Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Саңырық батырдың ескерткіш белгісі қойылды

Саңырық батырдың ескерткіш белгісі қойылды

Қазақ тарихында Жоңғар шапқыншыларына қа­тысты ұрыстар көп болған. Оларға қарсы азаттық үшін күресте қазақ жұрты түгелімен жұмылған.

Жоңғар басқыншылары 1723 жылы қазақтарға тұтқиылдан шабуыл жасап, ел тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіреті орын алды. Осы тұста халқымыз жер бетінде ұлт ретінде жойылудың алдында тұрды. Десе де ұлт болып ұйысқан халқымыз араға көп уақыт салмай, еңсе тіктеп, оларға қарсы шабуыл жасады. Ұлы­тауға енуді көздеген жоңғарларға қар­­сы қазақ жастары Шұбартеңіз шай­қасында тойтарыс берді. Бұл 1726 жылы орын алды. Осыдан кейін жау әс­кері кейін шегіне бастаған еді.

Ал 1727 жылы Ұлытау өңіріндегі Бұланты және Білеуті өзендері ара­лығында өткен шешуші шайқаста қа­зақ жасағы жоңғарларға үлкен соқ­қы беріп, жеңіске жетті. Бұл тарихта «Бұланты шайқасы» деген атпен белгілі. Осы ұрысқа қос тараптан 100 мыңға жуық сарбаз қатысқандығы та­рихи деректерде айтылады. Бұл шай­­қастағы қазақтардың жеңісі ұлт ретінде жойылу қаупіндегі халқымызға үлкен рух берген және алдағы үлкен ұрыстардың, үлкен жеңістердің қоз­ғаушысы болған. Содан кейін қазақ тарихында жоңғар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталыпты.

Бұланты шайқасында қазақ қолын Әбілқайыр хан бастаған. Кескілескен шайқаста үш жүздің басы қосылып, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қа­банбай, Шапырашты Наурызбай, Шақ­шақұлы Жәнібек, Райымбек батыр бастаған қазақ жасағы жоңғарларды ойсырата жеңді. Ауыр соққыдан есең­гіреген жау әскері екіге бөлініп қаш­қан. Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ұсынысымен соғыста қаза болған қа­зақ жауынгерлерінің денесі сол маң­дағы таудың басына жерленіпті. Ал сол жеңістен кейін майдан кіндігі болған төбе «Қалмаққырылған» деп атал­ған. Бұл шешуші шайқас туралы жазушы Мұхтар Мағауин «Егер Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер болмаса, Қазақ Ордасы осыдан үш жүз жыл бұрын мүлде тозып құрып біткен Ноғай Ордасының кебін киері анық-ты. Тоқтау көрмеген Жоңғар қалмағы енді бірер серпіннен соң Еділ қалмағымен тоғысар еді» деп пікір білдірген.

Азаттық үшін айшықты жеңіс орын алған жер ұлт үшін құнды. Сондықтан тарихқа тағзым жасау, батыр балаларымызды құрметтеу – кейінгілердің міндеті. Осы ретте, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында ел мен жердің тағдыры сынға түс­кен Ұлытау ауданында «Бұланты шай­қасы» кешені ашылған. Бұл кешен жоң­­ғарлармен шайқастағы алғашқы жеңіске арналған. Мұнда жауға тойтарыс берген батырлардың ескерткіш белгілері орнатылған.

Ескерткіш белгілерді батыр баба­лардың ұрпақтары арнайы барып орнатып, тағзым жасауда. Осы мақсатта Бұланты шайқасында ерлік көрсеткен Саңырық батырдың ұрпақтары да «Бұ­ланты шайқасы» кешеніне барып, ес­керткіш белгі орнатты.

Игі іс-шараға Жамбыл, Түркістан, Көкшетау, Қызылорда өңірінен 50-ге жуық адам жиналды. Қызылорда­лықтарды еңбек ардагері Әнуар Се­рікбаев бастап барды. Сыр өңірінен Серік Ажаров, Жетпіс Молдабеков,­ Бақыт Әбдуов, Ерлан Бекжанов, Қуа­­ныш Өтегенов, Ерлан Әжікенов Ұлытау аймағына сапарлады.

Жол ұзақ. Қызылорда мен Жез­қазған арасы – 420 шақырым. Оның үстіне екі аралықтағы жолдың азабын жұртшылық жақсы біледі. Бірақ бұрынғыдай емес, жол жөндеудің алғышарттары көріне бастағаны қуант­­­ты. Қызылордадан Ұлытау өңірі­мен шекараласатын тұсқа дейін қозға­лыс бар екен. Ал одан әрі қарай сол баяғы жол.

420 шақырымды артта қалдырып, таң ата Жезқазған қаласына жеттік. Ұзақ жолдан шаршағанымызбен «жол мұраты – жету». Әрі қарайғы жол да жақын емес екен. Жезқазғанға тиіп тұрған Сәтбаев қаласына жетіп, Жезді, Қарсақбай, Байқоңыр елді мекендерінің үстімен өттік. Осы ара­лықтың өзі 150 шақырымды қамтыды. Байқоңыр ауылының оңтүстік бетке­йінде 18 шақырымдай жерде ор­наласқан «Бұланты шайқасы» кеше­ніне түске таман жеттік.

Жан-жақтан жиналған ағайын ал­дымен кешен жұмысымен таныс­ты. «Ұлытау» музей-қорығының «Үй­тас» шатқалында орналасқан кешен 2014 жылы ашылған екен. Мем­лекет қорғауындағы нысан қорша­ланып, қақ­пасына қылыш, найза, қалқан үш­тігінен белгі орнатылған. Кіре­бе­­рісте кешен туралы ақпарат тақ­талары қойылыпты. Оның біріншісінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Бұланты шайқасы – біз үшін орыстардың Полтава шай­қасымен пара-пар» деген пікі­рі­мен басталып, нақты мәлімет көр­сетілген. Онда «Жоңғар қолы мен қазақ жа­сағының алғашқы ірі шайқасы 1727 жылы Бұланты өзенінің бо­йында болды. Шыңғысханның ұлы жо­рықтарын қайталауды ниет еткен Жоңғар хан­дығына қарсы кү­рес­тің негізгі ауыртпалығы қазақ халқына түсті. 1727 жылғы Бұланты майданындағы ұрыс қазақ халқының тарихындағы аса ұлы шайқас болғаны белгілі. Қа­зақ батырларының Бұланты, Бі­леуті өзендерінің бойындағы ға­ла­мат жеңісін орынды түрде соғыс даң­қының символы деп атайды, оны ешбір шайқаспен теңестіруге бол­майды. Бұланты шайқасы – қазақ елі­нің Азаттық, Бостандық, Тәуел­сіз­дік жолындағы ұзақ жылдар бойғы жанкешті соғысындағы тарихи шай­қас және ондағы жеңіс ел тарихында алтын әріптермен жазылатын ұлы жеңіс. Шайқас даласын халық содан бері «Қалмаққырылған» деп атап кетті. Бұланты бойындағы жеңіс ұлтты ұйытып, тастүйін жұмылдыр­ды, жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысы барысындағы бетбұрыс ке­зеңінің басы болды. Содан бері қарай стратегиялық басымдық қа­зақтар қолына көшті. 1730 жылғы «Аңырақай» шайқасындағы жеңіс со­ның айқын айғағы еді» деп жазылған. Ал екінші тақтада осы кешенді ұйым­дастырушылар туралы ақпарат бар. «1727 жылы жоңғарларға қар­сы «Бұ­ланты шайқасы» деген атпен та­рихта қалған, шешуші ұрыс­та қазақ халқының бірлігі мен қа­­һар­­­­ман­дығының үлгісіндей болған, есім­­дері аңызға айналған батырлар рухына тағзым ету мақсатында «Қа­­зақ­мыс корпорациясы» ЖШС Бас­­­қа­рушы кеңестің Бас директоры Бақтияр Әбдірахманұлы Қырық­пы­­шевтің қолдауы мен демеушілігі ар­­қа­сында осы жерде 2014 жылы «Бұ­ланты» кешені ұйымдастырылды» делінген және жобаны дайындаушылар мен орын­даушылар Т.Тәжбенов, М.Қайрақ­тыұлы, Б.Қожахметов, мүсін­ші Ш.Сейіт­кенов екені көрсетіл­ген.

Ақпарат тақталарынан кейін төбе басына 7 метрлік монумент қойылған. Оның жоғарғы бөлігінде найза бейнеленген, ал төменгі бөлігінде дөңгелек төрт қалқан тұр. Одан әрі қарай жоңғарлармен болған шайқастарда ерлік көрсеткен үш жүздің батыр­ларының ескерткіш белгілері қатар­ластырылып орнатылған. Оның ал­дыңғы қатарында Әбілқайыр, Болат секілді хандардың, қазақтың үш биінің, Бұқар жырау секілді кеңесшілердің ескерткіштері менмұндалайды. Жалпы, бұл маңда 70-тен аса батырлардың ескерткіші бар. Кешен қызметкерлері іздестіру нәтижесінде батырлардың есімі толықтырылып отыратынын ай­тады. Соның нәтижесінде, ХҮІІІ ға­сырдағы батырлардың есімдері жаң­ғырып, жасақталып, жаңа ескерт­кіштер орнатыла бермек.

Кешен ашылғаннан кейін әр жылдары батырлардың ұрпақтары арнайы келіп ескерткіштер орнатқан. Бұған дейін ұлы жүзден Тайлақ батырдың ескерткіші қойылса, осы сапар барысында Саңырық батырдың белгісі ескерткіштер қатарын толықтырды.

– Бұл шайқастың ел тарихында маңызы зор. Осы маңда бабалары­мыз жауға қарсы шығып, жеңіс туын желбіреткен. Оған Қабанбай, Бө­генбай, Наурызбай батырлармен бірге Ошақтыдан тараған біздің бабаларымыз Саңырық Тоқтыбайұлы, Тайлақ батырлар қатысып, ерлік көр­сеткен. Бабаларымыз топ бастап, жоң­ғар бас­қыншыларының бетін қай­тарған. Саңырық батыр бастаған мерген­ші­лер жасағы Бұланты шайқа­сының ал­ғышебінде болған. Сондық­тан да біз осындай батыр баба ұрпағы екенімізді мақтан етеміз, оларға тағзым етеміз, – дейді Бәйдібек ауданынан барған батыр ұрпағы Шырынхан Әбдіхалықов.

Саңырық батыр Бұланты шайқа­сынан кейін де жоңғарларға қарсы ұрыстарға қатысқан. Оның ерліктері кейінгі ұрпаққа аңыз болып та айтылып жүр. Жаңадан қойылған ес­керткіш тақтаға да батыр ерлігі қа­шалып жазылған. «Саңырық батыр­дың ерен даңқы мен ерлігі қазақ хал­­қының ХҮІІІ ғасырдағы азаттық жолындағы тынымсыз күресте және сыртқы жау шапқыншылығына қарсы жойқын шайқастарда айрықша танылды. Атажұртымыздың ең тағдыршеш­ті, аса қиын-қыстау кезеңдерінде, әсі­­ре­се Бұланты мен Аңырақай шай­қас­тарында арыстан жүректі батыр тұтас елдік және тарихи жеңіске жетуде алапат қайсарлық пен теңдессіз ерлік көрсетті. Қолбасшы батырдың жанқиярлық ерліктері мен зор тұлға­лық абыройы ұлт әдебиетінің бес тарихи романына және өлең-жырлары­на арқау болған» делінген ұрпақтар қой­ған ескерткіш белгіде.

– Өткен тарихын білмеген ұлт бо­лашаққа қадам баса алмайды. Сон­дықтан өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Халқымыз азаттық жолында талай күресті бастан өткерді. Соның бастапқы кезеңінде батыр бабаларымыз ел мен жерді қорғау үшін жоңғарларға қарсы текетіресті. Соның негізгісі – осы Бұланты шайқасы. Бұл шайқаста қаншама бабаларымыз ер­лік көрсетті. Жан пида етсе де ұлт болып сақталуымызды қамтамасыз етті. Сол себепті де кейінгі толқын олардың қаһармандық ерліктерін білуі керек. Осы мақсатта біз батыр бабамыздың ескерткіш белгісін орнатып, мінде­ті­мізді орындадық. Бұл болашақ үшін маңызды деп білемін. Соншама жерді жүріп келіп, батырларға арнайы тағ­зым етудегі мақсатымыз осы, – деді сырбойылық еңбек ардагері Әнуар Серікбаев.

Бабалар рухына тағзым еткен жандар арнайы Құран бағыштады. Ұзақ жолғы сапар­ларының сәтті болғанына қуанып, ел іргесінің сөгілмеуіне, ын­тымақ, бір­лікте болуға тілектестік біл­дірді.

Иә, бұл да бір тарих, перзенттік парыз. Саңырық батырдың ескерткіш белгісі қойылып, ұлан-байтақ жерді қорғаған бабаларға құрмет жасалды. Өткенді ұмытпасақ, болашақ жарқын болары хақ.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ,
Тереңөзек-Жезқазған-Тереңөзек

17 маусым 2023 ж. 304 0