Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№14 газет

22 ақпан 2025 ж.

№13 газет

18 ақпан 2025 ж.

№12 газет

15 ақпан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 
» » Мың бір мұң (трагедия)

Мың бір мұң (трагедия)

Биыл көрнекті айтыс ақыны Ұлбике Жангелдіқызының туғанына 200 жыл толып отыр. Көпшілік тағдырлы ақын туралы тереңірек біле бермейтіні рас. Осы орайда аудан әкімінің тапсырмасымен аудандық газет редакциясының ұйымдастыруымен кең көлемді ақпараттық-насихаттық жұмыстар жоспарлануда. Себебі Сыр елінің тумасы, көкірегінде өлең жазылған ерекше дарын иесін басқадан бұрын жерлестері жақсы білуі, насихаттауы қажет. Аудандық газет ұжымы осындай салмақты тапсырма әрі міндетке үлес қосу мақсатында жыл көлемінде Ұлбике ақынның өмірі мен шығармашылығын ақпараттандыратын болады.

Бұған дейін газетіміздің №9 санында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәуле Ерімбеттің кең көлемді мақаласы жарық көрген еді. Мақала жарияланғаннан кейін редакцияға хабарласып, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы пікір білдірушілер көп болды. Бұл Ұлбике ақынның қазақ айтыс өнеріндегі шоқтығы биік тұлға екенін анық аңғартады. Сыр елінде туып-өсіп, қысқа ғұмыры Тараз шаһарында жалғасқан, өмірі мен өнері кейінгі буынға мұра болып қалған Ұлбике ақын туралы қалам тербеген ақындар мен жазушылар көп емес. Жақында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлының ұсынысымен ақын Қадыр Мырза Әлінің таңдамалы туындылар он томдығынан «Мың бір мұң» трагедиясын оқыдық. Екі бөлімді бес көріністен тұратын шығарманы жүрегі бар адам сезімсіз оқып шығуы мүмкін емес. Қарымды қаламгер, біртуар ақынның толғаулы драмасын аудандық газетте жариялауды жөн санадық. Осы бір драма арқылы көпшілік Ұлбике ақын туралы тың, шынайы деректерге толық қаныға алады деп санаймыз.

ҚАТЫНАСУШЫЛАР:

Ұлбике – дарынды қазақ қызы, айтыс ақыны
Бойтан – күйеуі
Ұлжан – жақын құрбысы
Таспақожа – ақын
Күдеріқожа – ақын
Ізтілеу – ақын
Жангел – ақын
Ақжол – Ұлбикенің ағайыны, бала кезден бірге өскен досы

Бірінші бөлім

Бірінші көрініс

Оңаша отау. Үш-төрт қыз, бір-екі жігіт. Жігіттің біреуі күй тартып отыр. Көңіл көтеруге жиналған жастар. Бірақ көңілсіз. Әсіресе Ұлбике көңілсіз. Қабағы түсіп кеткен, басын таңып алыпты. Құрбысына сүйеніп, күрсіне береді.

Ұлжан. Айналайын, Ұлбике! Біз осында сенің көңіліңді көтеруге жиналып отырмыз. Ал сен болсаң, қабағыңды ашпайсың. Не болды соншама?! Ашшы қабағыңды, көтерші еңсеңді! Мына күйдің бәрі: «Былқылдақ» та, «Сылқылдақ» та, «Қыз ақ желең» де, «Кербез ханым» да саған, тек саған арналып тартылып жатыр. Кәне, көтер басыңды!

Ұлбике. Рақмет ықылас-ниеттеріңе! Бірақ бір мұң деген албасты бар. Ол басса, жаман басады. Шыбын жаныңды қоярға жер таппайсың. Мұңның мың батпан салмағы жаныңды жаншыған кезде суға кетіп өлгің келеді. Ол мұң бір ғана мұң болса ештеңе емес қой! Мыңнан асады. Аз дегенде мың бір мұң!

Тұнжыраған тіршілік,
Өліп барам тұншығып!

Уфф! (Ұлжанның иығына басын қойып, көзіне келген жасын сүртеді. Күрсінеді.)

Ақжол. Адам көңілі – қараңғы орман, қыздың көңілі одан да әрман. Дәл қазір Ұлбикенің ішіне кіріп шыққан кім бар?! Кірген күнде де түсіне қояр ма екен?! «Көңілден!» «Көңілден» – дегеннен көңілдене ала ма адам?! Одан да бәріміз болып көңіл көтерелік. Мүмкін көптің күлкісі көтеріп әкетер. Сергітер! Өнердің маған біткен арқасында мен биыл Арқаны араладым. Өткен жылы Сыр мен Жайық бойын шарладым. Алшындардың арасында болдым. Не бір әншілерді, не бір күйшілерді көрдім. Талай-талай қызық нәрселер естідім. Бір дорба жұмбақ жинап қайттым. Ішінде екіұшты мағыналы, астарлы көңілді дүниелер көп. «Туыс­қан туысқаннан бір жерін жасырмайды», – деген сөз бар. Сәл оқыстау, сәл оғаштау, тіпті бәдіктеу болса айып етпеңдер... Қалай болғанда да әдемі. Күлмей, мәз болмай, тыңдай алмайсың. Ұрықсат етсеңіздер, солардың біразын ортаға салайын:

Дауыстар:
– Сал! Сал!
– Айт! Айт!
– Біз туысқаннан да жақын жандармыз, қысылма!
– Біздің де бір-бірімізден жасыратын еш­теңеміз жоқ!
– Дұрыс-ау!
– Айт! Айт!
Ақжол. Ал онда бастадым. Таңдап жатпаймын. Аузыма қайыссы түссе, сонысын айта беремін. Сонымен құлақ түріңдер! Бірінші: «Еңкеймей ме? Шалқаймай ма? Суырып алса, су тамбай ма?»

(Қатар отырған қыздар бірінің құлағына бірі әлдене деп сыбырлайды. Сосын мырс-мырс күледі. Бірақ жұмбақты шеше алмайды)

Ақжол. Кәне, қайыссың шешесің? Шеш­кендеріңе арнап күй тартып беремін!
(Ешкім шеше алмайды. Мырс-мырс күле береді, күле береді.)

Ақжол. Күлетін түгі жоқ. Бәрібір сендер ойлағандай емес.
Ұлжан. Сонда қандай?
Ақжол. Таба алмасаң, осы тектес бір жұмбақ айт! Қолыңнан келсе, ойдан шығар!
Ұлжан. Бізге ондай дарын қайда?! Бірақ осы іспетті бір жұмбақ естігенім бар. Бірақ айтуға қысылып отырмын!
Ұлбике. (шыдамай) Қысылма! Айт! Айт!
Ұлжан. «Қымқырылған-жымқырылған, ішіне жүн тығылған»
Ақжол. Сақал-мұрты өсіп кеткен кәпір ғой.
Ұлжан. Жоқ, олай емес.
Ұлбике. Онда жұмбақтарыңның шешімін өздеріңіз айтыңыздар!
Ақжол. «Еңкеймей ме? Шалқаймай ма? Суырып алса, су тамбай ма?» дегенім – құдықтағы қауға. Суға толы шелек. Қауға тартқан кезде шелектен су тамбай ма?!

Дауыстар. – Рас-ау!
– Шынында да солай ғой!
– Ал біздер...
– Иә, Сіздердің не ойлайтындарыңыз бәрімізге белгілі.
Ұлбике. Енді сен айт, Ұлжан!
Ұлжан. «Қымтырылған-жымтырылған, ішіне жүн тығылған» дегенім үйітілген төс.
Дауыстар: – Бұл да рас!
– Аумайды!
– Ал кейбіреуіміз...
– Иә, кейбіреуіңіздің не ойлайтындарыңыз белгілі ғой!
Ұлбике. Шынында да қызық жұмбақтар екен. Тағы біреуін айт, Ақжол!
Ақжол. «Сығырайған – сенікі, шыңдап салған менікі».

(Қыздар өзара сыбырласып, тағы да мырс-мырс күледі.Бірақ шешімін айта алмайды. Не екен деп бәрі де Ақжолға қарайды)

Ұлбике. Сенде басқа жұмбақ бар ма, Ұлжан? Әлде тауысылды ма? Бар болса айт! Есеңді жіберме!
Ұлжан. Бәдік болып кететін болдым-ау! Дегенмен тағы біреуін айтайын. Мұны жеңе­шемнен үйренгем.

Ал, енді, жаталық,
Ағарғанды жабалық.
Қызарғанды басалық
Томпайғанды тапталық,
Қылды қылға тақалық!

Дауыстар: – Па! Па! Па!
– Жұмбақ десең жұмбақ екен!
– Мұның шешімі қандай болар екен?!
– Бәрібір біз ойлағандай болмайды!

(Тағы да өзара сыбырласып, тағы да мырс-мырс күледі)

Ұлбике. Қалай Ақжол? Шеше алатын түрің бар ма? Әлде өз жұмбағыңның жауабын айтып құтыласың ба?
Ақжол. Сендер қалай ойласаңыздар мен де солай ойлап отырмын. Бірақ айтуға аузым бармайды. Бәрібір оның басқаша шешімі бар. Босқа күлкі болып қайтемін? Одан да өз жұмбағымды айтайын. Ол: «Сығырайған – сенікі,шындап салған – менікі» – деп келмеуші ме еді? Жауабы: «Сығырайған – сенікі» – иненің жасуы. Ал «шыңдап салған – менікі» – суыртпақ жіп.
Дауыстар: – Ғажап!
– Бұлай деп кім ойлаған?
– Қалай шатыстырады адамды?!
– Сұмдық!
Ұлбике. Енді сен айт, Ұлжан!
Ұлжан. Менің жұмбағым тіптен оңай: «Ағарғанды жабалық» – терезені жабалық; «Қызарғанды басалық» дегенім – шамды сөн­дірелік «Томпайғанды тапталық» – жас­тыққа басымызды қоялық; ал «Қылды қылға тақалық» дегенім – кірпіктерімізді айқастырып, көзімізді жұмалық деген сөз.
Дауыстар: – Керемет!
– Айналайын айтқыштарым-ай!
– Қалай ойнатады?
– Шынында бұдан гөрі басқашалау ғой.
– Жұрттың ойындағысын әжуә етіп отыр!
– Әрине!

(Осы кезде есік ашылып, әдемі киінген жас жігіт Таспақожа кіреді. Сәл-пәл көңілі көтеріліп, қабағы ашылған Ұлбике домбырасын қолына алып шертіп-шертіп жібереді)

Ұлбике

Таспақожа дегенде, Таспақожа
Керек емес біздерге басқа қожа!
Жоғарылаңыз! Құрметпен қарсы аламыз,
Келіп қапсыз кезінде асқа, Қожа!

Таспақожа. Кештерің жарық болғай, көк­темнің гүліндей құлпырған менің құрбы-құр­дастарым! Орта толсын!
Ақжол. Өзіңмен төпелеме болсын!

(Таспақожа төрге шығып, жайғасқаннан кейін Ұлбике кәдімгідей ширап, ширығып, домбырасын бебеулете қағып, өлеңмен сөйлейді)

Ұлбике
Ауыз ашпай отырсам не етер еді?
Күйкі өмірім күйікпен өтер еді.
Ақын жігіт, өлеңнен үлесіңді ал,
Өлең, шіркін, көңілді көтереді.

Жеңіл нәрсе, жел тұрса, көкке ұшады,
Күйгелек жан жүрегі от құшады.
Сағынғанда сарғайып, келіп қалдың,
Өлеңмен де сыпайы келші тағы!

Орны бөлек әр сөздің, мәні басқа,
Елі бірге әр қыздың, жөні басқа.
Көрмегелі көп айдың жүзі болды,
Серт етіп пе ең бұл жаққа жоламасқа?!

(Таспақожа өзіне жақын отырған күйші жігіттің домбырасын ала сала, жалма-жан жауап қайырады)

Таспақожа
Шашың сұлу көрінер өрілгенде,
Бойың сұлу көрінер керілгенде.
Қыз дегеннің жолы ұзақ, өзі жаттық,
Ғайып болар жұлдызы көрінгенде!

Екі жақсы қосылса, бақ табады,
Біреуі біреуімен мақтанады.
Бойтандайын борсыққа барғандардың
Қор болады-ау, шіркін-ай, ақ тамағы!

Бөдене де табылған дәнін жейді,
Өлең айтқан өзінің жанын жейді.
Толған айдай толықсып өскен қыздың
Тентек Бойтан қалайша қамын жейді!

(Ұлбике орамалмен бетін жауып, көзінің жасын сығып алады. Таспақожа сөзін одан әрі жалғастыра береді.)

Таспақожа
Барған жерің балауса майдай болсын!
Көк аспаны Күн менен Айдай болсын!
Туған-өскен жеріңнің желі – жібек,
Өз ауылыңдай бөтен жер қайдан болсын!

Қожалардың қыздарға салған демі –
Тоқсан тоғыз кеселдің болар емі.
Қыз дегенің додаға түскен лақтай,
Қай жан тартып әкетсе – соның жемі!

Кейбір терек кеспей-ақ жығылады,
Кейбір адам жау келмей тығылады.
Жын қаққан мен көк соққан бірге жүрсе,
Талай адам амалсыз бұғынады.

Ұлбике
Әр жігіттің өзіне теңдесі бар,
Әрбір қыздың жанашыр жеңгесі бар.
Екі жастың арасын шошытатын
Таспаның да тілінде инесі бар.

Қыз-қырқынның жаз болса, қолы тимес,
Тезек теріп күнімен үйін көрмес.
Көрмей жатып Бойтаннан безіп бердің,
Бір бөріге он қыздың әлі келмес!

Көзіме ыстық кереге, шаңырағым,
Саулық қойым, көк ешкім, маңырағым.
Жас шағымнан атаған адамым сол,
Сен секілді қожаны не қыламын?!

Таспақожа (екіленіп)

Өлең айтса ақындар, сөз таңдайды,
Сұлуларды таразы көз таңдайды.
Үрпек жүнді аққудың көгілдірі,
Кім біледі ол жақта жаз қандай-ды?!

Бай ұлының жүрісі басқа дейді,
Құрығы ұзын, ақылы қысқа дейді.
Бұл құлақта естіген не жазық бар:
Екі аяқты әйтеуір нұсқа дейді.

Сол Бойтанның астында саяғы бар,
Ұзын келген ұр да жық таяғы бар.
Өзі қара, ағармас жаласаң да,
Сен сүйерлік шіркіннің қай жері бар?!

Ұлбике
Әркім аттар шамалап арығынан,
Тамшы тамар тостақтың жарығынан.
Екі аяқты еркекте мін болмайды,
Қыз да аңғарар жігітті парығынан.

Жастай өскен жерімде бағыланмын,
Ұзап кетсем, елімді сағынамын.
Қабыланның қолына түсіп қалдым,
Жазғанына жазмыштың не қыламын?!

Көшкен елдің жақыны, ұзағы бар,
Таулы-тасты, шөл дала, құзары бар.
Қайда барсам жолымды кес-кестейтін
Құрып қойған Бойтанның тұзағы бар.

Таспақожа
Ат бауырын бапкерлер жаза алады,
Қаршыға құс үйрек пен қаз алады.
Ойнап-күліп қожамен қосылғанның
Қайғы-дерті іштегі тазарады.

Көсеуі ұзын адамның қолы күймес,
Кембағалға байлардың малы тимес.
Сен қайтесің, Ұлбике, сол немені,
Көз көрмеген пендені көңіл сүймес!

Қожа жігіт тон киер көк әдіпті,
Орамамен хат жазар жеті әліпті.
Осы түнде мінгесіп, бір кетелік,
Тағдыр жолы әйтеуір бір кәдікті.

Ұлбике
Айран болса, күбі іші бос болмайды,
Бір-біріне жақсы адам өш болмайды.
Өзі әкеліп Құдайың қосса-дағы,
Бөлтірік пен бағыланың дос болмайды.

Ел-жұртымнан өсірген айналайын,
Мына отырған орнымнан қозғалмаймын.
Қожалардан өзінің теңін таппас
Ошақтыда қыз қалса, мен қалайын!

Қатқан жоқ-ау қабырғам, талша менің
Бекіген жоқ әлі де қыпша белім.
Бері отырған орныңнан әріге отыр,
Обал болар, жанымды қыспа менің!

(Таспақожа домбыраның құлағын бұрап, тамағын кеней берген кезде сөзге Ақжол араласады)

Ақжол. Құрметті Қожеке! Сіздің ақын­ды­ғыңызға күдік келтірмейміз. Осы өңірдегі сөз сүлейлерінің бірісіз. Ал Ұлбике болса, біздің арымыз бен ұятымыз іспетті. Ол алдымен ару, нәзік жан. Ол жағын Сіз жақсы түсінесіз. Түсіне тұра Ұлбикені осал жерден, жанды жерден ұрып, бітеу жараның аузын тырнап отырсыз. Қай қыз сүйгеніне, таңдағанына қосылып жатыр. Бойтан – Ұлбикенің қалауы емес. Тағдырды әжуә қылуға болмайды. Жазықсыздан жазық­сыз босқа күйдіріп, құрбыңыздың жанын бекерге қинамаңыз! Онсыз да өзі іштей жүдеп, күйіктен қажып жүр. Біз бүгін әдейі соның көңілін көтерелік деп жиналған едік. Сізде келе қалдыңыз. Келгеніңізге қуаныштымыз. Сіз бізді түсініңіз және айып етпеңіз! Біз Сізден азаматтық әрекет күтеміз. Ұлбикенің көңіліне қаяу салмаңыз! Қолыңыздан келсе, жұбатыңыз.
Ұлжан. Ақжол дұрыс айтады. Ұлбикенің жаны жүдеп, көңілі ұлып жүрген кезі. Жаралы жанды жаралай бергенде не табасыз? Айтыстарыңызды әзірше осы тұстан доғара тұрсаңыздар. Адамды ұстап тұрған – көңіл. Көңіл көтеріңкі болса: Ұлбике, бір емес, он ақынмен қатар айтыса алар еді! Өкінішіне орай,

(Жыламсырап, одан әрі сөйлей алмайды)

Ұлбике
Жайсаңдарды, жақсыны сүйіп беттен,
Ең дұрысы: сөзбенен биіктеткен.
Су отындай бықсымай: жақсы ақынға
Ләзімі – өртеніп, күйіп кеткен.

Таспақожа
Жүдеген сәтің екен сенің бүгін,
Мен бірақ ертеңіңе сенімдімін.
Артық кетсем, Ұлбике, кешір мені,
Сенің мұңың, шынында, менің мұңым!

Дауыстар:
– Пәлі!
– Ой, азамат!
– Кісінің кісілігі осында!
– Алдыңнан жарылқасын!

Ақжол. Мың құбылған көңіл күйі қалпына келе бастаған сияқты. Бұлт ыдырады, күн көзі көрінді. Біз де ойын-сауығымызға қайтып оралалық. Соған кіріспе ретінде мен сендерге тағы бір күй тартып берейін.

(Күй бітеді, жұрт кәдімгідей серпіліп, ойын-сауығына қайта кіріседі. Сөйтіп, жаңа желпіне бастаған кезде Ұлбике оқыстан өлең оқиды)

Ұлбике
Біреу менің бақытымды ұрлап кеткен сияқты,
Біреу бітеу жарам аузын тырнап кеткен сияқты.
Біреу менің арманымды қағып кеткен сияқты,
Бар қызығым дарияға ағып кеткен сияқты.

Біреу менің үмітімді қиып кеткен сияқты,
Аспан асты, жердің үсті күйіп кеткен сияқты.
Біреу мені тұңғиыққа лақтырған сияқты,
Өз молама өзім келіп жылап тұрғам сияқты.

Сәт болады, кез болады кейде менің басымда,
Жиі-жиі жүріңдерші, о жақсылар, қасымда!
Оның неге көрінерін кім біліпті, расында,
Жиі-жиі жүріңдерші, о жақсылар, қасымда.
Мұның неге көрінерін кім біліпті-ау расында!
Айып етпесеңіздер, мен енді аздап демалайын.

(Ұлбикемен бірге жұрттар да орындарынан тұрады)

Басы. Жалғасы келесі санда
Фото: Ашық дереккөзден
11 ақпан 2025 ж. 176 1

Бексұлтан от 17 ақпан 2025 10:54
Қазақтың көгіне күн боп туған, жыр боп құйылған, өршіл рухты Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Ұлбике – қазақтың сөз өнерін асқақтатқан ақын ғана емес, тағдырымен, ерлігімен, талантымен ұлттың рухын жаңғыртқан тұлға. Ол айтыс сахнасында суырылып шығып, жыр додасында жігіттермен тең түскен/басып озған, шындық пен әділдіктің туын желбіреткен ақын.

Екі ғасыр өтсе де, Ұлбикенің сөзі ескірмеді, жырлары көмескі тартпады. Өйткені ол – шын талант иесі, халқына адал қызмет еткен дарын. Оның айтыстары – ой мен сезімнің, парасат пен пайымның тоғысқан жері.

Бүгінгі ұрпақ Ұлбике жырларынан қуат алып, оның рухын жүрегінде сақтауы тиіс. Ақынның асыл мұрасы – қазақтың қазынасы, елдіктің белгісі.

Ұлбикенің мұрасы – мәңгілік! Оның өлеңдері – халқымен бірге жасай береді!