Ахмет Байтұрсынұлының Сыр бойындағы ізі
Өркениетті елдер көненің көзі саналатын белгілі тұлғалар тұтынған сынық түймеге дейін қастер тұтып, кейінгіге өнеге ету үшін жарнамалаудың түрлі жолдарын өте ұтымды ұйымдастыру ісіне ерекше мән береді. Ал біздің әр тау, төбенің астындағы тұнған тарихымыздың қадіріне әлі жете мән бермейтініміз жасырын емес. Тарихи тұлғалардан қалған құнды жәдігерлердің астарында талай сыр бар. Олардың ақиқатын ашып, кейінгі ұрпаққа дәріптеу – бізге міндет.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аталып өткелі жатқан айтулы жылда әрбір саналы азамат игі іске үлес қосқысы келеді емес пе?! Соған орай мен де өз үлесімді қосуға ниет қылдым.
Жылдың басында Алматыдағы Ахмет Байұрсынұлы мұражай-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбеттің «Ахмет Байтұрсынұлының қолы тиген жәдігерлері өте санаулы. Сондай дүниелер болып жатса, бізге хабарласыңыздар» деген хабарламасын әлеуметтік желіден оқып қалдым. Сол сәтте өткен күндердің тарихы көз алдымда тізбектеліп өте бастады.
Әңгімені әріден бастайын. Біздің аталарымыз Сыр бойына 1932 жылғы ашаршылық жылдарында келген. Қазіргі Торғай өңірі Жанкелдин ауданындағы Ақкөл маңы – менің әкем Байзақ пен оның бауырларының атамекені. Сыр бойындағы қазіргі Қоғалыкөл ауылына арып-ашып жеткен 30 адамнан тұратын көш осы жердегі Сомтемір деген жерге табан тірейді. Қызыл комиссар Әліби Жанкелдин арқадан ауған Арғын, Қыпшақтардың басын қосып, Қоғалыкөл ауылының негізін құрайтын төрт колхоздың бірі – «Молотов» колхозын құрып, осы жерге орналастырып кетеді. Сол күндердің белгісіндей болып осы Сомтемірде жерленген «Жұрымбайқызы Ақжан Жанкелдин қарындасы» деген белгі қойылыпты. Ал Ә.Жанкелдиннің інісі Томекені бала кезімізде көрдік, ауылы Жанақтың табанында болғанда көрші тұрдық.
Қоғам қайраткерінің өмірбаянымен таныс жандар Ахмет Байтұрсынұлының туған жері Торғай өңірі Ақкөл ауылы екенін білетін болар. Біздің аталарымызбен бір жерде туып, бір жердің топырағында аунап өскен жерлес, жамағайын жандар. Ахмет Байтұрсынұлы – Арғынның Үмбетейі. Біз шежіре бойынша Арғынның Олжағұл аталығына жатамыз. Осы аталықтың Тұмасының Қойсары, Байдаулет деген екі ұлы болған. Байдаулеттің шөбересі Бейістің жары, Ахмет Байтұрсынұлының қарындасы – Зиляш. Ал біз – Қойсарының алтыншы ұрпағымыз. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің полковнигі Бәкібай Бейісов әкеміз тірі кезінде қатысып тұрдық. Қазір Бәкібай әкіміздің Меруерт деген қызы Алматыда тұрады.
Райхан Имаханбеттің әлеуметтік желідегі жазбасын оқыған соң мен Алматыдағы қарындасым Луйза Абубакированың қолында Ахмет атамыздың домбырасы барын айтып, сүйінші хабарды жеткіздім. Сөйтіп, олардың бір-бірімен байланысуына жағдай жасадым. Кейін бұл айтулы оқиға әлеуметтік желіде, бірнеше газетте жарияланды. «Қазақ әдебиеті» газетінің биылғы 28 мамырдағы санында Кәусар Құрманбай деген тілшінің «Ахаңның домбырасы – тәбәрік көріп, тәу етер құнды дүние» деген мақаласы жарыққа шықты. Онда домбыраның менің қарындасымның қолына қалай түскені баяндалады.
Мақаладағы «Енді домбыра Луиза Әубәкірованың қолына қалай түскен дегенге келейік. Райхан Имаханбеттің бұл орайдағы айтқаны: «Ахмет Байтұрсынұлының Зиляш деген туған қарындасы Бейісов деген кісіге тұрмысқа шыққан. Олардың Бәкібай деген жалғыз ұлы болған. Бәкібай – Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде істеген, чекист. Ахметтің жиені болғаны үшін біраз қудалау көрген. Луиза 1975 жылы оқуға түсуге келгенде туыс ретінде сол кісілердің үйіне сәлем беруге барған. Айтуынша, Бәкібайдың үйіндегі кітап сөресінде Ахмет Байтұрсынұлының суреті тұрады екен. Бірақ жас қыз Ахметтің кім екенін ол кезде білмейді. Тек былайғы уақытта суреттің беті ашық тұратынын, ал үйге бөтен кісілер келгенде бірден көзден тасаланатынын байқаған. Тағы бірде амандасуға барғанында Бәкібай ағасы: «Мен осыны осынша уақыт сақтап келдім, ендігі жерде сен сақташы» деп, кімдікі екенін айтып, оған домбыраны береді».
Сонымен «Бірақ ол кезде Ахметтің аты да, заты да аталмаған, менің арғы аталарым білсе білер, өзім білген жоқпын ғой, соған онша мән бермеппіз, сөйтіп, бұл домбыраның қадіріне жетпеппіз, ағам айтқаннан кейін сізге әкеліп беруді өзіме парыз санадым» дейді мұражайға келген Луиза.
Домбыраны алатын кезде Райхан Имаханбет Ахаңның туыстарын да шақырған екен. Сөйтіп, Шолпан апайдың қызы Айман, Луизаға домбыраны берген Бәкібай Бейісовтың қызы Меруерт, екеуі де жасы 80-нің үстіндегі кісілер, Луизаның өзі бар, барлығы мұражайда бас қосады. Бірақ Айман апай да, Меруерт апай да аталған домбыра тарихынан хабарсыз болып шығады. Меруерт апайдың әңгімесі: «Біздің үйде Ахмет туралы әңгіме болмайтын, үлкен кісілер өзара сыбырласып қана сөйлесетін, бізге Ахаң туралы да, домбыра туралы айтпаған, білмеймін» дегенге саяды.
…Ал хабары шыққаннан-ақ құнды жәдігерді асыға күткен мұражай қызметкерлері домбыраны көргенде жылап жіберуге шақ қалады. Бір жағы, қуаныштан, екіншіден, оның кетеуі кеткен күйін көріп көңілі құлазығаннан. «Ахмет туралы естеліктерде «қызыл домбыра» деп айтылатын. Менің көз алдыма қызыл түсті, үлкен домбыра келген. Мына домбыраны көргенде біртүрлі болып қалдық бәріміз», – дейді Райхан сол сәттегі көңіл-күйін қалай жеткізерін білмей дағдарып. Ал ұлы ағартушы жөнінде түсірілген фильмде басты рөлде ойнаған актер Байғали Есенәлі домбыраны ұстап көріп: «Ол кездерде осындай 12 пернелі домбыра болған, мынау ойып жасалған екен. Ахаңдыкі болуы әбден мүмкін. Анығын мамандар айтады ғой» – депті.
Ал арнайы шақыртылған реставратор: «Жөндеуге болады, бірақ оған мұның күйі қаншалықты келетін-келмейтініне осы домбыраны зерттеп жүрген мамандардың қорытындысы керек» дегенді айтқан. Райхан Имаханбеттің сөзіне жүгінсек, ондай маман – Мұрат Әбуғазы. Бірақ ол қазір іссапармен сыртта жүрген көрінеді. Сондықтан мұражай ұжымы Мұраттың келуін асыға күтуде.
Қалай болғанда да, Алаш арысының қолы тиген дүниелерді жинап-теріп, оған қатысты жылт еткен жақсылыққа, жаңалыққа жүрегі жарыла қуанатын олар, бұл домбыраның да құнды жәдігер ретінде мұражай төрінен орын аларына сенеді» деген мағлұматтар менің сөзімді қуаттағандай болып тұр емес пе?!
Өткен ғасырдың басында ұлты үшін барлық игі істердің көшбасшысы болған Ахаң жан-жақты, өте білімдар жан болған. Қазақ әдебиеті мен өнерінің жанашыры ретінде ауыз әдебиеті нұсқалары мен ән-күй жаухарларын жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге де өлшеусіз үлес қосқан. Бұл домбырамен қазақ ән-күйін зерттеп, жинақтаған А.Затаевичке бірнеше өнер туындыларын жаздырғаны жайлы деректер бар.
Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі жайлы бүкіл ел таныс болғандықтан әңгімені ұзартпай, ұлт үшін атқарған бірнеше ісіне ғана тоқтала кетейін. Ағартушы 1912 жылы қазақ әліпбиін төте түрлеп, қолданысқа енгізу үшін «Оқу құралын» жазып, қазақ әліппесінің бірінші кітабын шығарды. Ал 1913-1918 жылдары қырғыз атанған жұртының атауын қайта жаңғыртып «Қазақ» газетін шығарды. Бұл газет «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде оқу-ағарту ісіне қалай қызмет еткенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Мемлекет қайраткерінің 1919 жылы 27 тамызда Бүкілресейлік ОАК-нің Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы шығып жазған хаты Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болғаны да тарихтан белгілі.
Бүгінде елімізде халық ағарту комиссары, қазақтың ақыны, ағартушы, ғалым, қоғам қайраткері, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталатын оқу орындары, Қостанай әуежайы, ауыл атаулары, көшелер жеткілікті. Бұл – ұлт үшін еселі еңбек еткен тау тұлғаға деген зор құрметтің белгісі.
Мемлекет және қоғам қайраткері 1925-1928 жылдары Қызылордада тұрып қызмет атқарған әрі ұлт жұмысының көшбасшысы болған. Ал 1929 жылы Қызылордада өтетін әдебиетшілер жиналысына шақырылғанымен, осы жылы тұтқынға алынды. Сыр еліне табаны тиген қайраткер тұлғаның есімін есте қалдыру үшін биылғы айтулы жылға байланысты еліміздің қай түкпірінде ұлықтау шарасы өтсе де артықтық етпейді. Бұл ретте, жылдан-жылға көркейіп, аумағы жаңа үйлермен қанатын кеңге жайған Сырдария ауданының орталығы – Тереңөзек кентінің жаңа көшелерінің біріне Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілсе, тау тұлғаға деген құрметіміз болар еді. Мұның ел руханиятының айшықтала түсуіне тигізер септігі мол.
Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
өлкетанушы,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
өлкетанушы,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі