Майдангер жолы
Әйгелі «Барбаросса» жоспарын жасаған кезде фашистік Германияның билеушілері КСРО-ны көпұлттық жасанды және тұрақсыз бірлестік, ішкі біріліктен жұрдай этностық конгломерат (құранды) деп есептеді. Фашистер басып алынатын Кеңес аумағында Остланд (Белорусь пен Балтық жағалауы), Украина, Мәскеу (Ресей) және Кавказ, елдің шығыс шет аймақтарында Түркістан және Еділ, Орал, рейхкомиссариатын құруды жоспарлады. «Ғылыми-зерттеу» институты деп аталған «Арбайтегемайншафт Түркістан» атты жоғары барлау мектебі құрылып, болашақтағы «Үлкен Түркістан» картасын әзірледі. Оған Қазақстан, Азия, Орталық Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Шыңжаң, Ауғанстанның бір бөлігі енгізілді. «Қуыршақ мемлекет» құру идеясы экономикалық және саяси мақсаттардан туындады. Бұл өңірде үлкен Герман империясы үшін қуатты шикізат және азық-түлік базасын құруды белгіледі.
Кеңес елін отарға айналдыру, ал оның халқын құлдыққа түсіру гитлершілердің дүниежүзіне үстемдік орнату жолындағы басты нысаналарының бірі болды. Фашистік идеологтар кеңес адамдарын саяси және нәсілдік тұрғыдан аяусыз қырып-жоюдың кең көлемді бағдарламасын әзірледі. Алайда, тарихи тағдыры ортақ, Отанын қорғауға ұмтылған көпұлтты халық бұл зұлым ойдың тас талқанын шығарды. Кеңес одағы тас түйін болып, аса қауіпті жауға қарсылық көрсетті. Жалпыға бірдей міндетті әскери іске үйрету өрістетілді. Республикада 2 миллионнан астам адам әскери даярлықтан өтті. Әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанды.
Майдан даласында
Қайранбай Сманов соғыс басталғанда небәрі 20 жаста болатын. Ол 1941 жылы 22 қыркүйекте майданға аттанады. Олар мінген әскери эшелон Псков облысының Великие Луки қаласына келіп тоқтайды. Сөйтіп осында бірнеше ай бойы Ворошилов атқыштар полкі құрамында әскери дайындықтан өтеді. Қолына өмірі қару ұстап көрмеген бозбала үшін соғыс тәртібіне үйрену де оңайға соқпайды. Соғыс тактикасын жетік білетін командирлер қаруды пайдалану, жаумен бетпе-бет келгенде не істеу керектігін, жараланған жауынгерді алғы шептен алып шығу, қаруды шашып, қайта жинау, тағы да басқа көптеген әдістерді үйретеді. Осылайша 2-3 ай уақыт зымырап өте шығады. Қайранбай аға арнайы дайындықтан өткеннен кейін №963 атқыштар полкі құрамында Сталинград майданында жаяу әскер сапында кескілескен ұрысқа қатысады.
«Бірде кескілескен ұрыстар жүріп жатқан болатын. Бір кезде қасымда қатар келе жатқан жас жігіт оққа ұшты. Өзім сияқты қарадомалақ қазақтың жап жас баласы. Тура алдыма келіп құлады. Көздері ашық қалыпты. Тиген оқтан тіл тартпай кетті. Тұла бойым түршігіп кетті. Бұл менің соғыста өлген солдатты алғаш көруім еді. Қиян кескі ұрыстар болып жатқан соғыс кезінде бұл қалыпты жағдай екенін түсіндім. Түсіндім де, бойымды тіктеп, жігерімді жанып, шегінерге жол жоқ екенін, аты өшкір фашистерді жеңіп, елге бейбітшілік орнату – парызым екенін ұқтым» – деп еске алып отыратын дейді Қайранбай ағаның ұлы Марат Қайранбаев.
1942 жылы 20 қарашада таң ата кеңес әскерлері Сталинград түбінде қарсы шабуылға шығып «Уран» операциясы басталды. Операцияның бірінші күні Сталинград майданының 51-57 армиялары 4-Румын армиясының қорғанысын бұзып өтіп, 22 қараша күні алтыншы Румын армиясын талқандады. (Он мыңнан астам солдаттар мен офицерлер тұтқынға алынды) және операциялық кеңістікке шықты. Бұл шабуылдарға танк және атты әскер қосылды. 23 қарашада түстен кейін майдандағы алдыңғы қатардағы Кеңес әскерінің бөлімшелері Калач на Дону қаласына дейін шайқасты. Сол жерде солтүстіктен келе жатқан оңтүстік батыс майдан бөлімшелерін қарсы алды. Сөйтіп, оңтүстіктен соққы беру арқылы Сталинград түбіндегі алтыншы неміс армиясының айналасындағы қоршау шеңберін тасталқан етті. Бұл кезде Сталинград майданын Кеңес одағының маршалы С.К.Тимошенко басқарды.
Қайранбай аға Сманов та осындағы жаяу әскерінің 963-шы атқыштар полкімен бірге жау әскерін тықсырып бара жатты. Атақты Мамаев қорғаны Сталинград қаласынан биікте орналасқандықтан қаланы биіктен бақылауға алуға болатын ең ыңғайлы орын. Ол бірнеше рет вермахт әскерінің, бірнеше рет кеңес әскерінің қолына өтті.
Сталинградты алуға немістер неге құштар болды? Себебі Сталинград Кеңестер одағының ең маңызды өндіріс ошағы және Волгадағы маңызды транспорт дәлізі болатын. Сондай-ақ Кубань мен Ставропольдің нанға, астыққа бай өлкелерін басып алу арқылы Кавказ мұнайына жетуді көздеді. Бірақ вермахтың бұл жоспарының күлі көкке ұшты. Кеңес әскері әр көше, әр үй үшін жан алып, жан берісті. Тіпті Сталинградта қабырғасында «Павлов үйі» деген жазуы бар үй әлі күнге дейін сақталған. Мұнда сержант Яков Павлов бастаған бар-жоғы 5-6 жауынгер әлгі үйді екі ай бойы қорғап, немістерді жақындатпаған. Сол үйді алу үшін шабуылдаған мыңдаған немісті жер жастандырған. Міне, осындай қиын-қыстау күндерді басынан өткізген Қайранбай аға 1943 жылы аяқтан жараланып, ұзақ уақыт Уфа қаласындағы госпитальда емделді. Ол жерде де қарап жатпай бухгалтерлік курс оқып, оқығандығын айғақтайтын анықтама алып шығады.
Елге қызмет
Елге келіп, ес жиып, денсаулығын сәл түзеген соң, ол жұмысқа кірісті. Бұл кезде Кеңес әскерлерінің күш алып, жауды тықсырып, әр қуыс үшін қанды шайқас жүріп жатқан болатын. Сондықтан жауынгерлерге астық, қаражат, киім-кешек жіберу жұмысы тоқтамаған еді. Қ.Сманов 1943-1949 жылдар аралығында 18-Партсъезд атындағы колхозда есепші болады. Кейіннен Ворошилов колхозын басқаруға жіберіледі. Одан кейінгі жылдары Карл Маркс колхозында есепші, 18-Партсъезд колхозында бригадир, Тереңөзек аудандық шегірткеге қарсы күрес экспедициясында агроном, 18-Партсъезд атындағы колхозда №2 бөлімше меңгерушісі болып еңбек етеді. Ол кісі қай салада жүрсе де жұмысты үлкен жауапкершілікпен, бар ынты-шынтысымен атқаратын. Соғыс ауыртпалығын тартқан халыққа болысуға барын салатын. Шаруасы шатқаяқтаған, тірлігі оңалмай, тұралаған ауылды көтеруге бар күш-жігерін жұмсады. Сөйтіп жүріп ауылшаруашылығы шеберлерін дайындайтын 3-жылдық техникалық курсты, Қызылорда ауылшаруашылық техникумын агроном мамандығы бойынша тәмамдаған. Оған дейін (1946 жылы) КазССР бүкілодақтық есепшілер курсын аяқтаған.
Қайранбай ағаның соғыста көрсеткен ерлігі үшін 1,2-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков» медалімен, Жеңістің 20,30,40,50,60 жылдығы, Кеңес әскерінің 50,60,70, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл мерекелік медальдарымен, Құрмет белгісі төсбелгісімен марапатталуы оның майдан даласындағы ерлігіне, бейбіт өмірдегі ел үшін жасаған қызметіне берілген әділ баға деп білеміз.
Өмірлік серігі Зейнеп апамен бақытты ғұмыр кешкен майдангер ұрпақтары бүгінде әртүрлі салада еңбек етіп жүр.
Иә, соғыс салған жара адамзат санасынан өшкен емес, «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды». Ел үшін, жер үшін жанын пида еткен, майдан даласында жау оғына кеудесін тосқан боздақтар есімі аудан орталығындағы соғыс ардагерлеріне арналған алаңда мрамор тасқа қашалып жазылған. Бір аяғын соғысқа беріп, кеудесімен ел қорғаған Қайранбай аға қазір өмірде болмаса да ол кісінің ерлігін ешкім ұмытпайды. Мың тағзым, саған, майдангер!
Сәуле ЕРІМБЕТ,
ардагер-журналист