Мың бір мұң
Жайлау. Шуақты көктем. Қайыңның көлеңкесіне төселген текемет үстінде Ұлбике мен Ұлжан шілтер тоқып отыр. Қастарында домбыра.
Ұлбике. Ішің сезеді ғой, Ұлжан. Бойтанның әке-шешесі құда түсіп, әке-шешем келісімдерін беріп, мойныма бұғалық түскелі менде тіпті қызық қалмады. Жақында мынандай бір өлең шығардым:
Ішімде менің мың бір мұң,
Бойжетіп және үлгердім.
Кеудем бір толы күй еді,
Бүгінде қуыс үңгірмін.
Ішімде менің мың бір мұң!
Ішімде менің мың бір мұң.
Ұмыттым күлкі сыңғырын.
Ұстаймын кімнің қолынан,
Кетеді кімде шылбырым,
Ішімде менің мың бір мұң.
Ішімде менің мың бір мұң.
Түсіме менің кім кірді,
Өңімде мені кім қорлап,
Тұншығып жаным шыңғырды.
Ішімде менің мың бір мұң.
Ұ л ж а н. Ана жолғы оқыған өлеңің де есімде. Соны тыңдағаннан кейін үш күн ұйқым бұзылды. Сұмдық қой! Сондай көңіл күймен қалай жер басып, тірі жүргеніңе таңым бар! Өз басым баяғыда-ақ өртеніп кетер едім... Мына өлеңің де сондай. Тіптен ырғағы бөлек демесең: тура сол өлеңнің жалғасындай екен. Неге мұнша таусылып жүрсің.
Ұ л б и к е. Қалай таусылмайсың, Ұлжан! Арман қандай еді! Енді міне... тағдыр қандай! Екеуінің арасы жер мен көктей!
Ұ л ж а н. Арман қандай еді!
Ұ л б и к е. Азамат десе азамат: аузын ашса, аржағынан ақ жүрегі көрінетін бір жігітке ғашық болып, тұрмысқа шықсам деп едім. Адам болғаннан, жанашыр әке болғаннан басқаны білмейтін ақылды атам болса, азамат ұлының жары деп мені өз қызындай көретін мейірбан енем болса деп едім. Бес ұл, бір қызым болса, қызым өзіме тартқан ақын болса деп армандап едім... Көріп отырсың ғой: теріс аққан; кері сиген дүние! Арманымдағы ақ жүрек азаматтың орнына тасбауыр тағдыр безбүйрек Бойтанды даярлап қойыпты. Бәрі де болашақ байға байланысты. Сол екеуің түсініссең, сол екеуің сыйлассаң, атаның қатаңдығы, ененің қазымырлығын да кешіруге, тіптен төзуге болар еді. Бойтаннан ол байқалмайды. Өткен жолы Таспақожа маған не деп еді?
Бай ұлының жүрісі басқа дейді,
Құрығы ұзын, ақылы қысқа дейді.
Бұл құлақта естіген не жазық бар,
Екі аяқты әйтеуір нұсқа дейді.
Иә, екі аяқты. Бірақ төрт аяқтыдан бетер!
Ұлжан. Қойшы, олай емес шығар мүмкін!
Ұлбике. Солай! Солай! Әлі көріп жарытқан жоқпын. Бірақ ішім сезеді.
(Әріректегі мама ағаштың тұсында аттарынан түсіп, шаңдарын қағып, екі жігіт қыздарға қарай жақындап келеді. Біреуі ақын Күдері, екіншісі бейтаныстау азамат, жас жігіт.)
Күдері. Жақындап келіп Сәлематсыздар ма, қыздар?
Ұлбике. Құдайға шүкір! Өздеріңіз де аман-сау шығарсыздар!
Бейтаныс жігіт. Иншалла, біздер де аманбыз!
Күдері. Алла-Тағаланың арқасында тыпырлап өмір сүріп жатырмыз ғой әйтеуір. Амандыққа не жетсін!
Ұлбике. Жол болсын! Жоғары шығыңыздар!
Күдері. Рақмет! Рақмет!
(Бейтаныс жігіт екеуі жоғарыға шығып, құрамыс көрпенің үстіне отырады. Жаңа ғана келіп үлгерген қонақтарға көздері түскен ауыл адамдары жинала бастайды. Дастарқан жайылады.)
Күдері (Бір кезде қолына домбыра алып)
Қос аққудың отаны Еділ-Жайық,
Алашта ақын болмады бізге лайық.
Дүниеден Сіз де өтерсіз; біз де өтерміз,
Ебін тауып, өзара сөз қылайық!
Ұ л б и к е
Қос аққудың отаны Еділ-Жайық,
Алашта ақын болмады бізге лайық.
Кішкенеден танысқан тақсыр қожа:
Әрі отырма, бері отыр – жақындайық!
К ү д е р і
Төрт орамал шетіне түйдім анар,
Күнәкар құл қылмысты тозақ барар.
Қожаменен, Ұлбике, ойнап-күлсең,
Өне бойың шымырлап, мейірің қанар.
Ұ л б и к е
Жеті көшіп төменнен өрге келдік.
Жеті әулие тоғысқан жерге келдік.
Келмегірдің жанына қайдан келдік?
Діннен шыққан қожасы елге келдік!
К ү д е р і
Бұқараның жолында түйе боздақ,
Тәңіріңе жақпасаң – бардың тозақ.
Сол тозақтың ішінен шықпа, жаным,
Қожекеңнің айтқанын қылсаң мазақ!
Ұ л б и к е
Алдап жүрген халықты қожаларың,
Қожасынып, алдымен сөз аларсың.
Мен жанбаспын тозақта, пәкпін әлі,
Жанар болсаң, алдымен
сен жанарсың!
К ү д е р і
Менімен жау болмасаң, елдесерсің,
Бір-екі ауыз сөзбенен теңдесерсің.
Шымбайыма батырдың тілмен шағып,
Не басыңнан, не малдан кем өсерсің.
Ұ л б и к е
Жау болмаспын сенімен, елдесермін.
Бір-екі ауыз сөзбенен теңдесермін.
Не басымнан, не малдан кем болар деп,
Сөзін айтпа сен маған әумесердің!
К ү д е р і
Құмға бітер сексеуіл басы алқалы:
Зинақорлар құдайын еске алмады.
Бес-алты ауыз өлеңнің арқасында
Қыздар келді қасыма қос алмалы.
Ұ л б и к е
Құмға бітер сексеуіл басы алқалы,
Зинақорлар Құдайын еске алмады.
Қасына қыздар келсе қос алмалы,
Қожа қайтіп ұстайды ақ шалманы?!
К ү д е р і
Құмға бітер сексеуіл басы алқалы,
Зинақорлар Құдайын еске алмады.
Ақ некесін біреудің арам қылған
Қыздар кетер зәннамға қос алмалы.
Ұ л б и к е
Құмға бітер сексеуіл басы алқалы,
Зинақорлар Құдайын еске алмады.
Ақсақ тайын қазақтың, алдап алған
Қожа кетер зәннамға ақ шалмалы!
К ү д е р і
Құмға бітер сексеуіл басы алқалы,
Зинақорлар Құдайын еске алмады.
Бұл дүние о дүниеден жақсы дейді,
Жаппай сонда баралық, жасқанбалық.
Ұ л б и к е
Өлең, өлең дегенге өтерелі,
Өлең айтып көңілді көтерелік.
Бұл дүниеден о дүние жақсы болса,
Адамға айтпай Қожекең кетер еді!
(Күдері домбырасының құлағын бұрап, күйін келтіргенше Ұлбике өз сөзін жалғастыра береді)
Ұ л б и к е
Ояу қалай, Қожеке, ұйқы қалай?
Жаугершілік заманда жылқы қалай?
Ақыретке барғанда, тақсыр қожам,
Жалғандағы ойын мен күлкі қалай?
К ү д е р і
Жанның қамын ойламас ақымақ есер,
Үйде отырып ойменен өлшеп-пісер.
Бұл дүниеде көп ойнап, көп күлгендер
Жылап жатып тозақта күні өтер.
Ұ л б и к е
Мысық қалай, Қожеке, тышқан қалай?
Досың қалай, әйтпесе, дұшпан қалай?
Неке қимай, мал бермей, алып қашып
Жас баласын біреудің құшқан қалай?
К ү д е р і
Күнәкарды тозақта асып қояр,
Жанған отқа табанын басып қояр.
Құшатұғын қарларын шауып тастап,
Күлетұғын ерінін тесіп қояр.
Ұ л б и к е
Мен де білдім, Қожеке, бұл ісіңді,
Бейіш пен ұжмақтағы үлесіңді.
Күлетұғын ерінін тесіп қойса,
Енді, Қожам, қойған жөн күлісіңді!
К ү д е р і
Мен де жақсы білемін бұл ісіңді,
Бейіш пен ұжмақтағы үлесімді.
Хазірет Ғали бабамыз оқ атыпты:
Қыз – дұшпанға қоймаймын күлісімді.
Ұ л б и к е
Қырық кез оқ пен садағым бар белімде,
Сендей ақын жоқ па еді өз елімде?
Сегіз ойын, сексен бес жұмбағым бар,
Мықты болсаң, соны тап қапелімде!
К ү д е р і
Біле алмадым мен ондай өлшеміңді,
Мен өзімнің білемін мөлшерімді.
Сегіз ойын, Ұлбике, тал бойыңда,
Сексен бесі томпайған емшегіңде!
Ұ л б и к е
Шәлкем-шалыс қожаның сөзі қандай?
Сәудегердің сататын бөзі қандай?
Малдан зекет бермеген арам байлар
Сол байлардың, Қожеке, өзі қандай?
К ү д е р і
Қара теңге, ақ теңге, теңге, теңге,
Теңге берсе, қожалар қысқан жеңге.
Малдан зекет бермесе, арам байлар
Алдыменен кетеді жәһәннәмге!
Ұ л б и к е
Жиырмадағы жігітке сақал қандай?
Тентіреткен ел-елді бақал қандай?
Қатыны бар кісіге қатын болып,
Бәйбішені қақсатқан тоқал қандай?
К ү д е р і
Мұндай тірлік байқалар әкеңнен де,
Мұндай тірлік байқалар көкеңнен де.
Бәйбішені қақсатқан арам тоқал
Өле-сала барады жәһәннәмге!
Ұ л б и к е
Жер кезесің, Қожеке, қайда көрсем,
Елден кетпе, Қожеке, пайда көрсең.
Қожа болсаң, мешітте жатпас па едің,
Қожа емес, ел кезген сәудегерсің!
К ү д е р і
Олай десең, Ұлбике, Ай Қожамын,
Мал мен басқа жарыған бай қожамын.
Көп тигізбей тіліңді, байқап сөйле,
Жеті атамнан бері мен пір қожамын!
Ұ л б и к е
Қожекеңнің мінгені арғымақ ат,
Көрмеген соң адамның бәрі де жат.
Қожа емес нәсілін, мен айтайын,
Орақ мұрын әкеңіз дәу қара сарт.
К ү д е р і
Олай десең, Ұлбике, Ай қожамын.
Мал мен басқа жарыған бай қожамын.
Тарта сөйле тіліңді, Ұлбике қыз,
Тәлім алған Бұқардан дәу қожамын.
Ұ л б и к е
Қалай-қалай сөйлейсің, жазған қожам,
Өлең айтып, сөз түйіп азған қожам.
Маңғазсына бергенмен маңызың жоқ,
Қазақ кесіп жіберген азбан қожам.
К ү д е р і
Оқиды қожа-молда тарабысын,
Аулаққа, Ұлбике қыз, барамысың?
Ұстара, азбан болсақ, тиген шығар,
Тимеген ұстара сен арамбысың?
Ұ л б и к е
Басы бар неше түрлі арабының,
Әркімнің Құдай білер дара мінін.
Өзінің шыққан жерін арам деген
Қарай гөр Қожекеңнің арамдығын!
Д а у ы с т а р:
– Жеңді! Жеңді! Ұлбике жеңді!
– Оттапсың! Ұлбикеден гөрі Күдері басым түсті.
– Сен өзің оттапсың! Күдері кім ол? Бар болғаны қожа! Арақтың жаманы – боза, қазақтың жаманы – қожа!
– Өйтіп тіл тигізбе! Біріншіден – боза – арақ емес, екіншіден қожа – қазақ емес!
– Қазақ болмасаңыздар мұнда не бітіріп жүрсіздер? Дін сіздердікі болғанмен, тіл өзіміздікі. Демек, айтыс та біздікі! Барыңдар бар! Өздеріңізбен өздеріңіз арабша айтысыңыздар!
– Қойыңдар! Қойыңдар! Орынсыз әңгіменің керегі не? Ұят болады. Қойыңдар! Кім айтты сендерге қожаны қазақ емес деп!? Қожаны қазақтың жаманы деп кім айтты? Қожа да қазақ және жақсы қазақ! Мұндай сөзді екінші рет айтушы болмаңыздар!
– Мейлі солай-ақ болсын! Бәрі бір Ұлбике жеңді!
– Жоқ! Күдері жеңді!
– Жоқ! Ұлбике жеңді!
– Жоқ! Күдері жеңді!
– Ұлбике жеңді!
– Күдері жеңді!
(Ошақтылар бір жақ, қожалар бір жақ болып, екі топқа бөлінеді. Кейбіреулер сөзді қойып, күш көрсетуге көшеді. Бірін-бірі кеуделерінен итеріп, жағаласа бастайды. Дуалы ауыз ауыл ақсақалдары араласпаса, сөздің аяғы жанжалға, даудың аяғы дауылға айналып кетуі әбден мүмкін. Сахна жабылады. Бірақ кежілдескен қолайсыз дауыстар біразға шейін үзбей естіліп тұрады)
(Жалғасы бар)
Фото: ашық дереккөзден