Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Батыр Мәншүктің рота командирі

Батыр Мәншүктің рота командирі

Екінші дүниежүзілік соғыс қанды қыр­ғын ретінде тарих қойнауына енсе де, оның жарасы әлі жазылар емес. Отан үшін болған шайқаста елімізден ат­тан­ған жауынгерлер ерліктің үлгісін көр­сетті. Оның қатарында Әлия Мол­дағұ­ло­ва, Мәншүк Мәметова се­кілді қайсар қыздар болды. Биыл – осы өжет қыз­дар­­дың бірі, Кеңес Одағының батыры Мән­шүк Мәметованың 100 жылдығы. Осы­ған орай, ел көлемінде пулеметші қыз­дың ерліктері жаңғырып, ауқымды іс-ша­ралар өткізіліп жатыр. Міне, осы айту­лы жылда біз тың жаңалыққа құ­лағ­дар болып, батыр қыздың рота коман­­дирі жөнінде жазбақшымыз.

Шәкір Тәжібаев есімі өңірдегі аға буын өкіліне таныс бол­ғанымен, жастарға таңсық болуы мүмкін. Ұлы Отан соғы­сына қатысқан жауынгер қанды қырғында ерлік көрсетіп, Невель қаласын азат ету майданында кескілескен шайқастың бел ортасында болған. Сол шайқастарда бірнеше мәрте жарақат алса да майдан шебінде өзіне жүктелген міндетке зор жауаптылық танытқан. Ол қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың рота командирі болған. Мұны біз аудандағы еңбек ардагері Әлібек Емжардан естіп білдік және ол кісі рота командирінің ұрпақтарымен хабарласуымызға мұрындық бол­ды. Сөйтіп, біз Шәкір Тәжібаевтың қызы Гүлсара Тәжібаевамен хабарласып, мән-жайға қанық болдық.
Барлығы түсінікті болу үшін әлқиссаны әріден бастайық. Шәкір Тәжібаев 1908 жылы сол кездегі Тереңөзек ауданы Ленин колхозында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Тәжібай Қосқұлақов байлардың малын баққан. Ауыр жұмысқа жегіле жүріп, 1926 жылы сырқаттанып, өмірден өтеді. Содан төрт ағайынды ана қамқорлығында қалған. Әкесінен жастай қалған қаршадай Шәкір Қызылордадағы мектеп-интернатқа қабылданып, Әбділда Тәжібаев, Қасым Шәріпов сынды қарымды қаламгерлермен бірге оқиды. Сөйтіп, жүргенде 15 жасар ауыл баласына Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың мейірімі түсіп, оны өзімен бірге Ташкентке әкетіп, орманшылар техникумына оқу­ға түсіреді.

Техникумды аяқтағаннан кейін жас маман жолдамамен Қызылордадағы орман шаруа­шылығы мекемесінде директор қызметін ат­қарады. Шамалы уақыт өткен соң Шым­кент­тегі Оңтүстік Қазақстан облыстық орман шаруа­шы­лығы саласына жетекшілік етсе, соғыс бас­талар уақытқа дейін Қызылордада басшылық қызметтерде болған. 

Жетімдік пен жоқшылықтың ауыр азабын тартып, өз қатарластарынан ертерек есейген алғыр жас Ашхабатта, Орта Азия округінде әскери дайындықтан өткен. Әскери ұрыс-тәсілді жетік меңгеріп, соғыс өрті тұтанған бойда Алматыда жасақталған №100-ші дербес атқыштар бригадасына келіп қосылады. Мұнда қатардағы жауынгерден взвод, рота, батальон командирлігіне дейін жоғарылайды.

Қан майдан басталған 1941 жылдың жел­тоқсан айында Алматы қаласында 100-ші ат­қыштар бригадасы жасақталған. Дивизиямен пара-пар бригада жауынгерлерінің негізгі ұйт­қысы қазақтың 18-22 жас аралығындағы өрімдей ұлдары мен қыздары болған. Қысыл­таяң шақтың қатал дайындығынан өткен ұлт­тық жасақ жауынгерлері 1942 жылдың 25 қара­шасында соғысқа араласып, 1943 жылғы ақпанның аяғына дейін Молодой Туд, Великие Луки қалалары бағытында үш айдай қанды қырқын ұрыстар жүргізген. Одан кейін де бригада құрамы жауға тойтарыс беріп, қатардағы жауынгерлер батырлық танытқан, ерлік көр­сет­кен.

Бригаданың рота командирі болған Шәкір Тәжібаев ерекше ұйымдастырушылық пен ұрыс тактикасын ұтымды жүргізудің арқасында бірнеше елді мекенді жау қолынан азат етуге атсалысқан. Бұл жөнінде «Менің қолымда бағалы бір құжат бар. Ол – Мәншүк Мәметова қол қойған хат. 60 жылдан аса уақыттан бері оны аса қымбат қазынамдай сақтап келемін. Себебі, хаттың үлкен сыры бар...» деп «Егемен Қазақстан» газетінің 2003 жылғы 9 мамырдағы нөмеріне «Сарғайған хат сыры» атты естелік мақалада Ұлы Отан соғысының ардагері, бұ­рынғы 100-ші атқыштар бригадасының жауын­гері Әлнұр Мейірбекұлы ақсақал нақты атап көрсеткен. Жоғарыда аталған қалалар үшін үш айға созылған шайқастардың наурыз айында қорытындысы шығарылып, құрама ко­мандирлері мен жауынгерлері туған еліне – өзінің Қазақстанына «Туысқан қазақ халқы тапсырған аманаттарды абыроймен орындауға ант етеміз!» деп арнайы хат жолдаған. Жа­уынгерлік рухта жазылған хат «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» га­зеттерінің 1943 жылғы 13 наурыздағы сандарында қазақ және орыс тілдерінде бірдей жарияланыпты. Бригаданың ең таңдаулы 64 командирі мен жауынгерінің қатарында Мәншүк Мәметова, Ыбырайым Сүлейменов, Сақтаған Бәйішов, Әзілхан Нұршайықов, Қасым Шәріпов және басқалар қол қойған хатта ерліктің ерен үлгілері мен жан тебірентетін оқиғалар баяндалған. Содан үзінді келтірсек:

«...Біздің құраманың жауынгерлері командирлер мен саяси қызметкерлері қазақ халқына біткен ұстамдылықпен, табандылықпен, қа­жырлылықпен жаудың басым күштеріне қарсы талай рет төтеп беріп, дұшпанды көп шығынға ұшыратты...

... Алматыдағы №12 мектептің бұрынғы оқушысы, сержант Бұрышев Қарабек өзінің бөлімшесін бастап, дұшпанның траншеясына ең алдымен басып кірді. Автоматтан оқ жаудыра отырып, үсті-үстіне граната лақтырып, бір взвод немісті және жаудың станокты бір пулеметін жойды. Ол өзінің қаһармандық қи­мылымен немістерді тозғындатып, біздің бөлім­дерімізге жол ашты.

Қазақ халқының батыр ұлы, жауынгер ко­мандир, ор­денді аға лейтенант Шәкір Тәжібаев бө­лімшесіндегі жауынгерлер немістердің жан­таласқан қарсылығына қарамастан, дұшпан­ның адамдары мен қуатты атыс ұяларын жоя отырып, талай деревняларды алды. Дұш­панның бекіністі шебін бұзып өту туралы ко­мандованиенің жауынгерлік бұй­рығын біз орындап шықтық. Бір апта ішіндегі ұрыстарда біз 12 елді мекенді азат еттік. Бұл ұрыстарда немістердің мыңнан аса офицері мен жауынгері жер жастанды.

...Отанымыз үшін ұрыстарда асқан ер­лік көрсеткен батырлар біздің арамызда аз емес. Кіші лейтенант Мағзұм Көшеков ондаған гитлершілді өлтірді, дұшпанның 9 атыс бекінісін қиратты. Ұрыста бір көзінен айырылған батыр Көшеков оған қарамастан танк ататын мылтығынан оқ жаудыра отырып, немістердің екі танкісін өртеді.


... Қызыл әскер Матаев Заманбек мергендік винтовкасымен 95 немісті өлтірді. Жамбыл облысындағы Жамбыл МТС-нің бұрынғы трак­торисі, мерген қызыләскер Сүлейменов Ыбырайым 289 гитлершілді өлтірді.

Өздерінің жауынгерлік қайтпас жігерімен, өз бастарының батырлығымен ұрысқа шебер басшылық етіп, ең қиын жағдайларда же­ңісті қамтамасыз ететін, өз Отанына шын беріл­ген командирдің, ұйымдастырушының үлгісін көрсететін лейтенант Қасқабай Жүніс­беков, аға лейтенант – орденді Шәкір Тәжі­баев, аға лейтенант Олжабай Барман­құлов, лейтенант Мәти Құсайынов сияқты жауынгер командирлер біздің қызыл офи­цер­леріміздің арасында аз емес. Ерлігі­мен, жүрек­тілігімен, тапқыр­лығымен, шеберлі­гімен, ұйымдас­тырушылық қабілетімен құрама­мыздың даңқын асырған асыл адамдарымыз – міне осылар» делінген жауынгерлік рухты жалынды хатта. Осы хатқа, сондай-ақ тереңөзектік қаһарман Ш.Тәжібаевқа қатысты мақала «Халық» газе­тінің 2010 жылғы №18 нөмірінде де арнайы жазылыпты.


Кескілескен шайқастарда рота командирі, капитан Шәкір Тәжібаев Невель қаласы үшін болған шайқастарда екі рет ауыр жараланған. Десе де жарақатынан айыққан командир жа­уынгерлерге үлгі болып, қатарға қосылып, жау­­мен шайқасты жалғастырған. Міне, осы қанды қырғын ортасында жүріп қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметоваға ағалық қамқор­лығын көрсеткен, ұрыс тәсілін үйреткен. Қа­һарман қыздың өзі сұранып алғы шепке шы­ғуы, 100-ші атқыштар бригадасына келуі, оны лейтенант Есмағанбетовтың екінші взводына бөлгені жөнінде қарт жауынгер Шәкір Тәжібаев КСРО Журналистер одағының мүшесі Ахат Жанаевқа 1986 жылдың 17 шілдесінде жаздырған естелігінде айтқан. Осы естелікте рота командирі Мәншүктің 1943 жылдың 15 қазанында асқан ерлік көрсеткенін, оның оққа ұшқан сәтін ашып айтып кеткен. Бұл тас­па бүгінде соғыс ардагерінің қызы Гүлсара Тәжібаеваның қолында бар.

Таспада Шәкір аға Тәжібаев командир ре­тінде жау оғынан қаза болған Мәншүкті қорғай алмағанына өкінетінін айтыпты. «Мен өлім мен өмірдің қақ ортасынан оралған, талай мәрте ажалмен бетпе-бет айқасқан ағаңмын. Алла аманатын ертең емес дәл қазір келіп алса да әзірмін. Әруағыңнан айналайын Қорқыт ба­ба­мыз 40 жыл бойы өлімнен бой тасаласа да Алланың құрығынан құтыла алмаса керек. Қайткенде де ноқталы басқа бір өлімнің бары қақ. 1418 күнге созылған кешегі қанды шайқаста қаншама бейкүнә боздақтарымыздан айырылдық десеңші... Әлбетте, ұрыс болған соң қан төгілмей тұрмайды. Әйтсе де ең бір өкініштісі, әлгі мерт болғандардың көпшілігі тым болмаса отау құрып та, артына өз орнын басар тұяқ қалдырып та үлгірмеген өңкей қыршындар еді ғой. Сол бір сұрапыл жылдар ойға оралғанда, жүрегім сыздап сала бе­реді. Несін айтасың, өзек өртер өкініштер аз емес. Тепсе темір үзетін соншама жігіттер жү­ріп, ортамыздағы жалғыз қызға қалқан бола алмағанымызға қатты өкінемін. Мәншүк қарын­дасымды еске алсам болды, ет жүрегім езіліп, көңілім босап, өзімді-өзім ұстай алмайтыным бар» деген қарт жауынгер қайсар қыздың май­данға өзі сұранғанын атаған.

«Мәншүк өзім басқаратын №1 ротаның пу­леметшісі болатын. Штатта писарь болып жұмыс істеп жүрген жерінен алғы шепке өзі сұранып келген-ді. Саяси комиссар Сақ­та­ған Бәйішев екеуміздің «Шырағым-ай, шта­бың дұрыс-ақ еді ғой, жаумен бетпе-бет жұлқысатын ер жігіттер де жетіп жатқан жоқ па? Біздің бір жөніміз болар-ау, тым болмаса суымыздың тұнығы, көзіміздің қарашығы болып жүрген апалы-сіңілілі Мәриям екеуің аман болыңдаршы» дегенімізге де көнбей, табиғатына біткен қайсарлығымен қанды шай­қастың қақ ортасынан бір-ақ шыққан-ды. Мәриям деп отырғаным бригада мед-санбатын басқаратын гвардия капитаны Сырлыбаева­ есімді қарындасымыз болатын. Қос бірдей қы­зымыз, қос бірдей шырағымыз бар деп мақ­танушы едік. Алла енді осыны да бізге көп көргендей» дейді Ш.Тәжібаев.

Тереңөзектік жауынгер пулеметші қыздың ақтық демі біткен сәтіне дейін қасында болып, оның соңғы сөзі жеңіске деген жігер бергенін, жан тебіренткенін жеткізген. «Штабта жұмыс істеп жүргенде сырт көзге ұяңдау болып көрінетін қызымыз алғы шепке келгелі құ­ралайды көзден атып түсіретін нағыз қас мерген болып алды. Бригадамыздың маңдайалды мергені Ыбырайым Сүлейменовпен иық ті­рест­еріп жүрді. Оның талай фашистің жанын жаһаннамға жібергені әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Ал қаза табар күнгі олжасы (16 қазан 1943 жыл) тіптен орасан болатын. Мәншүктің пулеметін фашист снаряды зақымдап, өзі оққа ұшты деген суық хабарды естіген бойда жүгіріп барсам, Ступино қырқасының етегінде дұшпандар жертезек болып жайрап жатыр екен. Жан тәсілім етер алдында маған айтып үлгіргені «Шәкір аға, алға, алға, жеңіс жақын» деген сөздер ғана болды. Ақ жуып, арулап қойған бойда Мәншүкті жоғарғы наградаға ұсынып, әскери құжаттарға бірінші болып қол қойған да Сақтаған Бәйішев екеуміз едік. Қайтейік, өлімге қияр жан емес еді ғой, бірақ тағдырдың ісіне не шара?! Тікелей командирі және туған бауырындай болып кеткен ақылшы ағасы ретінде айтарым, Мәншүктің абырой-даңқы бір мен ғана емес бәрімізге де ортақ игілік қой. Несін айтасың өмірге бір-ақ келетін жан еді-ау...» деген тебіреніспен.

Қан майданда жау оғынан мерт болған қа­рын­дастарынан айрылған жауынгерлер кек алуға бекінген. Ақтық сапарға шығарып салып тұрған шақта Мәншүк үшін жаудан есе қайтаруға ант та берісіпті. «Аяулы қарын­дасы­мызды ақтық сапарға шығарып салуға ар­налған қаралы митингіде бүкіл бригада, рота жауынгерлері Мәншүк үшін жаудан еселеп кек алуға ант берісті. Қас мерген Ыбыра­йым Сүлейменов көп ұзамай өз көрсеткішін 280-ге жеткізіп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Бұл дегеніңіз оның бір өзі осыншама фашистің көзін жойды деген сөз ғой. Араға бірер апта салып, қарулас досымыз, әскери тілші Қасым Шәріповтың редакторлық етуімен шығатын «Алға» («Вперед») газетінде қатардағы жауынгер Қажым Көшековтың ірі әріптермен терілген:
Алға қарыс бассаң да,
Сүйем кейін шегінбе.
Мәншүк үшін кек алу,
Керек бізге тегінде, – деген жыр шумақтары жарық көрді. Осының бәрі жауынгерлерімізге жасымас жігер мен қажымас қайрат бітіргендей болды. Біз үрдіс шабуылға шығып, Батысқа қарай ілгері жылжи түстік» дейді өз даусымен жазылған үнтаспада қаһарман командир. Осындай антқа берік командирлердің ар­қасында №3 екпінді армиясы Калинин майданында тек бір айдың ішінде ғана 300-ден астам елді мекенді жаудан тазартқан. Неткен ерлік десеңізші!

Ұрыс даласында пулеметпен жауды жайратып, ерлік көрсеткен қаһарман қызға 1944 жылдың 1 наурызында «Кеңес Одағының батыры» атағы берілген.

Соғыста жеңісті жақындатуға айрықша үлес қосқан Шәкір Тәжібаев «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Отан үшін ерлік көрсеткен рота командирі бейбіт өмірде де ел үшін еңбек еткен. Ол кісі кеңес, сауда орындарында жауапты жұмыстар атқарады. Сырдария аудандық тұтынушылар одағы комитетін басқарады. Орман техникумынан тыс Советтік сауда институты мен кешкі марксизм-ленинизм университетін тәмам­дай­ды. Халыққа қызмет ете жүріп те мерейлі ма­рапаттарға ие болған.

Шәкір Тәжібаев 1968 жылы «Невель қа­ласының Құрметті азаматы» атанған. Осы мерейлі атақты алуға барған сәтінде Кеңес Одағының батыры М.Мәметованың басына арнайы барыпты. «Кейін 1968 жылдың күзінде арнайы шақырумен Невель қаласының жаудан азат етілуінің 25 жылдығына орай кенже ұлым Әлімді ертіп, Мәншүктің зиратының басына тағзым етіп, дұға оқып қайттым. Соғыс кезінде аса маңызды стратегиялық шеп болып танылған Ступино қырқасындағы баяғы өзіміздің блиндажымыз да, Мәншүктің пулемет дзотының орны да сол күйі сақталған екен. Бізбен бірге Орал облысының Орда аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Абдулова бастаған Мәншүктің жерлестері де болды. Сол сапарда маған ХІ ғасырда ірге көтерген «Невель қаласының Құрметті азаматы» деген атақ берілді» деген өз естелігінде қарт жауынгер.


Сұрапыл соғыста қан кешкен майдандас­тар ұрыс даласынан аман-есен келгеннен кейін көптеген естеліктер қалдырған. Олардың ішінде қалам мен қаруды қатар алып жүрген жауынгерлер Жеңіс үшін жан пида еткен, сол майданда ерлік көрсеткен қаруластарға арнап кітаптар да жазған. Солардың ішінде рота командирі болған Шәкір Тәжібаевтың ерлігін ерекше атап өтеді. Мәселен, №3 екпінді ар­мияның командашасы, генерал-лейтенант К.Н.Галицкийдің естелік кітабында «Невель маңындағы жаудың жойқын шабуылына №100-ші бригада жауынгерлері мықты тойта­рыс бере білді. Оның құрамында ержүрек қа­зақ жігіттері көп болды. Мәншүк Мәметова, Ыбырайым Сұлейменов сынды қас мергендер мен Әбілқайыр Баймолдин, Шәкір Тәжібаев есімді командирлер асқан ерлік көрсетті» делінген. Сондай-ақ майдангер Қасым Шәріп­овтың «Қаруластар», Ә.Әбдіхалықова мен С.Мәлімованың авторлығымен жазылған «Ер­лік шамшырағы», «Звездный час Маншук» кітаптарында тереңөзектік майдангер ерліктері жазылған. Мәселен, кітаптарда «Біздің батальондар арғы бетке шығысымен шабуылға көшіп, немістердің бекіністі қорғаныс шебін бұзды. Жаудың арпалысып, қарсыласуына қарамастан біздің жауынгерлер өршелене алға басты. Дұшпанның қорғанысына алдымен енген майор Колесниковтің бірінші батальоны теміржолдан өтіп, Власково селосын алды. Осы жолы Шәкір Тәжібаевтың бірінші ротасындағы қатарластар П.Червяков пен В.Федосеев танкатар мылтықпен бір-бір танк қиратты, аға сержант Б.Смоленский бір өзі екі танк жойды» делінсе, қаланы азат етудегі ерлік «Бір сағаттай өткенде немістер шегінуге мәжбүр болды. Біздің жігіттердің автомат оғынан жүздеген фашист жойылды. Рота қалаға кірді. Шәкір Тәжібаев бастаған бір топ жауынгерлер ең алдымен бұрынғы аудандық атқару комитетінің үйіне ие болып, төбесіне қызыл жалау тікті. Батальон бүкіл Молодой Тудты жаудан тазартып, бекініп алды» деп нақты көрсетілген.

Өмірдің талай белестерінен өткен батыр Ш.Тәжібаев тереңөзектік Науша Емжар­қызымен отау құрып, ұрпақ өрбітті. Әкім, Әлім, Сәлім, Ғалым есімді ұлдары және Гүлсара қызы бүгінде облыс орталығында тұрады. Сан салада еңбек етіп, майдангер ұрпағы екенін мақ­таныш санайды. Ұрпақтары әке есімін ардақ тұтып, мәңгі етуге атсалысып-ақ келеді. Соған орай Қызылорда қаласындағы бір көше Шәкір Тәжібаев есімімен аталады.

– Әке – асқар тау, бәйтерек, тірек, ақылшы, балаға сыншы. Мен үшін әкем Шәкір Тәжібаев –осы айтылған барлық қадір-қасиетке лайықты жан еді. Ол кісі өте намысшыл, қайсар, жігерлі, бауырмал, көпшіл, сыйлы кісі болды. Ел басына күн туғанда алғы шепте Отан қорғауға аттанды. Ұрыс тәсілдерін жетік меңгеріп, қатардағы сарбаздан батальон командиріне дейін көтерілген. Ол кісінің қайсар мінезіне сай қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметоваға ағалық қам­қор­лық көрсетіп, рота командирі болу бұйырып­ты. Оқ пен оттың ортасында жүріп, талай шай­қастарға қатысқан. Сол майдандарда жара­қат та алған. Қаракөз қарындасын қорғаштай жүрсе де алғышепте жүрген батыр қыз ер­лікпен қаза тапқан. Әкем сөздің емес, істің адамы еді. Көп сөйлемей, ойға шомып отыратын. Мен ол кезде небәрі 6 жастамын. Сонда да ішінде бір өкініштің жатқанын сезетінмін. Анам Наушаның, көзкөрген жандардың айтуына қарап, өжет мінезді Мәншүктің қазасы ауыр соққы болғанын естідім. Ол кісі «Соғыс болмағанда Мәншүк тірі жүрер еді» деп жиі айтатын. Міне, осындай елге қорған бола білген қаһарман әкемді біз әркез мақтан тұтамыз. Ата-анамыздан алған тәрбиенің арқасында ұл-қызы жетілдік, өстік-өндік. Бүгінде «Қызыл Жұлдыз» орденді рота командирі, әкеміздің есіміне кір келтірмеуге еңбек етіп келеміз, – дейді қызы Гүлсара Тәжібаева.

Тереңөзектік жауынгер ерліктерімен Же­ңісті жақындатуға айрықша үлес қосқан. Біз осындай батырлардың ел үшін күрескенін, бізге бейбіт өмір сыйлағанын еш ұмытпай, есімін жаңғыртуымыз керек. Соған байланысты да Шәкір Тәжібаев жөнінде қалам тербедік.

Тағы бір айта кететіні, жақында батыр қыз Мәншүк Мәметова туралы Баян Алагөзованың продюсерлігімен сериал түсірілмекші екен. Осы туындыда пулеметшінің рота командирі болған Шәкір Тәжібаевтың да ерліктері паш етілсе деген бұйымтай да жоқ емес. Батыр қыздың ақтық демі үзілгенде қасында рота командирі болғаны – тарихи шындық.
Ердос БЕРКІНБАЕВ

19 қараша 2022 ж. 491 0