Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қасіретпен келген өркениет

Қасіретпен келген өркениет

Қазақ халқы 150 жыл қазақ-жоңғар соғысымен қатар Қоқан хандығының озбырлығынан әбден титықтаған еді. Содан кейін амалсыздан Ресей бодандығына көнген болатын.

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, орыс билігі қазақ жеріне бекіністер сала отырып, сол кезеңдегі өкімет басшысы Сталыпиннің реформасы бойынша жері жоқ миллионда­ған орыс мұжықтарын шегірткедей қаптата қоныстандырды. Қазақ елінің шұрайлы жерлерін тұрғылықты халқынан тартып алып, оларды шөлді, климаттық жағ­дайы ауыр өңірлерге көшуге мәжбүр етеді. Бекіністегі әскер орыс мұжықтарын алғашында жергілікті халықтан қорғаса, кейін өздерінің қолдарына мылтық беріп, керек болса жалғыз-жарым жүрген қазақты атып үйренуге рұқсат еткен. Осылайша, орыс мұжықтарының қауіпсіздігі үшін казак құрамасын жасақтайды. Жергілікті ха­лықтың аты қазақ болғандықтан, өздерінің казактарымен шатастырмас үшін «қырғыз қайсақ» деп кешегі күнге дейін атап келді.

Еркіндікті аңсаған қазақ халқы арманы елес болып, ғұмыр кешіп жүргенімен, қазақ зиялылары балаларын Ресей ор­талығындағы жоғарғы оқу орындарында білім алуына жағдай жасады. Білімпаз ұрпағы ғылымның сан саласын игере білді. Осындай жастардың алдыңғы қа­та­рында Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин секілді алып тұлғалардың елінің болашағы үшін еткен еңбегі зая кетпеді. Олардың жолын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай бастаған Алаш арыстары жалғастырды.

1917 жылғы Ақпан төңкерісін Алаш арыс­тары қуана қарсы алып, елде Алаш партиясын құрды. Бүкіл ресейлік думаға депутат қазақтар молынан сайланып, Алаш­ордашылар елдің жер асты мен үстіндегі бар байлығын ел мүддесіне жұмсауға, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен бірге тілді сақтап қалу жолында аянбай еңбек ете бастаған еді. Алайда 1917 жылдың 25 қазанында билік басына большевиктік партияның келуі елді есеңгіретіп тастады. Елде кеңестік басқару жүйесі бұрынғы патшалы Ресейдің отаршылығының жалғасы екені көп ұзамай айқындала бастады. Мүл­дем түсініксіз саяси ахуал қалыптасты. Алайда қазақ интеллигенция өкілдерінің большевиктік диктатураға қарсы қояр кү­ші жеткіліксіз болды. Билікке келген боль­шевиктік билік Қазан төңкерісін қазақ хал­қына күшпен мойындатты. Билікте бұған дейін Ресей империясында еңбек етіп келген қызметкерлер орнына сауатсыз әрі мейірімсіз, шала сауатты орыстың жұмысшы шаруалары мен сарбаздары келді. Олар кез келген орыс мұжығы мен шаруасына қазақтың шұрайлы жері мен үйін, дүние-мүлкі мен малын, тіпті атақонысына дейін зорлықпен тартып алатын тәртіп орнатып берді. Қазақ өз жерін өзі басқаруынан айырылуының нәтижесінде 1918-1922 жылдары үлкен экономикалық дағдарыс орнап, нәубетті жылдар басталып, қазақ даласында аштық пен індет халықты баудай түсіріп қырды. Елде алғашқы ашаршылық осылай басталған еді. «Жаппай қазақ байларын тәркілеу 1928 жылы жүргізілді» деп жүрміз. Алайда жалпы қазақты зорлау-қорлау, тонау, қазақ байларының малын жою бағытында оларға көтере алмас ауыр салық салу, отырықшылыққа көндіру сол 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қолға мықтап алынған еді. Алғашқыда сарбазға мініске көлік ретінде жылқы, түйе, кейін соларға ас-ауқат деп малдың басқа да түр­лерінен аяусыз салық салу, оны зорлап тартып алу жұмыстары қазақ халқын қажытып жіберді.

Рулық қауымдастық принциптері негі­зін­де елеулі әлеуметтік күрделі қақтығыс­тарға бармай, ағайынгершілікпен өмір сүріп жатқан қазақ руларының шырқын бұзу, адамдардың арасына таптық не­гізінде от салып, кедейді байға айдап салу, сөйтіп жарлы-жақыбайлардың, сіңірі шыққан қу сирақ жалшының «қолымен от көсеп», ауқаттыларды ауылдағы биліктен ығыстыру большевиктік саясаттың бас­ты мақсаты еді. Осының нәтижесінде ашар­шылық қолдан ұйымдастырылды. Мұ­ны архивтік құжаттармен дәлелдеген облыс­қа белгілі өлкетанушы С.Жүсіптің «Қані­шер Гержодтың ізімен» атты еңбе­гінде ашаршылық қазақ даласына больше­вик­тердің үкімет басына келген күнінен бас­талғанын анық көрсетеді.

Билік басына келген әртүрлі саяси қашқындар (қылмыскерлер), соғыстан қашқан сарбаздар тыныш жатқан елге ойран салды, ойларына келгенін істеп, жұрт­ты атты, асты тонады, қыз-келіншектерді қорлықпен зорлады. Сол кездегі тарихи дереккөздерде Сыр өңірінде басталған аштық пен індет халықты қырып жусатып кеткені соншалық 1918 жылдың өзінде халықтың 30 пайызы аштықтан қырылған екен. Ал 1919 жылы Перовск уезінде 47 мың, Қазалы уезінде 29 мың адамның аштық құрсауында болғаны – тарихи факт. 1918-1919 жылдары Сыр өңірін билеген қанішер Гержодтың арнайы тапсырмасымен Ресейге балық жіберу саясаты өңірде ашаршылық етек алғанда «жығылғанға жұдырық» болды. Сол жылдарда аймақта тараған індет Сыр халқының қаншасын жалмағанын айғақтайтын нақты дерек жоқ. Бірақ індет ешкімді аямаған, әсіресе іш сүзегі жас балаларды аяусыз қырған. Аштық пен індет қазақты қынадай қырып жатқанда көрші бір аймақта тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің мұртын балта шапқан жоқ. Бұл негізгі мақсаттың қандай екенін айқындап берсе керек-ті.

Қиын кезеңде қазақтың оқыған азаматтары амалсыз кеңес саясатын мойындай оты­рып, өз елінің болашағы үшін ел басқару ісіне араласа бастайды. Аз ғана уақыттың ішінде олардың қатары сандаған халық комиссарлары және ел басқаратын қоғам қайраткерлерімен толықты. Сол ке­зеңде қазақтың біртуар азаматы Мұстафа Шоқай мен Перовск, Қазалы уездерінен және көптеген сауатты тілмаш, жоғарғы білімді азаматтар ел болашағына еңбек етті. Жоғарыда аталған екі уезден 19 халық комиссары мен оның бірінші орынбасарлары шыққаны тарихтан дәлел. Олар түгелдей қара халық арасынан шығып, сол кезеңнің өмір толқынымен қызмет сатысынан танылып, саяси жүйеге бейімделіп қызмет еткендер. Биліктегі өзге ұлт өкілдері «бұлар келешекте билікке қарсы шығады» деп, бір-біріне қарсы арандатқан. Оларға қолдан «халық жауы» деген айдар тағып, үстерінен домалақ арыз, басқа да қитұрқы әрекеттер жасап, жұмыстан аластатып, түрмеге жауып, ату, жер аудару секілді жазаларды қолданған. Қазақ зиялыларының қаншасы осы қуғын-сүргін саясатының құрбаны болып, өздері қызмет еткен жүйенің қатал да аяусыз жазасының құрбанына айналғаны бүгінгі жұртқа аян.

Қазақ зиялыларының тегеурінді еңбе­гінің нәтижесінде елде алғашқы әлеуметтік-экономикалық және мәдениет саласында­ғы өзгерістер мен қайта құрулар жүргізілді. 1923 жылы ҚАЗССР-інде «Сауатсыздық жойылсын» деп аталатын ерікті қоғам құрылып, ел ішінде «Қызыл отау» секілді сауатсыздықты жою шараларын жүзеге асыратын мәдени-ағарту мекемелері пайда болды. 1925 жылдың 15-19 сәуірінде қазақтың жаңа астанасы Ақмешітте Ке­ңестердің республикалық съезі өтеді. Осы съезде осыған дейін «Қырғыз» атанып бұрмаланып келген ел аты өзіне қай­тарылып, «Қазақ» болып тарихи атауына ие болды. Сонымен бірге съезде ҚАЗССР-дің астанасын «Қызылорда» деп атауын өзгерту туралы қаулы қабылданды.

1927 жылы 14 маусымда «Қалың малды жою» жөніндегі арнайы қаулы шығып, осы декретті іске асыру бағытында Тереңөзекте сот төрағасы болып Асқар ауылының тумасы Әбіш Мейірманов қызмет атқарса, кейіннен Қармақшы, Таразда қызметте жүргенде «халық жауы» деген айыппен Сібірге айдалып, сонда қайтыс болады. Ел астанасы Қызылорда болып тұрғанда Қалжан ахун ауылының тумасы Қалжанұлы Мұхаммар жоғары білімді дін қызметкері ретінде республикалық «Дін істері бөлімінде» қыз­мет етіп жүргенде «діндардың баласы» деген желеумен қудалана бастағанда өзбек одан әрі тәжік еліне ығысады. Осы елдерде жүріп аштық құрсауындағы халықты қоныс аударуға үгіттеп, қол көмегін көрсетеді. Бұл елдерде де мүмкіндік болмауына байланысты Түрік еліне түбегейлі қоныс аударған. 1927-1931 жылдар аралығында Орта Азия коммунистік университетінде бі­лім алған Ажаров Жақып Ыбрашұлы Арал аудандық білім бөлімін басқарып жүргенде 1937 жылы «халық жауы» деп Новочеркаск қаласында ату жазасына кесіледі де Жақыптан ұрпақ қалмайды. Бұл кісінің туған інісі Әжікен ақсақал А.Тоқмағамбетов ауылында тұрып, дүниеден өтті. Ажаровтар әулеті, Әжікеновтер отбасының мүшелері еліміздің түкпір-түкпірінде, Астана, Алматы, Қызылорда қаласы мен А.Тоқмағамбетов ауылында тұрып жатыр. Аудан көлемінде осындай қуғын-сүргінге ұшыраған кісілердің белгілі болғандары бар, белгісіздері де қан­шама?!

Кеңестік жүйе бойынша «халық жауы» деп атылған, сотталып жер аударылған­дардың отбасы (ол мейлі жазықсыз жазаланса да, атылса да бәрібір) мүшелері ол жайлы айтуға қорыққан. Ұрпақтарына да еш әңгіме қалдырмаған. Сол жүйенің қи­тұрқы саясаты қазақтың болашағына аяу­­сыз қатты әсерін тигізгені соншалық қазақты бір-біріне қарсы қойып, олардың бірін-бірі аяусыз қыруына әкелді.

Иә, тарих күшке, зорлыққа негізделген саясаттың орға жығатынын, оның ғұмыры­ның қысқа болатынын көрсетсе де сол кез­дегі билікте болған шолақ белсенділердің елге көрсеткен озбырлығын енді білудеміз. Бұл – әрине, сол замандағы билік басында отырған Сталин мен Голощекиннің тікелей қолымен орындалған ісі. Қазақ даласында осы істі жүзеге асыру кезінде Николай Романовты бүкіл ұрпағымен жоюға атсалысқан, түрменің әбден дәмін молынан татқан кәнігі қанішер, қулық-сұмдықты толық меңгерген Голощекин 1925 жылғы қыркүйек айынан 1933 жылдың шілдесіне дейін өзінің сұм сая­­сатын жүргізді. Сол жылдары 2 млн 200 мыңнан астам қазақ қырылып, 1 млн 75 мың­нан астамы өзге елге босып кеткен.

Ел осылай ауыр дағдарыс кезеңінде тұр­ғанда шолақ белсенділер мен сауатсыз қызыл комиссарлар қара халықтың төбесінен әң­гіртаяқ ойнатып, елдің өрке­нін жаздырма­ған­­дықтан 1928-32 жылдар аралығында өзге өңірлер секілді Сыр өңірінде де орын ал­ған «Қызылқұм», «Қа­рақұм» көтерілістері билік­тің көрсеткен озбырлығына қарсылығы еді. Билік «бейбіт келісімге келейік, болмаса соңы жақсылыққа апармайды» деп бір жағынан алдап-арбау, екіншіден «елдеріңді аяусыз жазалаймыз» деп үрейлендіру ар­қылы қолға түскен басшыларын ату жазасына кесіп, қарапайым халықты соттап, жер аударып аяусыз басып жаншыды.

Ал 1945-50 жылдардағы колхоздың бри­гадирлері де шолақ белсенділер се­кілді елде өз қаһарлығымен есте қалды. Олар­ күйеулері соғыстан қайтпаған колхозда еңбек етіп жүрген жесір әйелдерге күн көрсетпеген. Атқа мінген бригадир қарамағындағы әйелдерді қойша айдап, ұнамағанын ат бауырына алып қамшымен сабап отырған. Жұмысқа дейін үлгіріп пі­сіріп кететін қазанындағы тамағына «неге кешігіп жатырсың» деп ат үстінде тұрып тақымындағы кетпенімен топырақты оттағы қазанға салып та жібереді екен. Осылай асыра сілтеушілік елді қан қақсатты, әбден титықтатты. Міне, сол кезеңдердегі ел үшін жанын пида еткен қазақ тұлғаларының есімі енді ғана ақталып жатыр.

Сталин мен Голощекиннің зұлымдық саясатының салдарынан болған келеңсіздік, әділетсіздік өткен тарихымызға ақтаңдақ қалдырды. Ал олардың сұрқия жүйесін біз­ге терең және тура түсінуге жол ашқан ол – еліміздің тәуелсіздігі еді. Сондықтан қазір қуғын-сүргінге түскен қазақтардың біразы ақталды, ақталмай қалғандары да баршылық. Міне, осы жұмыстар толық жү­зеге асса, тарихымыз түгенделіп, ел үшін өмірін сарп еткен тұлғалардың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.


Жәнібек МАХАНБЕТ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
11 сәуір 2023 ж. 336 0