Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2013 жыл: Даму белесіндегі іргелі аудан

2013 жыл: Даму белесіндегі іргелі аудан

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық газетте ашылған «Тәуелсіздік ше­жіресі» айдары бойынша 2013 жылдағы ерекше оқиғаларға тоқталмақпыз. Бұл жыл­дағы жаңалықтар қамтылған «Тіршілік тынысы» газетінің тігіндісі аудандық архивте сақтаулы. Соның негізінде егемендіктің 22-ші жылында атқарылған жұмыстарды тізбектеп көрелік.

Жылдың басында ауданға қадірлі меймандар келіп, ауданның тыныс-тіршілігімен танысқан. Атап айтқанда, «Нұр Отан» халықтық де­мократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ауданға қарасты Н.Ілиясов ауылында жұмыс сапарымен болып, өңір­дегі жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару жұмыстарының барысын көрген. Үлгілі ауылға Бауыржан Байбекпен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бірге жүріп, аймақтағы, үлгілі ауылдағы атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырған. Сонымен қатар, осы жылдың басында рес­публикалық агрокешенді дамыту бағдарламасы қабылданғаннан кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков те шаруашылығы шираған Н.Ілиясов ауылында болып, мұндағы «Мағжан және К» ЖШС-нің жұмысымен танысқан. Құрметті мейманды аудан әкімі Ғ.Әбілтай мен облыстық күрішшілер одағы ассоциациясының төрағасы А.Ералиев күтіп алып, аудандағы ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде егін саласындағы жетістіктерді атап көрсеткен. Мұнан соң министр Шіркейлі ауылына ат басын бұрып, мал шаруашылығын дамытып отырған «Ысамадин» шаруа қожалығына барды. Шаруашылық төрағасы Ж.Нұрымбетов мал бордақылау кешенін жетілдіру жұ­мыс­тары жөнінде айтқан.

2013 жылы ауданға ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова да келген. Министр аудандағы емдеу мекемелерін аралап, ден­сау­лыққа қатысты шешілмеген мәселе болмауы тиістігін айт­қан. Ауданға жаңа емхана қа­жеттілігі назарға салынып, ау­дан­дағы басты мәселе екендігі жеткізілген. Соның нәтижесі болар, осы жылы 250 орындық жаңа емхананың іргетасы қаланды. Оған бө­лін­ген қаржының жалпы құны 1 млрд теңгеден асқан. Жаңа емхана құрылысын «Энергоқұрылыс» ЖШС жүргізген.

Бұл жылдың басты жаңалығы – ауданға жаңа әкімнің тағайындалуы. Қызылорда об­лысы әкімінің 2013 жылғы 1 шілдедегі өкімімен, Қазақстан Президенті Әкімшілігінің және Сырдария аудандық мәслихатының ке­лісімімен Сырдария ауданының әкімі лауазымына Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы тағайындалды. Жаңа аудан басшысын аудан активіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы жұмыс сапарымен келіп таныстырды. Аймақ басшысы бұған дейін ауданды басқарған Ғизат Әбілтайдың ауданды басқаруда мол тәжірибе жинақтағанын, бұл тәжірибе жаңадан құрылған басқарма жұ­мысын жандандыруға септігі тиетінін атап өткен. Ал әкімдік қызметке дейін кә­сіпкерлікпен айналысып, мұнай саласында басшылық қызметте болған Ғ.Қазантаевтың жұмысына сәттілік тіледі.

Ауданға іскер басшы келгеннен кейін барлық салада серпін байқалып, жаңа нысандар қолданысқа беріле бастады. Мә­селен, аймақ басшысы Қырымбек Көшер­баевтың қатысуымен Тереңөзек кентіндегі Н.Ергешбаев көшесі бойында бой көтерген «Нұр Отан» ХДП Сырдария филиалы ғи­мараты пайдалануға берілді. Өңір басшысы жаңа ғимараттың ашылу рәсімінде «Әр тұрғынның арыз-шағымына жетекші партия жауапкершілікпен қарауы тиіс» деп атап өтті. Осыдан кейінгі уақытта елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партияның ХҮ съезі өтті. Оған аудан әкімі Ғ.Қазантаев делегат болып қа­тысты. «Бұл келелі басқосудан керемет әсер алдым деп айта аламын. Өйткені, съезде қабылданған партия доктринасы «Нұр Отанның» алдағы миссиясын және «Қазақстан – 2050» стратегиясын тиімді жү­зеге асыруды қамтамасыз етуді айқындап берді. Басты жетістігіміз – ел Тәуелсіздігі, басты құндылығымыз – адам, ата-баба дәс­түрлерін сақтау, отбасын нығайту арқылы мемлекетімізді өркендететініміз жарқын кө­рініс тапты. Себебі, біз қоғамымыздың ерекшеліктерін артықшылықтарымызға ай­­налдыра білдік. Әр ауландығымыз – бай­лығымызға, бірлігіміз – табысымызға айналды» деген аудан басшысы делегат ретіндегі әсерімен бөлісіп.

Аудан шаруалары 2013 жылы зор же­тістікке жетті. Осы жылы аудан ең­беккерлері 29603 гектарға ауыл ша­руашылығы да­қылдарын орналастырса, оның ішін­де, кү­ріш 17920 гектар жерге егілді. Оның әр гектарынан 51,3 центнер­ден өнім алынып, аудан қамбасына 91 930 тонна Сыр са­лысы құйылды. Осындай еселі еңбектің нә­тижесінде Сырдария ауданы 2013 жылдың қорытындысымен «Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоғары жетістікке жеткені үшін облыстық озат ауданы» номинациясын жеңіп алды және бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл аудан халқы үшін зор табыс, жетістік болды.

Егемендіктің 22-ші жылында ауданның білім саласында да айтулы жаңалықтар болды. Ауданда 1 «Алтын белгі», 1 «Үздік аттестат» иегерлері өз білімдерін дәлелдесе, «СНПС Айдан мұнай» АҚ Сырдария ауданы әкімдігімен келісімге келіп, төрт жыл бойына жоғары білім алатын 10 талапкердің оқу ақысын төлейтін болып, оқу гранттары табыс етілді. Сондай-ақ «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның өкілдерімен де арнайы кездесу ұйымдастырылып, меморандумға қол қойылған. Оның нәтижесінде мұнай ком­паниясы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейді өз қамқорлығына алатын болған.

Іргелі ауданның даму белесіндегі айтулы жылда Сырдария агро-техникалық колледжінің 5 қабатты жатақханасының мә­селесі де шешімін тауып, қайта жаңғыртудан өткізілетін болды. Одан бөлек, осы жылы аудан жұртшылығы қариясын қадірлей білетіндіктерін тағы бір дәлелдеді. Ауданда ардагерлердің республикалық семинары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, ауданның бас ақыны саналатын Мұхтар Сақтаповтың «Қайырлы таң, туған жер» атты кітабының тұсаукесері де осы жылы өтті. Бұл соңғы демі қалғанша туған жерді жырлап өтетін ақынның туған өл­кеге деген шексіз махаббатынан туған туын­­ды. Сондықтан сырдариялықтар бұл жыр жи­­наққа ерекше қуаныштарын білдірді. Оған қоса, 2013 жылы ҚР-ның Мәдениет қайраткері Бекболат Тілеухан, ҚР-на еңбегі сіңген әртіс Бақтияр Тайлақбаев аудан жұрт­шылығына тегін концерт өткізді.

Жалпы, екі онжылдықтан аса уақытта іргелі аудан дамудың даңғыл жолын қа­лыптастырды. Ауданда жаңадан әлеу­меттік нысандар бой көтеріп, тұрғындардың әлеуеті жақсара түсті. Бұл Тәуелсіздік жылдарында жеткен жарқын жетістіктер екені сөзсіз.

Айта кетейік, 2013 жылы Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың Қазақстан халқына зейнетақы ре­формасының мәселелері жөнінде Үндеуі жарияланып, әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен ұзартуды 2014 жылдың 1 қаңтарынан емес, 2018 жылдың 1 қаң­тарынан ұлғайтуды ұсынған.

Ердос Беркінбаев
24 тамыз 2021 ж. 390 0