамдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттырса, екінші жағынан қарапайым жұрттың да балаларын оқытуға ынтасын күшейтті. «Қазақ» газетін №35 санында Сәлімгерей Жантөриннәі қазақ баласына жасаған көмегі жайлы «Былтыр қыс аяғында Уфадағы медресе «Ғалие»-де оқып жүрген қазақ шәкірті Шермұхаммед Қыпшақбайұғлы сұлтан Сәлімгерей Жантөринге барып айтты: «Атаңыз қазаққа басшылық қылған, қазақ ішінде туып-өскен, қазақтың арын арлаған. Сіз де бұл күнде медресе «Ғалие» салғызып, дін исламға биігіректе ноғайларға қызмет қылып жатырсыз. Ата-жұртыңыз болған қазақта не медресе жоқ, не дін ғылымын, дүние ғылымын білген кісі жоқ, бұл басшылық қылып жатқан жаужүрек, бірлі-жарым орысша оқығандарымыз. Міне, мен Русияда 11-12 жыл оқыдым, ноғай медреселерінде оқылатын нәрселерді бітірдім. Енді Стамбұлға барып түрікше үйреніп, аз-маз оқыған пәндерімді кеңейтіп, дүние ғылымынан хабардар болып, соңыра Мысырға барып, бір «Дар әл-фунунге» кіргім келеді. Бұл мақсұтыма жету үшін 4-5 жыл оқу керек, бұған ақша керек, сіз мені жіберіңіз». Шәкірт бұл сөздерді айтып өтініш білдіргеннен кейін Сәлімгерей мырза оның сөзін мақұл көріп, өз күйімен оқытуға Стамбұлға жіберіпті. Шермұхаммед Қыпшақбайұғлы осы күні Стамбұлда оқып жатыр. Сәлімгерей мырзаның қазақ бауырына берген бұл көмегіне кісі сүйінерлік.», - деп жазады. Шермұхаммед Қыпшақбайұғлының Стамбұлға барып білімін жалғастыруына сұлтан Сәлімгерей Жантөрин демеуші болды. Жантөрин өз ата-бабасының қазаққа сіңірген еңбегін жалғастырып, қазақ жастарына қол ұшын беруді абыройлы іс санады. Бұл әрекет – тек жеке бір шәкіртке көмектесу ғана емес, жалпы қазақ жастарының білімге ұмтылысын қолдау, халықтың болашағын ойлау еді. Бұл игілікті істердің ел ішінде кең таралуына «Қазақ» газетінің ықпалы зор болды. Газет бетінде халыққа пайдалы іс-әрекеттер, мектеп-медресе ашу тәжірибелері жиі жарияланып, жұртты білімге шақырды. Мәселен, газеттің №40 санында Хабиболла Мұртазаұғлының «Торғай атты ішкі хабарламасында «Торғай уезі 1-нші Наурызым болысы, 2 һәм 8-нші ауылнай ортасында Қайғы деген жерде бір мешіт бар. Бұл мешітті салдырған Тұрлығұл бай еді һәм имам Мұртаза молда бірнеше жыл дәріс айтып, халыққа қызмет етіп жол көрсеткен қадірлі адам еді. Ол кісілер мұнан 20 жылдан бұрын опат болды, сонан бері әлгі мешітте жақсы-жаман болса да оқу үзілмей келіп еді. Соңғы жылдарда мешіт ескіріп, оқушылар кеміп, мәнісі кете бастаған соң биыл елімізде Абай Бәлдіров деген мырзаның анасы опат болып, соның рухына 3 бөлмелі ағаш медресе салдырып беруді міндетіне алды. Бұл жақсы ниетін Абай мырза орнына келтірер деген зор үміт бар», -деп жазады. Осы кезеңде әр өңірде қазақ байлары өз қаражатын жұмсап, мектеп пен медресе ашуға кірісе бастады. Бұл халықтың өз ішінен шыққан дәулетті азаматтардың ағартушылыққа бет бұрып, ел келешегін ойлағанының айқын көрінісі. Торғай уезінде Тұрлығұл бай салдырған мешіт ұзақ жылдар бойы ауыл жастарына оқу орны қызметін атқарып келді. Ол тек құлшылық ордасы ғана емес, қарапайым халықтың сауатын ашып, діни және дүниелік ілімнен хабардар ететін шағын мектеп рөлін атқарды. Кейінгі жылдары мешіт ескіріп, оқушылар азая бастағанда, ел ішіндегі тағы бір ауқатты азамат – Абай Бәлдіров – анасының аруағына бағыштап үш бөлмелі ағаш медресе салуға кірісті. Бұл іс тек әулетіне емес, бүкіл елге қызмет ететін игілікті қадам болды. Мұндай мысалдар тек Торғай өңірімен шектелмейді. Атбасарда да Садық Мишенбаев бастаған ел азаматтары мешіт-медресе құрылысына кірісіп, жиналған қаржы мен малды игілік ісіне жұмсап отырған. Бұл жайлы «Қазақ» газетінің №51 санында Мұғалім Шермұхаммед Темірбеков «Өткен жаңа жылда іс алуға келген арғын, найманның болыстары, оқыған жігіттер Әлмұхаммед Жылқайдаровтың үйінде қонақ болды. Сол мәжілісте Садық мырза Мишенбаевтың бастауы бойынша салынып бітпей жатқан мешіттің пайдасына ақша жиналды. Мешіттің имамы Байғазы Теміртановқа 262 сом 85 тиын ақша, бір құнан өгіз, бір тайынша, бір бойдақ қой тапсырылды», - деп жазады. Ғасыр басындағы қазақ ауылдарының қоғамдық өмірінде мешіт пен медресенің орны айрықша болды. Сол кезеңде «мешіт» ұғымы тек құлшылық орнын ғана білдірмей, сонымен қатар оқу-ағарту ісінің де орталығы қызметін атқарды. Қазақ даласында арнайы салынған мектептер өте аз болғандықтан, балалардың сауат ашуы көбіне мешіт жанында жүргізілді. Молда немесе имам дәріс оқытып, шәкірттерге әуелі араб әліпбиін үйретіп, діни ілімнен бастап, кейінірек дүниелік пәндерді де таныстыруға тырысқан. Осы себепті тарихи деректерде «мешіт» сөзі аталса да, оның шын мәнінде мектеп-медресенің міндетін қоса атқарғанын көреміз. Жоғарыда көрсетілген дерек қазақ байлары мен оқығандарының ел ішіндегі ағартушылыққа қосқан үлесін айқын көрсетеді. Садық Мишенбаев сияқты дәулетті азаматтар мешіт салуға, имамға жағдай жасауға белсене қатысып, өз үлесін қосқан. Мұндай бастамалар ауыл балаларын сауаттандыруға, оқу-білімге тартуға мүмкіндік берді. Өйткені мешіт салынса, ол міндетті түрде оқу орнына айналды. Осылайша, ауылдағы қарапайым халық өз қаражатымен жиналып, дәулеттілер демеушілік жасап, елге бір мезетте әрі діни, әрі мәдени-ағартушылық қызмет атқаратын нысан тұрғызды. «Қазақ» газетінің ақпараттық ағартушылық қолдауымен және қазақ байларының бастамасымен салынған ең ірі мектептердің бірі «Сәуле» мектебі болды. Бұл жайлы газеттің №84 санында Мұғалім Нығметолла Күзенбаев «75-нші нөмір «Қазақ»-та мұғалім іздеп ығлиан-хаты басылған Ақтөбе уезі, 2-нші Бөрте болысы, 5-нші ауыл қазақтары мұғалім алдырып, 1-нші октиабрде мектеп ашты, оқу сол күні басталды. Мектептің аты «Сәуле» болды. Мектеп ашу жолында басшылық қылушы азаматтар: Жалымбет Нұрымбетов, Хұсейін Үкенов, Ерназар Жауқашаров, Бейсенбай Тыныштықбаев һәм басқа ақсақалдар. Бұлар тәртіпті бір мектеп ашып, аймақтың балаларын оқытпақ үшін елдің ғұшыр, фітір, зекет, құрбан терісі секілді ерікті садақаларын бір орынға жинамақ болған екен, сол мақсұтпен биыл мың жарым пұттай ғұшыр (астық) жиылған. Мектеп салуға биыл асығыс болған соң 40 бала сыярлық бір үй шығарып берді. Жұрт бала беруге өте ынталы болып мұғалім келген соң үсті-үстіне балаларын әкеле бастады, бірақ орын тарлықтан амалсыз балалар жасына қарай (8-ден 15-ке шейін) қабыл етілді. Мектеп ашылып оқу басталғаннан кейін үздік-создық келген балалар алынбасқа шар қылынды, бала иелері мезгілсіз балаларын емтиханға шейін шығарып алмасқа уәде етісті. Оқу жылы 8 ай. Мектеп ашушылардың тілегі бойынша мұғалімдікке «Қазақ» газетасы көрсеткен медресе «Ғалие» шәкірті Нығметолла Күзенбаев алынды, жалоуание айға 25 сомнан. Оқыту төте жолмен болып, қазақ емлесі бойынша жаңа шыққан оқу құралдары қолданды, жетіспеген орнын уақытша ноғай кітаптарымен толтырды. Мектепке не керек сайманның бәрін мектеп басқарушылары бір қолдан сатып алды, мысалы: парта, қара тақтай, карта, кітап, қағаз, дәфтер, қалам, қарындаш, ысшет һәм басқаларын да. Мектеп атына бірнеше қазақша һәм ноғайша газета, журналдар алынады.
Бұл ретпен ашылған мектеп біздің қазақ арасында осы күні жоқ деуге болады. Мұның жайын маған Бейсенбай мырза Тыныштықбаев былай сөйледі: «Біздің 5-нші ауыл қазақтары заманның өзгеруі себепті бұрынғыдай қамсыз жатудың лайықсыздығын сезіп, «заманың түлкі болса, тазы болып қу» дегендей, бұл күнгі кемшіліктен, надандықтан құтылудың һәм өзгелермен теңелудің шарасы жалғыз оқуда екенін түсініп жоғарыда айтқан садақаларымызды пайдаға жарату амалына кірістік. Бұрын бұл садақаларымыз кәсіпсіз-әрекетсіз жалқаулардың қолында кетіп, жұртқа онан бір тиын пайда жоқ еді, бір кісінің қолынан мұндай елге ортақ мектеп ашу қиын еді». Бейсенбай мырзаның бұл сөзінің растығы енді осы елдің істеген ісінен де көрініп тұр. Бұдан басқа елдер де өрнек алу лайық.», - деп жазды. Бұл деректерден біз Жалымбет Нұрымбетов, Хұсейін Үкенов, Ерназар Жауқашаров, Бейсенбай Тыныштықбаев секілді қазақ байларының демеуімен салынған үлкен мектептің күндізгі оқу бағытындағы 8 айға созылған, оқу бағдарламасын жасаған ауыл арасындағы алғашқы ірі мектептердің бірі болғандығын айқындаймыз. Мектептің қаржылық негізі елдің ғұшыр, пітір, зекет, құрбан терісі сияқты садақаларын ортақ қорға жинау арқылы қамтамасыз етілген. Осылайша мың жарым пұт астық жинап, жиналған қаражатқа мектепке қажетті құралдар (парта, тақта, кітап, дәптер, карта, т.б.) сатып алған. Осы кезеңде байлар мен ауқатты азаматтар мектеп ашуға да ұмтылысы, жаңа заман талабына сай білім беру ісіне үлес қосқан өажырлы еңбек еді. Яғни, қазақ қауымында мектеп ашу үдерісі қарқынды жүріп, халықтың рухани дүниесі мен білімге деген ұмтылысы тоғыса бастады. Мұндай құбылыс ұлттың жаңғыруына, мәдени әрі рухани дамуына негіз болды деуге болады. Осылайша, қазақ байларының мектеп-медресе салудағы бастамалары мен оқыған азаматтардың оқу-ағарту ісіне қосқан үлесі «Айқап» пен «Қазақ» арқылы кеңінен насихатталып, ұлттық ағартушылық қозғалыстың тұтас қоғамдық құбылысқа айналуына жағдай жасады.
Фото: Қазақстан тарихы