Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақынның «ақыл сөздеріндегі» «Есті кісі» қалыбы

Ақынның «ақыл сөздеріндегі» «Есті кісі» қалыбы

Адам баласының ата-анадан туғаннан бастап дүниені танып-білу үдерісін, даму жолын шола қарау ілімі, бүгінгі ғылым тілімен жеткізер болсақ, гносеологияға, яки таным теориясына жақын келер еді. Онтология, гносеология, этика – Абай «Ақыл сөздерінің» басты мазмұнын құрайды. Мақаламызда 19-20-сыншы «Ақыл сөздері» негізінде талдау жасадық. Данышпан ақын білімді деп көргені мен білгені көп адамды айтады. Қазақ дүниетанымында «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дер еді. «Дүниедегі жақсы мен жаманды тану» – таным теориясының басты зерттеу нысаны.

Абай айтып отырғаны тек заттар мен құбылыстардың қасиеті мен мәнін анықтаудан шығатын болмыс туралы ілім ғана емес, жақсы мен жаманды айыруға арналған танымдық білім. Естіп, көріп, ұстап, татып көру – заттардың мәнін түсінуге, тануға негізделген, әрі кез келген жеке тұлға үшін әмбебап онтологиялық мәселе. Ақынның ойлау стилі қазақтың төл болмысымен астасып, оның философиялық тұжырымдарын дамытады. Данышпанның «Он тоғызыншы сөзіндегі» жазу стилі онтологиялық тұрғыдан ойлауға, яки адамның ата-анадан туғандағы жағдайы мен оның қоршаған ортаны тануына негізделген ойтолғауға жақын. «Дүниедегі жақсы мен жаманды тану» – тек философтарға ғана маңызды болатын сұрау емес, бұл қарапайым адам үшін тәжірибелік мәні бар, нағыз прагматикалық мәселе. Сондықтан лингвистикалық философия аясында қарастыру жақсы нәтиже бермек.

Адам баласының айналадағы дү­ние­ні танып-білуі белгілі бір зат не құбылыс туралы бөлікті өз сезімдері арқылы, өзіне қажетті, бәлки, санасы жеткен деңгейде көруімен, түсінуімен байланысты. Бүтін дүниені толықтай анықтап танудан гөрі, оның белгілі бір бөлігі немесе сыртқы қалпы туралы ақпар біздің практикалық әрекеттеріміз үшін жеткілікті болатындай. Ал бұл түсінікті тереңдете дамыту үшін, Абай данышпан айтқандай, «естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады». Ол танымдық шекараны анықтау үшін, танымдық шектеулерді толықтырып, оның көкжиегін кеңейтіп, «білімді» болудың жолын ұсынады. Ол «Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады». Мұны адам баласының өсу жолындағы онтологиялық тұжырымдама десе де боларлық. Жоғарыда атап көр­сеткеніміздей, «есті» сөзінің қол­данысында үлкен гәп бар, терең мән бар. Төркіні «ес» тұрақты мәнінен шығатын «есті», «есі бар», «естілік», «есте сақтау», «есте мәңгі сақтау», «ескі», «ескілік» атауларының мағы­налары – төркіндес, тамырлас.

«Естің сақталуы» қай халық мәдениетінде де, рухани өмірінде де маңызды. Есті сақтаған адам «есті адам». Әр заманда әрқандай шектеулер болды. Болады да. Ұлттық болмыстағы ұлттық мәдениет пен ұлттық құн­дылыққа қатысты ақпараттар әрқашан есте сақталуы маңызды. Абай меңзеп отырған «естілерден біліп, оның жақсысын ескеріп отыру» қажетін біз осылай топшылаймыз. «Ес» сананы билегенде, рухта серпіліс болмақ, бұл серпіліс ұлтқа сырттан еріксіз енгізілген санадағы шектеулердің құрсауын бұза алады. Сырттан енген санадағы шектеулерден құтылу ұлттық құндылықтарды тануға, генетикалық есті жаңғыртуға, солармен үйлесімді болып келетін сәйкес тарихи танымдық сезімдермен қайта табысуға мүмкіндік туғызатын әлемді айқара ашады. Бұл адамның ішкі болмысымен, ішкі энергиясымен, жабылып қалған рухани дүниесінің қайта жаңарумен астасып, ішкі үйлесімді сезім туғызады. Ұлы Кемеңгер айтқандай, есті кісі «сонда іске жарайды», «сонда адам десе болады».

Тарихи-генетикалық «ЕС» арғы түп­санадағы еркіндік, даналық, ізгілік іздерін ашып, біліктілік пен білім шекарасын кеңейтуге ұмсындырады. Ішкі әлемде оянған «өздік» сезім жеке тұлғаның өзін-өзі тануына жетелейді. Өткенді еске алмай, бүгіннің шырмауығынан шығу мүмкін емес. Қазіргі күннің ұсынған өзіндік прагматикасын қабыл ала отырып, кешегі рухани және материалдық мұраның мықты мүмкіндіктерін пайдаланбау логикалық қайшылық болар еді. Тәжірибенің жетістігі мен бүгіннің жасампаздығы біріккенде дамудың табиғи бірлігі мен тұтастығына жол ашпақ. Өткен тәжірибенің бәрі жасампаздыққа тамызық бола алмасы тағы белгілі. Оның жақсысы жарамды да, кесепатты жаманынан ұрпақ сақтанбақ керек. Абай көреген мұны да нақты ескертеді. Естінің жақсы сөзін естігендегі тыңдау­шысының психологиялық халіне де данышпан ерекше мән берген. Тұлғаның таным әлемі есті кісінің жақсы сөзімен үйлесімді болуы үшін, соған сәйкес келетін сезімде болғаны абзал, «Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек?». Есті сөзді тыңдау бар да, есту бар. Сөзді есту үшін:
– естіген жерде қайта қайырып сұрап ұғу;
– ұққанды тұшыну;
– растығына көз жеткізу маңызды, – дейді Ақын.

Абай Құнанбайұлы қолданысындағы «тұшыну» етістігінің мағынасын «іштей ойлану», «толғану», «ойлана отырып, мәніне терең бойлау» деген мәнде қолданған деп пайымдасақ, онда естігенді пайымдау, қорытынды жасау қажеті ескертілген. Психология мен логикалық әрекетті қатар талдай отырып, мазмұн мен идеяның сипатын түсінуді, ең бастысы естіген жайттың шындыққа қатысын анықтап алу, саралау маңызды екенін алға тартады.

Абай ескертіп отырған есті адам айтқан ақпараттың қабылдануы алғашқы түсіну мен тұшыну нәтижесін өз санасында пайымдап, қабылдаудың нәтижесі. Ал ол қабылданбай «шыға бере қайта қалпына кетсе» оның тыңдағанынан еш пайда жоқ.

Есті кісі мен білімді кісінің, ақылды кісінің бір-бірінен айырмашылығы мен ерекшелігі мол. Өткеннің жақсылығы туралы ақпаратты есті кісіден естіген кісі оны саналы түрде қабылдап, өзі растығына көз жеткізіп, қорытынды жасай алса, «өзі де есті кісі болады». Ал білімді кісі кез келген қазіргі білімді меңгеруі ықтимал, алайда оның тарихи есі, тарихи жады маңызды тарихи мағлұматтардан ада болады да, білімді кімнің, ненің мүддесі үшін жұмсап жүргенін түсіне бермеуі мүмкін.

Абай ұсынған «есті кісі» қалыбы – әмбебап, мәні терең, мағынасы күрделі. «Есті кісі» – саналы субъект. Ол әлемнің тілдік бейнесінде адами түбегейлі қажеттіліктерді айқындайды. Кез келген жағдайды талдауда, дұрыс жолды таңдауда тарихи «есті» еске алу маңызды. Қазақ халқының дүниетанымында қалыптасқан, әлемнің тілдік бейнесі арқылы таңбаланған «жолы» бар, жүйесі бар, дәстүрі бар, қабылдаған заңы бар. Демек, естілік дегеніміз есті кісіден естіген сөзді «естіген жерде қайта қайырып сұрап ұғу»; ұққанды «тұшыну»; «растығына көз жеткізу». Естілік кез келген шектеуді еңсеруге, мәдени-рухани өмірдің ішкі қозғалысының, әрекетінің шынайы болмысын сақтауға көмектеседі. Тарихи генетикалық есті, ескілікті есте сақтау – алынған білімнің, жасалған ғылымның рухани дүниемізді дамытуға бағытталуының басты кепілі болары хақ.

«Сөзді танитұғын ел болу үшін» Абай айтқан сөзін терең барлап, бағамдап, бағалап, нені меңзеп, нені тұспалдағанын айқындау жөн. Этикалық салада адам баласының моральдық міндеттері әр халықта өз табиғи қалыбына сәйкес тарихи жүйеленген, негізделген. Абай адамның кісілігін танытар басты белгі ретінде Есті алдыңғы қатарға шығарады. Өзінің он тоғызыншы сөзінде «есті кісінің», «естіліктің» үлгілі концепциясын жасайды. «Естілік» тек жеке тұлға үшін ғана маңызды емес, бұл ұлт тарихы үшін, ұлт тағдыры үшін, ұлттық сая­сат үшін де аса маңызды тұжырым деп пайымдаймыз. Өзі есті болған кісі, «естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады».

Жеке тұлғаның әмбебап моделінің келесі сипаты ғұлама Ақынның жиырмасыншы сөзінде жалғасын табады:
«Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бас­тайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа Құдай Тағала бір­қалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?

Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын көрген-білгендер тір­шіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын».
Абай Құнанбайұлы айтқан «Жоқ, сен, жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, бірақ қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ» дегеннің астарында таңдауды адамның өзі жасайтыны анық танытылған. Ғұлама «Тағдырдың жарлығы» дегенде адамның өзі таңдау жасай алмайтын тағдырды меңзейді. «Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгерілмейді» деген бастапқы сөйлемдегі «өзгерілмейді» етістігінің құрамы да ойдың мәнін анықтауда өзіндік маңызды рөл атқарады. Сөздің негізі – «өзгер», оған -іл ырықсыз етіс жұрнағы жалғанған. Ал -іл, -ыл ырықсыз етістің ішкі семалық сипаты «түбір немесе негіз етістікке жалғанып, нысанның әр түрлі іс-әрекеті мен қозғалысын субъектінің қатысынсыз-ақ айқындайды. Ырықсыз етіс кез келген негіз етістікке жалғана бермейді» (А. Салқынбай. Қазіргі қазақ тілі. Оқулық, Алматы, 2024. 257-бет).

Лингвофилософиялық аспектіден зерделесек, «жалығу» – этикалық әмбебап категорияның бірі. Тұрлауы жоқ тірліктің тамырын тап басқан Ақын «жалығудың» сырын өз басынан іздепті. Бәлкім, дүние жалғанның өзінде жоқ тұрлау-тұрпат адамға да тән болмас. Қалай болғанда да, осы адам бойындағы «жалығу» үдерісін философиялық әмбебап категория ретінде талдау қазақ ғылымында Абайдан басталады. Қарапайым түсінікте «жалығу» ұзақ уақытқа созылған белгілі бір жұмыстан, қызметтен, әрекеттен жеріп кету, жалығу. Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігінде «зерігу» сөзі синоним ретінде көрсетілген. Дегенмен, екеуінің мағынасы екі түрлі. Зерігу – монотонды, бірыңғай қайталанатын әре­кеттен, еріккеннен, істейтін дұрыс іс болмағаннан, қызықсыз істен туатын психикалық үдеріс.

Ал «жалығуға» оқиғаның не әре­кеттің жағымсыздығы, тітіркен­діретіні, қызықсыздығы себеп. Ол жеке тұлғаның тілегінің, үмітінің, ниетінің орындалмауымен байланысты. Зерттеушілердің пайымдауынша, зерігу мен жалығудың арасында айырмашылық бар. Мәселен, Ницше зерігуді «жанның жақсылықты күту алдындағы күйзелісі» деп баға­лайды. Сондықтан зерігуге жаңа тәжі­рибелердің, жаңалықтардың ал­дындағы қажетті шарт деп қарайды.

Атақты философтың бірі Шопен­гау­эр «Антропологиясында» «жалығуды» Кант ұсынған интерпретацияға сүйене отырып негіздейді. Сол кезеңдегі кең тараған педагогикалық-медициналық тұжырымдарда аталғандай «жалығу» негізінен, қисынсыз, «толтырылмаған уақыт» немесе әрекетсіз, бос өткізілген уақыт. Кант «мәдениетті адамдар» қарапайым адамдарға қарағанда жалығуға бейімдеу болады деп санап, оны болдырмаудың өзіндік тәсілін ұсынады. Жалығудан айығудың тиімді қаруы ретінде интеллектуалды белсенді болу, карта ойнау, темекі шегуді ұсынады. Кант «жалығудың» пайда болу себебін «өмірді сезінуден» іздейді, яғни, адамның эмоциялық күйінің әрдайым өзгеріп отыруы, әрдайым өзгеше ләззат іздеуі деп санайды. Адам ләззатқа шексіз қол жеткізе берсе, бұдан да зерігеді, одан да жалығады. Кант адам өмірі туралы пікірін құрдымға кеткен маятник сипатында тұжырымдайды. Яки, рахаттану мен қайғы-қасірет арасында тербелу, ал жалығу осы тербелістің тоқтауы деп бағамдайды (Кант И. Антропология с прагматической точки зрения. – СПб.: Наука, 1999. – 471 с.).

Шопенгауэр Кант түсінігіне елеулі өзгерістер енгізіп, адам өміріндегі «жалығудың» мәнін іздейді. Ол адам­ның жалығу философиясын, Кант көрсеткендей, азап пен рахат арасындағы шеңберден емес, азап пен жалығу арасынан іздеді. Философ ғалымдар бұл екі пікір арасындағы айырмашылық пен байланысты салыс­тыра зерделейді. Біз үшін маңыздысы, Абай назар аударған «жалығу» – көңіл-күйдің ерекше бір мәнін, мағынасыз қайталанатын әрекеттердің салдарын танытатын категория ретінде әрқашан философ ғалымдардың назарында болғаны. Абай «жалығудың» болмысы бөлек ұғым екенін білді, оны қазақы түсінікпен айналасына жеткізгісі келді. Абай Құнанбайұлы айтқан «жалығу» Шопенгауэр ойларымен іштей үйлесім табады. Абай бұ дүниедегі әрекеттің, қызықтың, рахаттың – бәрін ғайып, баянсыз деп есептеп, одан жалығудың болатынын ескертеді.

Зерігу мен жалығу адамның өз қалауымен ғана байланысты емес, сонымен бірге сыртқы факторлардан да, яғни қоғамда болып жататын әр түрлі саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік қысымдардан да болуы ықтимал. Адам бойындағы «жалығу» «тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе». «Жалығу» жалпы адам баласына тән болғандықтан, әлемдік философияда кеңінен зерттеу нысанына айналған. Абай «жалығудың» жай-жапсарын терең барлап, жан-жақты қамтиды. Адам баласы қайталанып келе беретін әр нәрседен де жалыға бастайды: «тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады». Бірыңғай және мағынасыз іс-әрекет – мән іздейтін, әрекетінен нәтижелі дән іздейтін адамды жалықтырары рас. Бұл фактор уақыт пен мағына арасындағы қатынасты тығыз байланыстырады, мән мен уақыттың арақатынасы туралы экзистенциалды сұрақтарды тудырады. Жеке тұлға өтіп жатқан уақыттан мән іздейді.

Адам болмысындағы «жалығу» туралы Абай айтқан тұжырымға сәйкес соны идеяны Мартин Хайдеггерден оқимыз. Оның «Метафизиканың негізгі түсініктері» атты дәрістерінде «жалығу» туралы егжей-тегжей талдаулар мен ойлар айтылады (http://www.bibikhin.ru/osnovnie_ponyatiya_metafiziki). Хайдеггер негізгі көңіл-күй, «үйлесімді болмыс» түсінігін зерттейді, оны Стиммунг (Stimmung) деп атайды. Оның ойынша, көңіл күй тек форма немесе сән емес, жол (Вайза). Бұл әуен тұрғысынан адам болмысының үнін айқындайтын жол. М.Хайдеггер адам болмысының «негізгі көңіл-күйін» оятуға тырысады және мұны «жалығу» жағдайына терең назар аудару арқылы түсіндіреді. Оның философиясы бойынша, «жалықтыру» – маңызды, содан «жалығу» бірте-бірте іздену, басқа жағдайды қалау үдерісіне алмасады, сөйтіп, өздігінен жоғала бас­тайды. Демек жалығу арқылы басқа нәрсенің мағынасын аша отырып, өзге жаңалықтарды ашуға жол табамыз.

Абайдың ойы да әлемдік деңгейдегі ойшылдардың айтқан пікірімен жапсарлас. Кемеңгер Ақын жалығудың мынадай сипатын ашады:
– жалығу – адам жаратылысына тән;
– оған еліксе, құтылмағы қиын;
– адам бәрінен уақыт өте келе жалығады;
– адам үшін бәрі – ғайып, баянсыз;
– адам қуаты, ғұмыры бірқалыпты емес.
Мұндай пікір – өз кезіндегі де, қазіргі де философиялық тұжырымды ойлардың ішіндегі биігі. «Жалығу» – адам баласына тән. «Дүние бір қалыпты тұрмайды», ендеше Абай айтқандай, «адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды». Ал көк дөнен «көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады».

Абай Кемеңгердің ілімі – терең. Ол «осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады», – деп жазады. «Ақыл сөзіндегі» «жалығу» идеясы данышпан Абайды «Бәрінің баянсыздығы» туралы экзистенциалды көзқарасқа жақындатады, онымен мәндік, мазмұндық жағынан үйлесім іздейді. Бұл – ақынның адам моделін жасаудағы тұжырымдамалық пікірінің бірі. Ал «бәрінің баянсыздығын» білу, түйсіну, соған жету жолы ұзақ, оған тек «ойлы адам» жетпек. «Білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» адам баласының тумысынан дарыған жан құмарын дамыта отырып, ойлы болған Кісі ғана жалығу деңгейіне жетпек.

Абай Құнанбайұлы дүниенің ғайы­бын сезетін, «бәрінің баянсыз­дығын» білетін ойлы адам мен ақымақтықты, қайғысыздықты бір-біріне бинарлық оппозицияда қарама-қарсы қатар қою арқылы «жалығудың» сырын терең аша түседі. Әрқашан бинарлық оппозицияда болатын ойлы адам мен ақымақтық – әлемнің тілдік бейнесіндегі ең өзекті ұғымдардың бірі. «Ақымақ» сөзі негізінен жағымсыз мәнге ие, адамның істеген ісіне, сөйлеген сөзіне қарап бағалау сипатында жұмсалады. «Жалығу» – ойлы адамның ісі де, «ақымақтық» – ойсыздық белгісі. Бұл қасиеттің ара-жігі қазақ мақал-мәтелдерінде кеңінен қамтылып, зерделенген.

Ойлы адам, ақылды адам мен ақымақтың арасындағы айырма қазақ мақал-мәтелдерінде осылай кең таратылып, тәжірибе арқылы негізделген. Жүйелі сөзге талдау қосу, түсіндірме жасау артық. Ақымақ адамда білік аз, тәжірибе бар да, оны санада тоқу жоқ. Әлемдік ғылыми зерттеулерде ақымақтық қасиет кең таралған құбылыс ретінде қарастырылады.

Тілді зерттеудегі антропоөзектік бағыт «ақылды» мен «ақымақ» ұғымдарын тілдік жүйеде бағалауға және оның ұлттық таным деңгейінде бейнеленуінің ерекшеліктері туралы айтуға мүмкіндік береді. Қазақ мақал-мәтелдерінде кездесетін ақылды мен ақымақты анықтайтын тұлғалар жалпы «зият» ұғымының да мәнін ашады. «Зият» саласы дәстүрлі түрде ғалымдардың назарын аударатын нысан болуға тиіс. Қазақ тіл білімінде бұл мәселе діл, психикалық өрісті тану тұрғысынан әлі де терең зерделеуді қажет етеді. Ақылы түгел, ойлы «ақылды» мен «ақымақ» бинарлық оппозициясы мақал-мәтелдерде жақсы адам мен жаман адамның да сипаты, белгісі ретінде танылады. Басты орталық нысан адам болғандықтан, оның ойлауы, қабілеті, таным деңгейі, көзқарасы, істеген ісі, айтқан сөзі осы ақылдылық пен ақымақтықпен астасып жататыны аңғарылады. Демек Абайдың «Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын көрген-білгендер тірші­ліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда, ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын» деуінде үлкен гәп бар.

Тіршіліктен жалығу – аса қиын үдеріс. Мұның арты үмітсіздікке апа­рары да хақ. Олай болғанда, «ақы­мақтық» пен «қайғысыздық» да – шарасыздық. Тағдырдың өзгермейтін жарлығының алдындағы ойлы адам­ның шарасыздығы. Абай лебізінде қолданған ментальді тұлғалардың семан­тикасына назар аудару да маңызды. «Соншалық ғұмырдың баян­сыздығы», «әрбір қызығының ақырының шолақтығы», «тіршіліктен жалығу» синтагмалық бөліктерінің қолданысы мен ішкі прагматикасы тілдік тұлғаның психикалық кеңістігін танытады. Тұлғаның тілдік санасында қабылданған мұндай тіркестер – психикалық ойлаудың жемісі. Адамның ойлауында, қабылдауында, эмоциясын білдіруде, нақты тұжырым жасауында ділдің маңызды екеніне сүйене отырып, «жалығу» ұғымына қатысты Абайдың пікірінің маңызын бағамдаймыз. Қазақ халқының таным дүниесінің негізінде ұшталып шыққан «жалығу» жайындағы философиялық қазақы толғам адамның интеллектуалдық қасиеттері мен рухани белсенділігінің маңызды болуын таразылайды. Абай кемеңгерде «жалығу» адамның мынадай қасиет-қабілеттерімен тығыз байланысты қарас­тырылады:
– адамның интеллектуалдық қасиет­терімен байланысты (ақымақ, қайғысыз және ойлы, ақылды, парасатты);
– қоршаған ортаны объективті бағалау қабілетінің болуы не болмауы­мен байланысты (дүние бірқалыпты тұрмайды, бәрі ғайып, дүние баянсыз);
– адамның интеллектуалдық қабі­летінің болуымен байланысты (көрген, білген, көп көрген, дәмін, бағасын білген, бірқалыпты болу);

«Ақылы түгел» және «ақымақ» ұғымдарының мағыналық құрылым­дарын талдау, сипаттау мынадай қоры­тынды жасауға мүмкіндік береді: зиялы адамның интеллектуалдық қабілеті бар, ол кең хабардар, шешімдері анық, өз ойын жақсы жеткізе алады; ойы таза; ақылды адаммен сөйлесу бал ішкендей; ақылды. Ол дүние болмысының ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды;

Ақымақ адамның табиғи таланты жоқ, интеллектуалдық қабілеті жоқ, жиіркенішті әсер қалдырады, ақы­мақтың қасында болу қауіпті: ол ақымақ, тыңдайды, естімейді; ойлану оған жат, қауқарсыз, қорқақ, гене­тикалық есі өшірілген.
Ақынның «жалығу» жайында айтқан ойын терең түсіне бастағанда, «жалығу» мен «зерігудің» арасындағы ерекше мәнді аңғарғандай боламыз. «Зерігу» – әрекетті қайталап жасаудан уақытша ғана туатын көңіл күй. Оның қайтымы тез. Үстірт. Ал «жалығудың» мәні бөлек. Мұнда мәжбүрлеу жоққа тән. Ойлы кісінің дүниенің баянсыздығынан безінуі. Нысанның не субъектінің бір-біріне жақын келетін сипатының бәрін бірдей синоним ретінде тани беру жөн емес екенін нақты деректерден анық аңғарамыз. Мәселен, «батыр» – бөлек, «ер» – бөлек мағынаны береді. Зерігу мен жалығу бір емес. Көрікті мен ару тең емес т.б.

«Жалығу» – біздің болмысымыздың маңызды кілті, өйткені дүниенің уақытша табиғаты туралы маңызды нәр­сені бағдарлайды, топшылауға мүм­кіндік туғызады.

Анар САЛҚЫНБАЙ,
филология ғылымының
докторы, профессор

23 тамыз 2025 ж. 356 0