БҰЛАНТЫНЫҢ БОЙЫНДА ҚАЗАҚ ҚАЛЫҢ ҚОЛ ЖИҒАН
Елбасы Н.Назарбаев: «Орыстар үшін «Полтава шайқасы» қандай маңызды болса, біз үшін де «Бұланты шайқасының» тарихи маңызы зор», – деген болатын.
Бағзыдан сайын даланы мекендеген қазақ халқы басынан небір қиын-қыстау кезеңдерді өткізді. Солардың бірі – «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» заманы атанған жоңғар шапқыншылығы кезеңі. Өз атамекенінде шапқыншылыққа ұшырап, «Елім-айлаған» жұрт қайта бас көтеріп, 1727 жылы Бұланты өзенінің бойында қалмақ әскерімен кескілескен ұрысқа түседі.
ЖЕЗДІ ӨЛКЕ, МЫСТЫ ӨҢІР – ЖЕЗҚАЗҒАН
«Бұланты шайқасының» 290 жылдығы аталып өтіледі дегенді естіп, Жезқазғанға қарай жол тарттық. Біз мінген микроавтобуста Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалалары мен Темірлан, Жаңақорған, Шиелі сынды елді мекендердің адамдары бар екен. Жөн сұраса келе олардың Бұлантыға бара жатқанын білдік.
Қызылорда мен Жезқазғанның арасы 430 шақырымды құрайды. Жанымызда жастары сексеннен асқан үлкен қариялар бар еді. Жолдың ұзақтығын көтере алмай сол кісілер шаршап қалмаса екен деп келеміз. Ақсақалдар болса жолды қысқарту үшін «құр отырғанша әңгіме айтайық» деп біздің назарымызды өздеріне аударды. Сөзді Ордабасыдан келген Өмірбай Байқонысов деген қария бастады.
– Мен сексеннің төртеуіне шыққан жанмын, айналайындар. Осы кезге дейін көрген-білгендерімді жастарға айтып отыруды әдетке айналдырдым. Бұл қазақтың басынан не өтпеді дейсіңдер? Небір дүрбелеңді, қуғын-сүргінді көрдік қой. Мына «Бұланты шайқасының» тарихи маңызы терең. Бұл соғыста жеңілсек ел болудан қалатын ба едік, кім білсін, – деді көзіне жас алып кемсеңдеп. Осы жерден әңгімеге түркістандық Амангелді қажы Ибрагимов араласты.
– Шырақтарым, өткенін білмеген, ата-бабасының жүріп өткен жолынан тағлым алмаған халық келешекке де ұмтыла алмайды. Сол үшін алдымен тарихты танып білуіміз қажет. Тарихта «Аңырақай», «Қалмаққырылған» деген атпен қалған шайқастар болған. Бұланты өзенінің бойындағы кескілескен ұрыстың қазақ-қалмақ соғысында шешуші рөл атқарғанын ұмытуға болмайды, – деді.
Үлкендердің сөзін үнсіз тыңдап отырған жастарға қарап, Елбасымыз айтқан рухани жаңғыру осы екен ғой деген ойға келдім. Жұртты әңгімемен шаршатып алмайын дегеніме, әлде, атадан мирас болған ән мен күйден тағылым алсын деді ме, әйтеуір шиелілік Тынысбек ақсақал домбырасын шерте жөнелді. Әр күйді тартқан сайын «Мынау Әлшекейдің күйі», «Мына күй Қазанғаптыкі» деп әрқайсысының тарихын айтып, қалай шыққанын әңгімеледі. Қатарымызға Қызылорда қаласынан қосылған Әлібек Досжанов деген ағамыз Ақан серінің, Біржан салдың, Сегіз серінің әндерін орындап, бір серпілтіп тастады. Біресе, «Балқадишаны», енді бірде «Гаухартас» пен «Ләйлім шырақты» тыңдаған біздер кәдімгідей рухани шөліркеп қалғанымызды байқадық.
Осындай көңіл-күймен отырғанда Бетпақтың даласын басып, жезді өлке, мысты өңір – Жезқазғанға да келіп қалдық.
ҰЛЫТАУ – ҰЛТ ҰЯСЫ
Жер-жерден келген халыққа Ұлытау аймағы таныстырылды. Бізді Ғабиден Жаңабайұлы деген Жезқазғанның азаматы алып жүрді. Өзі кенші болса да тарихи оқиғаларды жақсы біледі екен. «Кеңгір» қонақ үйінен шыққаннан Ұлытауға жеткенше біраз жайға қанықтық.
Тарихи деректерге Ұлытаудың ежелгі қоныс екені айтылады. Ол – қазақ жұртының табысқан төбесі, ұйысқан іргесі. Қазақ хандығының басында тұрған Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан іргесін бөлгенде Ұлытауды бетке алғаны белгілі. Бұл – тарих тұғырындағы туы жығылған Алтын Орданың түтінін аңсау, ежелгі ескі жұрттың жұрнағын сағыну, дүниенің тең жартысын құзырына қаратқан кешегі кемел мемлекеттің киесін қастерлеу. Энциклопедиялық мәліметтерге сүйенсек, Кетбұға, Керей, Жәнібек, Қасым, Тәуке, Барақ, Көшім, Абылай, Әбілқайыр, Ақжол би, Қазыбек би және тағы да басқа тарихи тұлғалардың өмірбаяны Ұлытау атымен байланысты. Ұрпақ санасына ұялап қалған ата-бабаларымыздың елдік кескіні, ерлік дәстүрі жадымызда жаңғырып тұрары сөзсіз.
– Ұлытау ұлттың ұясы саналады. Мұнда Жошы, Алаша хандардың мазарлары бар. Президент Н.Назарбаев осы Ұлытауда сұқбат берген. Бұл маңда тарихи орындар жеткілікті. Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыға осы жерді мирас етіп қалдырған. Ақсақ Темір бұл маңда Алтыншоқы тауын тұрғызған, – деді Ғабиден Жаңабайұлы ағынан жарылып. Оның сөзін Алматыдан келген Оразхан Садықұлы жалғастырды: «Шынында тарих атты кәрі шалды сөйлете қалсаң талай нәрсеге қанығасың. Бұл маңда, Өтебай, Кәдірдей билер, Барлыбай мен Жаулыбайдай батырлар өткен. «Бұланты шайқасында» Барлыбай Бағаналы қолының бас қолбасшысы, ал, Жаулыбай ту ұстары болған. Ендігі бағытымыз Барлыбай тамы болады», – деді ол бізбен әңгімесінде.
БАҒАНАЛЫҒА БАС БОЛҒАН БАРЛЫБАЙ
Саналы ғұмырын келешек ұрпағына арнайтын, ұлым құл, қызым күң болмасын деп жанын бәйгеге тіккен батырлардың бірі – Бағаналы Барлыбай. Зерттеуші Қуаныш Ахметов өзінің «Ұлы даланың Ұлытауы» деп аталатын еңбегінде: «Ел жадында есімі ескірмей, келбеті көмескіленбей, айбыны аласармай келе жатқан «Бағаналы Барлыбай», «Барлыбай сардар» атанған», – деп атап өтеді. Тарихи деректерде оның әкесі Тауасар қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр, анасы Гүлсім башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы болған деп айтылады. Жазушы Аппаз Қаражігітовтің «Бағаналы Барлыбай» атты еңбегінде оның көзге алғаш түсетін жері жазылады.
Оқиға былай баяндалады: «ХVIII ғасырдың басында Ұранқой қалмақтарының қарақшылары Сыр бойына дейін жетіп, бейбіт жатқан Кіші жүз және Найман, Қоңырат руларын шауып, жылқыларын айдап әкетеді. Қоңырат, Найман, Кіші жүзден Әлімұлы руларының жігіттері бірлесе атқа қонып, Шу бойында оларды қуып жетеді. Қалмақтар арасынан Жоржы деген алпамсадай батыр ойқастай шығып, жекпе-жекке шақырады. Сол мезетте Сыр бойындағы Кіші жүз руларының биі, төртқара руынан шыққан Көбек би: «Мына қалмақты кім өлтірсе, соған билік орнымды беремін» деп жігерлендіреді. Бағаналының Сарыаталық нәсілінен шыққан он жеті жастағы бозбала Барлыбай алға ұмтыла шығып, Көбек пен басқа ақсақалдардан бата сұрайды. Көбек би бастаған үлкендер Барлыбайға баталарын беріп, ақ жол тілеп, жекпе-жекке шығуға рұқсат етеді. Жекпе-жек үстінде Жоржыны найзамен шаншып өлтірген Барлыбай жауының басын кесіп, қара арғымағын жетегіне алған күйі «Қаптағайлап» ұрандата, жауға қарсы шабады. Сенген батырларының басын қолына ұстап, өздеріне қарай ұмтылған қазақ батырынан сескенген қалмақтар қаша жөнеледі. Қазақ жасағы соңдарынан түре қуып, талайын жер жастандырады. Қуалай жүріп, бірде-біреуін қалдырмастан тұтқындап, мінген ат, асынған қару-жарақтарын олжалап, өз малдарын қайтарып, елге оралады. «Елге келген соң Көбек би той жасап, Барлыбай батырға ақ батасын беріп, қалың елдің алдында өз орнына би етіп сайлаған екен» дейді аңыз сөзі.
Қуаныш Ахметовтің зерттеулерінде Барлыбай бабамыздың Кіші жүздің шөмекей руының әскербасы болып, орыс, қалмақ, түрік, қоқан, хиуа әскерлеріне тойтарыс бергені айтылады. Барлыбай батырдың тарих сахнасына шығуы – халқымыздың ХVIII ғасырдың басындағы жоңғарға қарсы ұлт-азаттық күресінде үш жүзге танылған қолбасшы батыр дәрежесіне көтерілуінен басталады. Бұл кезде оны хандарға бергісіз аса көрнекті тұлға – Шақшақ Жәнібек тархан маңайынан көреміз.
Барлыбай батыр жайлы білетін осындай деректерді сабақтап отырғанда Ұлытаудан өтіп Амангелді ауылына келдік. Бұл Амангелді Иманұлының туған жері екен. Сол себепті, батыр есімімен аталыпты. Елді мекен ішіне кіріп, жұма намазды осындағы мешітте оқыдық. Сонан кейін адаспай бару үшін жолсерік іздедік. Шағын ғана ауылдан Сайран Домбаевтай ақсақал табыла кетті. Сонымен, жол білетін адамымыз бар. Енді адасу деген ой да жоқ. Жыланшық өзенінен өтіп, Барлыбай батыр жерленген қорымға жеттік. Таң алакеуімнен басталған сапарымыз мақсатына жетті. Баба рухына арнап құраннан дұға бағыштадық. Қайтып келе жатқанда алматылық Оразхан Садықұлы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында Барлыбай батыр туралы көптеген мәліметтерге қол жеткізгенін айтты.
– Барлыбай қарадан шығып хан болған адам. «Бұланты шайқасында» Бағаналы қолының бас қолбасшысы болған. Батырдың шын мәніндегі тарихи орнын алатын кез келді, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Белгілі тарихшы В.Я.Басиннің архив құжаттары негізінде жазылған «Россия и казахское ханство в ХVI-ХVIII в.в.» атты кітабында Әбілқайыр өлгеннен кейін Барақ сұлтан елден қашып кеткені туралы мәлімет келтіріледі. Онда Барақтан кейін Бағаналы тайпасын төре текті сұлтан емес, өз ішінен суырылып шыққан Барлыбай батыр басқарғаны туралы дерек бар. Бұдан Барлыбай бабамызды хан дәрежесіне дейін көтерілді деген тұжырымда негіз бар екенін аңғарамыз.
ШАЙҚАС БОЛҒАН АЙМАҚ
Үстіміздегі жылдың 19 тамызында 290 жылдығы өткізілген «Бұланты шайқасына» қаншама қазақ баласы қатысты. Межелі орынға жеткенше 1927 жылы Ұлытау өңіріндегі Бұланты және Білеуті өзендері аралығында қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларымен болған шайқасы жайлы жан-жақты әңгіме айтылды. Тарихи деректерді алға тартқан ақсақалдар оның мән-мағынасын аша бейнеледі.
Қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірін басып алған жоңғарлар Ұлытауға қарай бет бұрды. Осы қауіпті кезеңде Ордабасы жиынында біріккен бүкіл қазақ қолының бас қолбасшылығына Әбілқайыр хан сайланды. Бұл жоңғарларға қарсы ұйымдасқан шабуылға шығуға мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде Ұлытау өңіріне енуді көздеген жоңғарлар 1726 жылы Шұбар теңіз шайқасында қазақ жасақтарынан ойсырай жеңіліс тапты. Мұның артынша Бұланты мен Білеуті өзендері арасындағы кең жазықта шешуші ұрыс болды. Ол тарихқа «Бұланты шайқасы» деген атпен енді. Тарихи ұрысқа Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Жасыбай, Есет, Малайсары, Баян, Олжабай, Барлыбай, Қожаберген, Түгел, Бөлек, Төлек Шақантай, Жаулыбай, Қошқарбай, Жәлмен, Қанатбай, Байболат, Апыр, Аманғұл, Түйте сияқты басқа да көптеген батырлар қатысқан. Шешуші айқаста қазақ жасақтары жеңіске жетіп, жоңғарлар Ұлытауға жеткізбей тоқтатылды. Сол жеңістен кейін майдан кіндігі болған төбе «Қалмаққырылған» атанды. Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ұсынысымен соғыста қаза болған қазақ жауынгерлерінің денесі тау басына жерленді. Осы оқиғадан кейін жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталды.
Бұланты өзенінің бойындағы ұрыс болған аймаққа жеткенше Жезқазған, Сәтпаев, Жезді, Қарсақбай, Байқоңыр жерлерін басып өтесің. Сайын далада келе жатқанда алдыңнан үйдей үйілген тас шығады. Оны жергілікті халық «Үйтас» деп атайды екен. Соның жанына «Бұланты шайқасына» арналған стелла орнатылған.
Аталған ескерткіш қазақ хандығының 550 жылдығының қарсаңында ашылыпты. Оны айнала сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен батырларға арналған тасбелгілер қоршап тұр. Сәл әріректе «Жаужүрек мың балаға» арналған белгі бар. Осыдан-ақ бұл шайқастың тарихи маңызы терең екенін аңғаруға болады.
Шара болып жатқан орынға еліміздің ана басы мен мына басынан екі мыңдай халық жиналыпты. Барлығының мұрат-мақсаты – қазақтың бірлігі көрініс тапқан ұрысты, ұлы жеңісті ұрпақ санасына сіңіру, бабалар рухына тағзым ету. Өзенді қоршалай орналасқан ақшаңқан киіз үйлерде ас беріліп жатыр. Үйтастың төменгі жағына орнатылған сахнада баяндамалар оқылып, ән айтылып, жырдан шашу шашылды. Сондай-ақ, дойбы ойнап, арқан тартысып, қол күрестірген жандар да табылды. Әсіресе, күрес өте тартысты өтті. Жеңіске ұмтылған балғын балуандар, оларға қиқулап қолдау білдірген көрермендер бәрі-бәрі тамаша. Сырттан қарағанда бір ерекше көрініс іспетті еріксіз таңдай қағасың.
Мемлекет басшысы «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!
Елдік те, ерлік сияқты сын сағатта танылады. Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген еді.
«Бұланты шайқасында» қазақ халқының бірлігі көрініс табады. Дүйім жұрт біріксе ғана ентелеген дұшпанын жеңетінін көреді. Елдік пен ерлік жұдырықтай бірлік болған жерде салтанат құрады. Халқымыздың өткен тарихы міне, осындай оқиғалармен өрілген. Біз бұдан ғибрат алып қана қоймай, келешек ұрпақтарға үлгі етуіміз керек. Тарихын таныған жұрт, өткенін білген ел жарқын болашаққа бет бұрады, рухани жаңғырады.
А.БЕК,
Қызылорда қаласы