Өнеге еді өмірі
Ғабит Мүсіреповтен «Әйел оянбай, еркек тұрмайды» деген қанатты сөз қалды. Әлбетте, мұндай анықтаманың анау-мынау әйелге қаратыла айтылмайтыны айтпаса да белгілі. Классиктің аузынан шыққан осы бір қанатты сөздің мәртебесін арттырар кемеңгер әйелдер қазіргі қоғамда да баршылық.
Оны бір деп қояйық
Рас, қазіргі алмағайып заманда қазақ әйеліне қатысты небір пікірлер айтылады. Жасыратыны жоқ, соның көбі теріс ыңғайда. «Ардың төбесіне ақша шыққан заманға не дауа» дейсің де қоясың кейде. Бәрі де Жаратушының ісі деп аталмыш мәселені жылы жауып қоя салса да болар еді. Алайда болашақ бар, сол болашақтан күтер үміт пен арман бар.
Мұндайда тарихтың терең қойнауынан тұтас бір қауым елге тұтқа болған Домалақ ана, Қызай ана сияқты кемеңгерлерімізді іздейміз. Сондай ұлы әйел заты неге жоқ деп қынжылар кезіміз де көп.
Матриархат әлсіреп, патриархат атқа мініп тұрған дәуірде көп жағдайда данышпан әйелдің кемеңгерлігінің мәртебелі, лауазымды күйеуінің тасасында қалып жататынын да көріп, біліп жүрміз.
Дегенмен елдің көзі – қырағы, ондай парасаты мен ақылы теңескен әйелдердің есімін халық ұмытпайды, айтып, мәртебелеп жүреді. Оларды өзінен кейінгі қыз-келіншектерге үлгі етеді.
Біз сөз еткелі отырған кейіпкер – республикаға белгілі қоғам, мемлекет қайраткерінің анасы, ұзақ жыл ел басқарған белгілі тұлғаның зайыбы, Құдай қосқан қосағы. Осы жерде «Құдай қосқан» деген қисынды анықтамаға акцент беру керек. Әлбетте, Құдай қосқан қосақтардың парасаты, мәртебесі, бағы артық.
Біз сөз еткелі отырған кемеңгер ана Мамытбаева Дәнеш Құрманбайқызының дүниеден өткеніне 30 жылдан асыпты. Өмір бар жерде өлім хақ, о дүниелік болған пенденің біразы уақыт өте келе ұмытылып, архиуақыт құзырына ауады. Алайда жақсының аты өлмейді, бұл өмірден өткеніне ширек ғасырдан асса да Дәнеш апаны кең байтақ Сыр өңірі әлі күнге өскелең ұрпаққа үлгі етеді.
1999 жылы Жамбылда Бәйдібек ата мен Домалақ ана кесенесі ашылды. Ерлі-зайыпты тағдырлы өмірдің, тәлімді өмірдің символына айналған осы Бәйдібек ата мен Домалақ ананы ұрпағы, алты алашы арада сан ғасыр өтсе де мәртебелеп, атын ұмытпай, аспанға көтеріп келе жатқанын көріп-біліп отырмыз. Сол салтанатта елге белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, ел ағасы Әбіш Кекілбаевтың сөйлеген сөзі еске түседі.
Ұлы жазушы Бәйдібек ата мен Домалақ ананың тәлімін, тәрбиесін алға тарта отырып, одан кейінгі, қазіргі заманғы осы ұлы үрдісті абыроймен жалғастырып келе жатқан бірер ерлі-зайыпты адамның атын да айтқан.
Әбіш Кекілбаев сол жиында Бәйдібек ата мен Домалақ ананы айта, өзгелерге үлгі ете отырып:
– Қазіргі заманда да ұлыларымыздың тамаша тәлімін жалғастырып ұрпаққа үлгі етіп өткендер, үлгі етіп жүрген кемеңгерлер баршылық. Менің түсінігімде алдымен Ананы – Атадан, Атаны – Анадан айырмау керек. Жақсы ұрпақтың өмірге келуі де соның әсері.
Дәрібай баба ұрпақтары 2015 жылдың 8 желтоқсанында Қызылорда қаласында үлкен ас беріп, сол жерде Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері Әбекең былай деген еді: «Оңтүстік өңірге танымал шаруашылық, партия, кеңес орындарында жауапты қызметтер атқарған Елеу Көшербаев пен сол кісінің жары Дәнеш Құрманбайқызының есімі ерекше аталғаны бар. Ондай тәлімдік тұлғалар арасында өз басым Елеу Көшербаев пен Дәнеш Құрманбайқызының тағдырын ерекше атар едім, – деген.
Сыр өңірінің ырысты бір аймағы Жалағашта туған Дәнеш Құрманбайқызы ел есінде кәсіби біліктілігімен, тәлімімен, үлгілігімен есте қалды. Қазір басшылық жіберген қызметке әйел келіспесе бара алмайтындарды да көріп жүрміз. Өз заманының іскер шаруашылық ұйымдастырушысы, үлгілі партия, совет қызметкері Елеу Көшербаевтың Оңтүстік өңірде бірнеше ауданда жауапты қызметтер атқарғаны белгілі.
Біздің кейіпкеріміз Елеу атамыз қызмет атқарған Қазалы, Тереңөзек, Сырдария, Қармақшы аудандарында өз қызметімен ерекше құрметке бөленіп, сан-алуан мәртебеге ие де болған кісі.
Кемел ақылдың иесі Дәнеш апа күйеуі қызметке тағайындалған жердің бәрінде абыроймен қызмет істеген мұғалім, ұстаз. Ұзақ жылға созылған қызығымен қоса жауапкершілігі көп мұғалімдік өмірінде бірнеше буынға тәлімді тәрбие берді.
Қазір Дәнеш Құрманбайқызының шәкірттері республикамыздың әр түкпірінде басшылық қызметтер атқарады. Солардың әрқайсысы әлі күнге дейін ұстаздарының есімін ардақтап, басына тәу етіп тұрады.
Бауыржан Момышұлынан «Сапарға шықсаң, алдымен қайда бара жатырмын деп емес, қайдан келе жатырмын деп ойла» деген сөз қалды. Бұл жердегі әңгіме адамның ата тегіне, өскен ортасына, көрген тәрбиесіне байланысты.
Жалағаш өңірі екі бастан тарихқа бай аймақ. Осы Жалағашта туған белгілі тарихи тұлғалар арасында XVIII ғасырда өмір сүрген бабасы Құба бимен бір ғана Темірбек Жүргеновті айтса да жетіп жатар еді. Алайда Сыр өңірінің әуелден Сыр сүлейлерінің ордасы болғаны арғы-бергі тарихтан аян. Нағашы атасы атақты Дүр Оңғар ақынның өлеңдерін жатқа айтатын.
Дәнеш апамыз алдымен осындай ұлылардың тәлімді жырларын естіп өсті. Соның арқасында өзі де суырып салма ақын болды.
Ол туралы да әңгіме көп
Қай өңір болсын, алдымен өз басшысының кемел ақылының арқасында өркендеп, дамиды. Алдымен басшы шаруашылық мәселелерінен басқа сол өңірдің руханиятын, тарихын, спицификасын жақсы білуге міндетті.
Жалғыз қазақ қана емес, бүкіл түркі дүниесінің данышпан киесі, мақтанышы саналатын Қорқыт ата – жарты әлемге танымал тарихи тұлға. Жасыратыны жоқ, өмірге, имандылыққа, тазалыққа деген шүбәсіз махаббатымен аты аңызға айналып, тарихта қалған Қорқыт атаға ортақтасушылар арасында қазақтан басқалар да жеткілікті.
Ол заманда Оғыз-қыпшақ одағы құрылып, бүкіл түркі дүниесі бір ғана этникалық субъект деп қарастырылды. Алайда арада ғасырлар өткен соң Оғыз бен Қыпшақ арасындағы қақтығыстан түркі дүниесінің екіге айрылғаны, оғыздардың Қап тауы арқылы Кіші Азияға ауғаны белгілі.
Бірақ осы екі этникалық бірлестік те өздері бірге өмір сүрген дәуірдің айтулы тұлғасы Қорқыт бабаны өзімдікі деп санайды. Тіпті, әзірбайжандардың Қорқыт ата туралы көркемсуретті фильмінде біздің ата-бабаларымыздың мүлдем тұқымы бөлек, басқа жұрт етіп көрсетілгені де өтірік емес.
Алайда Қорқыт бабаның Сыр өңірінде туғанына ешкім таласа алмайды. Ұлы философты өзіне меншіктеп алғысы келіп жүргендердің қай-қайсысы да оны амалсыз мойындауға мәжбүр.
Қорқыт бабаға талас кезінде 1980 жылы Қармақшыда оған ескерткіш ашылды. Бұл енді ұлы бабаның қазақ даласының перзенті екенін айқын дәлелдейтін шүбәсіз әрекет болатын.
Ол кезде Қармақшы ауданын Елеу Көшербаев басқарды. Ол кісінің аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы есебінде бүкіл назарының алдымен сол өңірдегі шаруашылық істеріне ауатыны айтпаса да белгілі. Өйткені ол заманның талабы да сол еді.
«Ақылды әйел – ердің мәртебесі» деді халық даналығы. Ел тарихынан, руханиятынан хабары, білігі мол, үлкен танымдық зерденің иесі Дәнеш Құрманбайқызының ел-жұрт әлі күнге дейін жыр қылып айтып жүрген үлкен бір ерлігі сол жолы жүзеге асырылған.
Ақиқатында, 1980 жылы Қармақшыда Қорқыт атаға ескерткіш тұрғызу идеясы алдымен осы Дәнеш апамыздан шыққан көрінеді.
Кеңестік үкімет, Мәскеудегі орталық ұлттық республикалардағы руханият мәселесіне салғырт қарады. Салғырт қарады деген бір жағынан алып қарағанда, сылап-сипағанмен бірдей, іс жүзінде Мәскеу Одақтас республикалардағы жергілікті ұлтты дәріптейтін, этно-мәдениетін асқақ етіп көрсететін әрекеттердің бәріне кедергі келтіруге тырысты.
Сол заманда Алматыдағы қазіргі атағы дүркіреген «Арасан» моншасын салдырып, мемлекет қаржысын шашқаны үшін Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өзі де сөгіс арқалаған болатын.
Әлбетте, Дінмұхаммед Ахметұлына сөгіс беру оңай шаруа емес еді. Бірақ жергілікті халықтың мүддесіне сай жасалған әрекеттердің бәрін Орталық жақтырмайтын. Қорқыт ата ескерткіші де дәл сол кезде салынды. Елдің рухы бір көтеріліп қалды. Алайда оның да өзіндік жаңғырығы болған.
Әлдекімдер аудандық партия комитетінің хатшысы тарихта болғаны, болмағаны белгісіз, дәлелденбеген Қорқытқа ескерткіш тұрғызып, мемлекет қаржысын шашты деген арыз жазады. Оның арты да айғайға ұласқан. Көп ұзамай, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты қызметкері Устиновтың тапсырмасымен ауданға арнайы комиссия жіберіліп, тексеріс жүргізіледі.
Аққа қашанда Құдай жақ, ақыры Қорқыт атаның аруағы қолдап, Елеу Көшербаев ауызша ескертумен құтылған. Дәнеш Құрманбайқызының ақылымен тұрғызылып, елдің рухани игілігіне айналған, қалғып бара жатқан ұлттық сананы оятқан Қорқыт баба ескерткішінің осындай да тарихы бар.
Бұл енді, ел-жұрт тегіс білетін ақиқат
Жалпы мамандығы тарихшы болғанмен, ауыз әдеби мұраларды көп білетін Дәнеш Құрманбайқызының Сыр өңірінің рухани өміріне қосқан үлесі зор. Жастайынан жазба әдебиетпен қоса ауызша әдебиетке, ұлттық фольклорға ден қойған Дәнеш апа өлкеге белгілі әрбір жыршының, ақынның есімін ұлықтауға айтарлықтай үлес қосып өтті.
1980 жылы Тұрмағамбет ақынның мерейтойына орай Қызылорда облысында ескерткіш ашылды. Сол салтанатқа келгендердің арасында Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахат атамыз да болған.
Мәртебелі жиынға Ахат атамызды арнайы шақыртуға мұрындық болған кісі де – Дәнеш Құрманбайқызы. Әйтпесе, ол кезде жергілікті шенеуніктер Шәкәрімнің баласы түгілі Шәкәрімнің өзін де біле бермейтін.
Ал тарихшы Дәнеш Мамытбаева оны жақсы білді. Шәкәрімнің жырларын жатқа оқыды. Осының бәрі біздің кейіпкеріміздің өз заманының білімді адамы болғанын көрсетеді.
Дәнеш Құрманбайқызының идеясымен облыс көлемінде атқарылған игі істер қатарында ел-жұрт әлі күнге дейін ауыздан тастамай айтып жүрген біреуі бар. Ол – Қазалыда Ғани Мұратбаевтың 80 жылдығына орай 80 гектарлық бақтың ашылуы. Әлі күнге дейін гүлдеп тұрған сол бақтың алғашқы талын да Дәнеш апаның өзі еккен екен.
Жергілікті ел Дәнеш Мамытбаеваның суырып салма ақындығымен қоса, сөйлер сөздің шешені болғанын да ауыздан тастамайды. Әсіресе, күйеуі Елеу атамыз ұзақ жылғы өзгерістен кейін Қазалыға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келгенде сөйлеген сөзі біздің кейіпкеріміздің кемеңгерлігімен қоса, сөйлер сөздің көсемі болғанын да айқын көрсетсе керек.
Арал-Қазалы – Елеу Көшербаевтың туған жері. Бұл өңірден жас қосағы Дәнешпен қол ұстасып кеткен өрімдей перзентінің араға жылдар салып сол ауданның басшылығына келуі, шынында да керемет оқиға болатын.
Сол жиында Дәнеш Құрманбайқызы сөз сөйлеп:
– Ағайын, Елеуді сендерден құнан кезінде әкетіп, бесті тұлпар күнінде әкеліп отырмын, – деген.
Әрине, мұндай ұтымды сөз анау-мынау жанның аузынан шықпайды. Соңынан Дәнеш апаның осынау бір сөзі бертінге дейін халық арасында қанатты сөз тіркесі есебінде айтылып жүрді.
Жалпы Сыр өңірі ел басқарған Елеу атаның аты аталған жерде Дәнеш апаның есімін қоса атайды. Әлбетте, оған біздің кейіпкеріміз толық лайықты да еді. Оны белгілі Халық жазушысы, Еңбек ері Әбдіжәміл Нұрпейісов «Дәнеш сол әулетке бибі ана бола білді» деген еді.
Халық арасында айтылып жүрген тағы да бір тамаша пікірді бүгіп қалуға хақымыз жоқ. Сыр елі Дәнеш апаның өзін де ел басқаратын көрнекті тұлға санайды.
Сейілбек Шаухаманов: «...Дәнеш Құрманбайқызы ақылды, білімді, парасатты, мінезі жібектей, иман жүзді, мейірім мен шапағаты мол жан еді. Дәкеңнің дәрежесіне, деңгейіне риза болған облыстық партия комитетінің бір хатшысы Елекеңді кезекті жаңа қызметке өсірерде: «Қызмет біреу, дайын адам – екеу» дегенін жазады.
Сыр елінің қадірменді қызы қоғам қайраткері Алмагүл Божанова өз сөзінде: «... Менің айрықша есімде қалғаны: «Дәнеш апайдың екі көзі мөлдіреп, нұр шашып отырар еді. Сөзге шешен болатын». «... Әрбір әйел Дәнештей болса ғой» деп замандас әрі он жыл көрші тұрған Бағжан апай Мәмбетқызы Қазантаева тегіннен-тегін айтпаса керек. Осы қысқа сөзде қаншама мағыналы сөздер жатыр емес пе?
Кезінде майдангер қаламгерлер Сейіткамал Усабаев пен Сұлтан Қожаниязовтың елге пайдасы тиген бір шараға байланысты:
– Дәнештің орнына елді Елеу басқарып отыр. Әйтпесе ауданды Дәнештің басқаратын реті бар-ақ еді, –деген әзіл араластырылған сөздері де естіген құлақты елең еткізбей қоймайды.
Әрине, Дәнеш Құрманбайқызы «мен неге күйеуімнен кем болуға тиістімін» дейтін әйелдер санатынан емес, Құдай қосқан қосағының мәртебесін өзінен де жоғары қоятын парасатты жан болды. «Әйел еркектің қабырғасынан жаратылған» деген әлімсақтан бергі пәлсапаны ту қылып ұстады. Өмірден осы қағидамен өтті. Қарапайым мектеп мұғалімі Дәнеш Мамытбаеваның аудан, облыстан аты республикаға тарады. Ол кісі 1983 жылдың 21 наурызында «КСРО-ның үздік оқытушысы» атанды.
Республикаға танымал ақын, жазушы Махмұтбай Әміреұлының «Ұйытқысы болды бір елдің» атты өлеңінде:
... Айнымас анық асыл-ды,
Білмеді асып-тасуды.
Елінің болып мақтаны
Ерінің даңқын асырды, – деп жырлайды.
Білмеді асып-тасуды.
Елінің болып мақтаны
Ерінің даңқын асырды, – деп жырлайды.
Міне, марқұм Дәнеш Құрманбайқызы осындай кісі еді. Біз бұл мақаламызда ардақты жанды құрметпен еске ала отырып, есте қалған, ел аузында әлі күнге дейін жүрген деректерден сыр шерттік.
Тынышбек Дайрабаев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы