Әлментайдың үш бөрісі
Кеңес үкіметі қазақ еліне ылаңмен келді. Алғашқыда «әскерге мініске ат керек» деп елден жылқыны бір сыпырды. «Әскерилердің тамағына» деп мал түріне қарамай тағы тонады. Елде үкімет орныға келе «енді серіктесіп күн көріңдер» деп, қолда қалған бар мал мен астығын тартып алып, ортаға салды. Бұл серіктестікке елдегі сіңірі шыққан кедейлер мен орта шаруалар ұжымдасты. Шолақ белсенділердің икемсіз іс-әрекеті, қыста малға берер азығы, көктемде себер дәнін талан-таражға түсіргені – елдегі ашаршылықтың алғышарттары еді.
1922-1928 жылдары елде нағыз ашаршылық нәубеті айқын сезілді. Қыста Сырды паналап, жазда Қарақұмды жайлаған қалың ел бұл қыспаққа шыдамай, Қарақұмның қойнауына тереңірек бойлап, Сырдан алшақтай түсті. Халықтың үкіметке деген сенімі жойылып, қайта оған деген өшпенділігі артты. Орталарынан басшылыққа Ж.Бәйімбетов, П.Лаубаев, Досжан мен Қосжан Қараевтарды сайлап, олардың басшылығымен 1930 жылдың сәуір айында Қарақұм көтерлісіне жиналып, қызыл әскерлермен көтерілісшілер арасында 7 сәуір күні қанды шайқас болды. 1930 жылдың 13 сәуірінде үкіметтік комиссия құрылып, жетекшісі Әліби Жангелдин мен бірнеше мүшесі Қарақұмға келіп, көтерілісшілерді келісімге келуге шақырған. Келіссөз арасында Елтай Ерназаровтың жазып берген хатын тапсыра отырып, партиямен үкімет зорлық-зомбылыққа қарсы екенін, дереу ақылға келмесе, зардап шегулері мүмкін екенін түсіндіреді. Сондай-ақ қаруды тастап, келіссөзге келіссе, үкіметтен кешірім болатынына өздерін кепілдікке қояды. Көтерілісшілер қаруларын тастап, орталарынан елді бас көтеруге шақырған басшыларын келіссөзге жібереді. Алайда комиссия мүшелері үкімет билігіне айтқанын орындата алмай, үкімет келіссөзге барғандардың бәрін қамап, сол 1930 жылдың 15 шілдесінде түгелдей ату жазасына кеседі.
Бұл көтеріліс осылай басылғанмен үкіметтің халыққа көрсеткен зорлығы тыйылмай, халық қайта бас көтеріп, орталарынан Қ.Жұбановты басшы етіп сайлайды. Әлментаевтар қаша жүріп қарсылық ұрысын салғанымен, оларды да үкімет 1930 жылдың 8 желтоқсанында Көжебай сайында аяусыз талқандаған. Қолға түскендердің барлығын, нақтырақ айтсақ, 175 адамды Қызылорда қаласының маңындағы бүгінгі Шиелі ауданындағы «Бірқазан» деген жерде ату жазасына кескен. Олардың атылғанын көрген адамдар да болған.
Тарихқа байланысты жұмыстарды жазу үрдісінде тек архивтік материалдарға сүйену керек. Бұл – әрине дұрыс. Ал сол архивтік материалдардың болған оқиғалардың егжей-тегжейін немесе сол адамдардың өмір жолын толық қамти алмайтынын да байқауға болады. Кез келген еңбектің ғылыми құндылығын арттыру үшін оны ауыз әдебиеті мұралары, шежірелермен, ұрпақтар жадындағы деректермен толықтырса, сонда көпшілік көңілінен шығатын орнықты да салмақты дүниелер өмірге келеді. Біз де осы қағидаларға сүйене, жоғарыдағы екі бас көтеру күресіне белсене қатысушы Әлментайдың өжет үш ұлының іс-әрекеттері жайлы Қауышұлы Темірғали ақсақал мәліметін басшылыққа ала отырып, жазған дүниемізді оқырман назарына ұсынбақпыз.
Тілесов Әлментайдан Ерназар, Ақыш, Әбіш, Қауыш атты ұлдар тарайды. Ұлдарының ішінде Ақыш момын шаруақол болып, Сыр бойындағы ұжымдастыру науқанына белсене қатысып, құрылған шаруашылықтың егіншілік кәсібімен айналысады. Ерте көктем шыға шаруашылыққа егістік жер қарап келе жатқан Ақыш баратын жеріне төтелеп бару үшін мұзы әлі ери қоймаған көл үстімен өтпекші болады. Серігінің айтқанына көнбей, мұз үстімен өте бергенде терең шөңейтке тап келіп, әлсіз мұз атты адамды көтере алмай, ойылып кетеді. Ақыш сол арада қаза табады. Артында Өмірғали атты ұлы қалыпты.
Ал Әлментайдың ұлдары Ерназар, Әбіш, Қауыштар өзгелерден бөлініп, саяқ ғұмыр кешуге мәжбүр болған. Көтеріліс басылып, ел іші тыныштала бастағанымен, тінту, іздеу жұмыстары ел ішінде тоқтамайды. 1930 жылдары Қазалыдан елге Мұстафа атты атақты темір ұстасы Беренкүл, Әбдіқадыр атты балаларымен келіп қосылады. Әбдіқадыр да әкесі секілді ұста әрі мерген екен. Әкелі-балалы екі ұста білтелі мылтық жасайтын. 1933 жылы Әбіш Беренкүлге үйленіпті. Олардан Мұхамбетияр және бір қыз дүниеге келген. Мұхамбетияр Қызылордада тұрды. Ол да әкесіне ұқсап байлы, кесек денелі, қарулы, нақты әрі қысқа сөйлейтін. 1936 жылы Қарсақбай жақтан бір салт атты 40-45 жас шамасындағы жігіт құм ішіндегі ауылдың үстінен түседі. Ол Әлментай ақсақалдан «алыстан атыңды ана биік құмның етегіне қалдырып, өзің үйге жаяу кел» деген бұйрық алады. Қария жолаушыдан не мақсатпен жүргенін сұрағанда бір шаруамен Сыр бойына бара жатқанын айтып, Әлментайдың сеніміне ие болады. Үй иелері жолаушыға ас-суын беріп, шығарып салады. Көп ұзамай, ауыл аяқ астынан у-шу, әбігерге түсіп, жапатармағай ел атқа көрпеше сала жан-жаққа қаша жөнеледі. Ауыл жақтан оқ қарша борап, артына қараса, Бедер ағасының үйіндегі жеңгесі Ақмадия соларға қарай атпен шауып бара жатыр екен. Оны көргенде Қауыштың ұлы қорыққанынан аттан ауып кеткен. Есін жиса, айнала тым-тырыс, ештеңе болмағандай тыныштық орнапты. Кешкі қараңғылық түсе әкесі, атасы, жан-жақтан бәрінің бастары қосылып, абайлап ауылды барласа, ауыл орны тып-типыл, бәрін өртеп, алатынын алып, Ақмадия жеңгесін ілестіре кетіпті.
1937 жылдың желтоқсан айында ауылға 30-жылғы қанды қырғынға қатысып, сотталып келген Оңдасын есімді кісі келіп, ел ішінде әңгіме көп екенін, үкімет қоймай бұларды ұстауға әрекет жасап жатқанын айтады. «Бірді-екілі сендерді шет елге шығарып жіберейін, мені тосыңдар, келіп алып кетемін» деген Оңдасын үкіметтің жансызы екен. Беймезгіл уақытта жанында бірнеше органның қызметкері бар, үйде Оңдасынды күтіп отырған Ерназар мен Бедерді және атасынан бастап барлық әйел, бала-шағаларды айдап кетеді. Сонда Ерназар мен Бедер ебін тауып қашып, Тереңөзектің шығыс жағындағы Нұраштың үш ағашының жанында, бүгінгі «Зогодзерно» тұсы болуы керек, ошақты Сағатбайдың ағаларының үйіне келіп жасырынады. Үйдің екі есігі болған. Бірі вокзалға, екіншісі арқа жаққа қараған. Сенімді деп осы кісілерге мән-жайды айтып болғанша, біреулер үйді айнала қоршауға алып, қарусыз жандардың бәрін тұтқындапты. Арқаға қараған есіктен Бедер қаша бергенде алдынан орган қызметкері шығып, оны да тұтқындап, Қызылордадағы түрмеге жеткізіпті. Ұзақ тергеуден кейін бұларды Қызылорданың жанындағы Қарауылтөбеде ату жазасына кесіп, көміп кетеді. Қалғандарын жаяу айдап, кешкісін Тереңөзектің Құндызды ауылсоветіне тапсырып кеткен. Түнімен белсенділер Қарақұмнан келген 11 түйе мен 25 жылқыны және де басқа да дүниелерден дым қалдырмапты. Шортанбай бидің Жонбасын атты ұлының әйелі Нәсипа бұларға немере туыс еді. Барлығын осы кісі үйіне алған. Қарақұмдағыдай тоқшылық жоқ, күндегі жейтіндері – суға қайнатылған күріш ботқа. Осыған да шүкіршілік етіп жүргенде Шашты әжесінің «Жігер» колхозында тұратын Кіребай, Смағұл атты інілері оларды «Жігерге» көшіріп алады.
Балалары мектепке барып білім ала бастайды. Соғыс уақыты Балабай Сақұлы келіп астыртын Бибігүл мен Беренкүлді азын-аулақ мүлкімен Қарақұмға алып кетеді. Қарақұмда қалған әкелерінің жанына кейіннен елден соғысқа бармаймыз деген жандар қосылып, олардың саны арта бастаған соң, үкімет бұрынғыдан да бетер назар аудара бастайды. Бұл кісілер үкіметке жақпағанмен, елдегі ағайындар олардың амандығына тілектестігін астықтай да, қаражатпен де қолдарынан келгенін көрсете беруін тоқтатқан емес. Мысалы, «Шағырлы» колхозының мүшелері Құланбаев Мамыт, Құланбаев Әбдірахман, Есеманов Дүйсенбай, Тоқмамбетов Нұржан, Өтетілеуов Нұрақат, Дәулетбаев Тоғайбай, Өтетілеуов Ермахан, Шідербаев Зәкірлерді орган адамдары Әлментайдың қарақшыларымен байланыста болып, оларға ақша, азық-түлік, қару-жарақ, оқ-дәріден, малдан көмек көрсетіп келдіңдер деген желеумен айыптап, қамауға алғаны құжатта көрсетілген. Әлментайдың ұлдарының мекеніне жан-жақтан соғысқа бармаймыз деген жастар астыртын келіп қосылып жатты. Сондай жастардың бірі Шаған ауылынан Қуандықов Момын Мұқанмен ауруханада бірге ем алып жатқанда, Мұқанға аталары Қауыш пен Әбіш туралы және сондағы 3-4 жыл ішіндегі Қарақұм өмірін былай жеткізіпті. «Мен Әбіш Қауыштарға 1942 жылдары барып қосылдым. Алғашында мен Қызылқұмда жеке қашып жүргенмін. Мұнда жүру маған қауіпті болған соң тілектес кісілердің сілтеуімен Қарақұмға қарай бой тасалауға мәжбүр болдым. Әлментаевтармен дәмдес, қарулас серік болдым. Біз секілді соғыстан қашқан үкімет билігінің қорлығына шыдамағандар қатары көбейді. Жалпы, бізге басшылықты Қауыш жасады. Әбіш екеуі алғашқы Қарақұм көтерілісіне қатысып, мол тәжірибе жинақтаған екен. Жағалаушы отрядтармен кездескенде «адам шығыны болмасын, тек сескендіріп кері қайтарудың ретін келтіріңдер» деп үнемі ескертіп отырушы еді. Екеуі де қатал мінезді, өжет жігіттер еді. Оларды өмір осылай тәрбиелегені көрініп тұр. Былайынша, тірі жанға залал келтірмейтін рахымды жандар. Қауыш аса мерген екен, біз көздеп атар болсақ, ол кісі көздемей-ақ нысанаға дәл тигізетін сұрмерген. Біздің тұрмысымыз түз тағыларына ұқсас. Ішкі киімнен өзгесі аң терісінен орындалған. Баспанамыз иленген киік терісінен көшіп-қонуға ыңғайлы етіп орындалса, ас-су әзірлеу жағы аса қауіпсіздікке бейімделген. Бұрқыратып түтін шығарып от жаға алмаймыз. Сайдың, жыраның жақтауынан үңгіп жер ошақ қазып, мұржаны 3-4 метрге дейін арық етіп қазып үстін шөппен қалың етіп жауып отқа қоян сүйек, дүзгеннің қиларын отқа жаққанда түтін сыртқа көрінбей жанатын еді. Осылай Қарақұм өмірі өтіп жатты. Орган адамдары бірнеше мәрте бізді жою жолында әскер шығарғанмен нәтиже болмаған соң неше түрлі қитұрқы әдіс-тәсілдерді қолдана, әсіресе сол бұрынғы елдегі тілектес азаматтарды бізге үгіттеуге жұмсады. «Соғыс бітуге жақын, өлсеңдер елде қаласыңдар» деген соң мен соңыма ерген 20 шақты жігітпен бірге қолға ақ шүберек ұстап келген әскерге берілдім. Қауыш, Әбіш, Сұлтан, руы алтын Інжіпия есімді жігіттер бізден бөлініп, өз бетімен Қарақұмның ішіне әрі кетті. Қолға бізді түсірген соң күнде тергеу. «Қауышты қолға қалай түсіруге болады» деген секілді бір сұрақты қоя береді. Бірде мені жоғарғы жақтан келген үлкен бастық жеке камерада тергеуге алды. Негізгі сұрағы Қауыш жайлы болды. Мен «Олармен байланысымды бұрыннан үзгенмін. Оларды білмеймін» деген сөзден айнымадым. Бұл кісі КАЗССР-НКВД басшысы Мусин деген кісі екен. Сонымен бәрімізді 10-15 жылдан соттап тынды».
Бастаған топқа қосылмай, қалғандарды жоюға 1945 жылы соғыс көрген тәжірибелі офицер бастаған топ шығып, олар да бос қайтады. Қауыш ойлана келе Әбішке қарап, «еркек тоқты құрбандық, айыбымды өзім көтеремін, сендер аман болыңдар, үкіметке еркілеріңмен барып беріліңдер» деп Әбіш, Сұлтан, Інжіпия, Беренкүл, Бибігүлді Қараөзекке дейін шығарып салып, өзі әрі кетеді. Қараөзек дариясынан өтетін өткелден таныс адамдар әрі алып кетуі керек еді. Сол маңдағы үйде бір топ орган адамдары оларды бас салып тұтқындайды. 1944 жылы Жалағаш ауданындағы Қаракеткен станциясында үшеуін бастарына кенеп қап кигізіп пойызға мінгізіп жатқанын Ерназардың қызы Ақшагүл ағасының тұрысынан танып, елге хабар береді. Әбіш түрмеге келген соң ауыр азапты тергеу жүріп, едені мен қабырғасы тас камераның ортасындағы бағанға байлап, иегіне дейін мұздай су жіберіп қинап, ақыры сол 10-колонияда көз жұмады. Денесі қайда жерленгені белгісіз.
Қарақұмда жалғыз қалған Қауыш тағдырын А.Тілеулиев «Қарақұм» еңбегінде жазады. 1945 жылдың соңында қолға түскен Қауышты 10-колонияға әкеліп, аса қауіпті қылмыскер ретінде азаптап, қатыгездікпен өлтіріледі. Қауыш денесін көмуге алып бара жатқанын табын Аман деген кісі көреді. Қауыштың үстінде ешқандай лыпа жоқ, башпайдан жоғары табанынан сым темір өткізіп, қорғасынға тұтқын нөмері жазылғанын көріп, кейін елге жеткізеді. Осыдан кейін ел ішінде Қауыш туралы әңгіме мен қауесеттер тиылып, Әлментай әулетіне үкіметтен қысым да тоқтатылады. Сол заманда халық арасында «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық, жаман әке жақсы балаға артынан қаққан қазық» деген сөз қалған.
Қауыштың ұлы Темірғали да әулетінің жаужүректілігін көріп өскен. Жасы 18-ге толар-толмас қан майданға қатысып, аман-есен елге оралса да артынан әкелерінің жүріп өткен жолдарына үкімет қайта-қайта назар аудара берген соң 1949 жылы амалсыз Ташкент асып, сонда білім алып, өсіп-өнеді. Темірғали ақсақал Сталиннің заманы жеке басқа табыну жойылып, ел іші қалыпқа келген соң 1963 жылы Тереңөзек кентіне келіп, пошта қызметіне орналасқан. Осы жерде зейнеткерлікке шығып, ұрпақтарының ортасында бақытты ғұмыр өткізген. Әлментайдың асыл текті атадан тараған, тар ноқтаға бастары симай кеткен үш бөрісі әкелерінің қилы тағдырлы қасіретті ғұмырының қайғылы аяқталуы олардың есінде мәңгі сақталған. «Орнында бар оңалар» деген. Әулеттен тараған ұрпақ бүгінде бір қауым ел болып, Қызылорда, Тереңөзек, Жалағаш өңірінде өсіп-өнуде.
Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы
өлкетанушы