Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 1994 жыл: қаһарлы қыс қалың жұртшылықты қажытқан

1994 жыл: қаһарлы қыс қалың жұртшылықты қажытқан

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық газетте ашылған «Тәуелсіздік шежіресі» айдары бойынша 1994 жылдағы ерекше оқиғаларға тоқталмақпыз. Бұл жылдағы жаңалықтар қамтылған «Тереңөзек тынысы» газетінің тігіндісі аудандық архивте сақталған екен. Соның негізінде 1994 жылдағы атқарылған жұмыстарды тізбектеп көрелік.
Еліміз бойынша 1994 жылдың басты ерекшелігі – 7 наурызда Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы Парламент сайлауының өтуі. ҚР Жоғарғы кеңесі мен жергілікті өкіметі депутаттарының сайлауына саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан кандидаттар ұсынылып, 5 жылға сайланған. Ең бірінші рет ұйымдастырылған саяси науқанға жыл басынан ауданда дайындық жұмыстары жүргізілген. Кандидаттар сайлаушылармен кездесіп,сайлауалды бағдарламаларын назарға ұсынған. Мәселен, №76 Тереңөзек саулау округі бойынша ҚР Жоғарғы кеңесіне депутаттыққа кандидат халық жазушысы, «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы, жерлесіміз Қалтай Мұхамеджанов сол кездегі Ильич және О.Мәлібаев кеңшарында сайлауышлармен кездесу өткізген. Бұдан бөлек, облыстық және аудандық мәслихатқа үміткерлер елді мекендерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген.
Жалпы, Тереңөзек сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 76087 адам енгізілген. Осылардың ішінде бюллетень алған сайлаушылар саны 67828 болса, дауыс беруге қатысқандар 67785-ті қамтып, 15 бюллетень жарамсыз деп танылған. Соның нәтижесінде, ҚР Жоғарғы кеңесіне халық жазушысы Қ.Мұхамеджанов, облыстық мәслихатқа №14 Тереңөзек сайлау округінен О.Мәлібаев, №15 Шаған сайлау округінен А.Әліпбаев депутат болып сайланған. Сондай-ақ аудандық мәслихатқа 15 адам халық қалаулысы ретінде көп дауыс жинаған. Олардың қатарында әрбір сайлау округтерінен кандидаттыққа түскен М.Қосымбаев, А.Маймақов, Т.Арапов, С.Сәдуақасов, Ә.Төлеуова, Б.Байсалбаев, Ж.Бодықова, Қ.Нұрыбаев, Ә.Белдоңғаров, Х.Қызылхожаев, С.Кемелбаев, А.Маханбетов, Б.Лекеров, Е.Сәркеев және С.Жүнісов бар. Аудандық мәслихат хатшысы ретінде Б.Лекеров сайланған.
Жергілікті газеттің 1994 жылғы тігіндісін ақтарып отырып, ел үшін маңызды жаңалықты байқадық. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы Қаулысы жарияланған. Онда 3 мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Д.Қонаевтың есімін ҚР Ұлттық академиясының тау-кен институтына, Шығыс Қазақстан облысы «Лениногор полиметалл комбинаты» акционерлік қоғамына беру, Алматы қаласындағы Карл Маркс көшесін «Д.Қонаев көшесі» деп атау бекітілген. Сондай-ақ жер туралы ғылым саласында жас ғалымдарға жыл сайын берілетін Д.Қонаев атындағы сыйлықтар тағайындау және Алматы қаласындағы Д.Қонаев мұражай үйін ұйымдастырып, ол тұрған Төлебаев көшесіндегі №119 үйге мемориалды тақта орнату тапсырылған. Бұл қазақтың парасатты тұлғасына деген қазақстандықтардың зор құрметі екені сөзсіз.
Бұл жылы облыс жұртшылығы арасында «Экологиялық апатты аймақ ретінде Қызылорда облысы жабылады екен, оның барлық тұрғындарын еліміздің басқа облыстарына көшіредіміс», «Облыс бірер жылдан кейін жабық аймаққа айналмақшы көрінеді, сондықтан Қызылордаға енді сырттан көшіп келуге де, бұл жерден көшіп кетуге де рұқсат етілмейді» деген қауесет тараған. Осыған байланысты сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Н.Мұсабаев баспасөз құралы арқылы жауап берген. «Дақпыртқа сеніп қалғандарға айтарым: республиканың өкімет және үкімет органдарында да, ел басшысында да ондай ой жоқ, обыстың жабылатыны жалған. Ал мемлекетіміздің жалпы қаржы ахуалының қиындығына байланысты бірқатар бұрынғы жеңілдіктеріміздің алынып қалғаны мүлдем басқа әңгіме. Бұл уақытша ғана тоқталып тұр. Мемлекетіміздің жағдайы жақсарғаннан кейін бәрі қалпына келтіріледі» деген Нәжмедин Түрікпенұлы. Сонымен қатар аудан әкімі А.Божанова да осыған қатысты пікір білдірген. Аудан басшысы «Қазір барлық кеңшарда «Жасыл өлке» бағдарламасы бойынша алма бақтар, саялы ағаштар егіліп, көше, арық-каналдар мен үлкен жолдар бойының сәнін келтіруде. Әсіресе, Тереңөзек қыстағы шетіндегі үлкен жол бойындағы ормантоғай мекемесінің саябағына қаншама тер төгіліп, еңбек етілуде. Бағдарланған мөлшер де күріш, бидай, картоп, көкөніс, т.б. дақылдар дер кезінде егіліп, жақсы өсуде. Әрбір мекеме, кәсіпорын, шаруашылық басшыларына халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, ауылды жасыл желекке бөлеуге қатаң тапсырылып, бірқатар игі шаралар қолға алынып, өз нәтижесін беруде. Сондықтан қазіргі көшіп жатқандар туған жердің шын қасиетін жете түсінбей, мақсатсыз біреудің шығарған жел сөзіне ергендер деп есептеуге болады. Оттан да ыстық туған жердің әрбір тұтамдай жері үшін күрескен бабаларымыздың рухын жоғалтпай, бір кірпіш қаласақ та туған жерде қалайық. Адаспаңыздар, ағайын дегім келеді» деп жергілікті басылымға сұхбат берген.
Енді ауданның сол жылғы әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталып өтсек. 1994 жылғы қыс қатал болыпты. Мұндай құбылыс табиғат болмысында 50 жылдан кейін қайталанған көрінеді. Қыс қаһарын төгіп, аяз болып, сол жылғы қар көктемнің бел ортасына дейін ерімепті. Міне, осының салдарынан жағдай тұралап, әлеуметтің әлеуеті әлсірепті. Десе де, қай істе де жұдырықтай жұмылып жұмыс істейтін аудан жұртшылығы бұл кезеңді байсалдықпен еңсеріп шыққан. Аудан әкімі А.Божанова сол жылғы қиыншылықтың салдары туралы аудан халқына басылым арқылы үндеу жолдаған. Онда қардың қалың, қыстың ұзақ болуынан мал шаруашылығында шығын болғанын айтқан. Мал шығынының көп орын алмауына шопандар мен бақташылардың ерен еңбегін атап өткен. «1994 жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша ірі қарадан 0,6 пайыз, қойдан 3,0 пайыз, жылқыдан 0,6 пайыз, түйеден 0,4 пайыз ғана мал шығыны болды. Облыс бойынша төрт-түлік мал шығынының 20 пайызға жуық болып отырғаны, осының өзіне шүкіршілік етіп, мал басынан түгел қол көтеріп, тұяқ ұстап шықпай қалғанымызды жетістік деп отырғанымызды ескерсек, біздің аудан еңбекшілеріне, шопандар, бақташылар, жылқышы-түйешілерге, мамандарға, осы жұмысты ұйымдастырушы шаруашылық, мекеме басшыларына жылы лебіз, құрмет, алғыс лайық деп есептейміз» деген А.Божанова. Аудан басшысы нәубетті жылдан аман-есен шыққанды атап, алдағы межелі жұмыстарды өз үндеуінде нақты көрсеткен.
1994 жылдағы жағымды жаңалықтың бірі – Сырдария өзеніне көпір салу мәселесінің шешім табуы. Облыс, аудан басшыларының жарғақ құлағы жастыққа тимей, ізденуінің нәтижесінде ширек ғасырдан бері арман болған көпір заттары келіп, алғашқы қазығы қағылған. Шілде айының 25-і күні Тереңөзек қыстағы мен Шаған ауылының тұрғындары дария басына жиналып, тарихи сәттің куәсі болған. Міне, сол кезден бастау алған көпір құрылысы 20 жылдан кейін пайдалануға беріліп, «Ғасыр құрылысы» саналды. Бүгінде осы көпірдің салынғанына сырдариялықтар үнемі ризашылықтарын білдіріп келеді.
Жалпы, сол жылы аудан еңбеккерлері 13600 гектар жерге күріш егіп, күтіп-баптаған. Нарық қыспағына, техникаларға жанар-жағар майдың, қосалқы бөлшектердің тапшылығына қарамастан егін орағын ұйымшылдықпен ұйымдастырып, 26300 тонна мемлекеттік тапсырысты абыроймен орындаған. Ильич, А.Тоқмағамбетов, О.Мәлібаев атындағы кеңшер және «Тереңөзек» серіктестігінің еңбеккерлері мемлекеттік тапсырысты облыста алғашқылардың бірі болып орындап шыққан. «Тереңөзек» серіктестігі мемлекет қоймасына 52000 центнер астық құйса, аудан бойынша егістік алқаптың әр гектарынан 42 центнерден өнім алынған. Аудан шаруашылықтарында мал азығын дайындау қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке жеткен шаруашылықтарға берілетін 1000 теңгелік ынталандыру сыйлығын әр айда Н.Ілиясов, Ильич, О.Мәлібаев, С.Сейфуллин, Шіркейлі ұжымшарлары иеленіп отырған.
Сонымен қатар 1994 жылы аудан айнасы болған «Тереңөзек тынысы» газетінің 55 жылдығы аталып өткен. Мерейтойға орай аудан әкімінің құттықтауы жарияланып, арнайы мерекелік газет ұйымдастырылған. Онда белгілі жазушы, аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев, ақын Жадыра Дәрібаеваның жүрекжарлы лебіздері шыққан. «Туған жердің жылнамасы, тынысы, Жәмиғатқа жақсылығы, жұмысы» деген жыр жолдарымен басталған мерекелік нөмірде аудандық басылымның мән-маңызы, жұмыс барысындағы қызықтар, барлығы қамтылған.
Білім мен мәдениет, спорт салаларында да айтулы жылы көптеген жаңалықтар болған. Мәселен, ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде жемісті еңбек еткен мұғалімдер «Жыл мұғалімі» атағына ие болған. Атап айтқанда, №135 орта мектеп мұғалімі Марат Оспанов «Жыл мұғалімі» атанса, №35 орта мектеп ұстазы Мира Әкімжанова, №132 орта мектеп мұғалімі Гүлшат Махантаева, №37 орта мектеп мұғалімі Шегебай Бәшенов жыл үздіктері қатарында болған. Ал мәдениет саласында елге белгілі әнші Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, Бақтияр Тайлақбаев, «Тамаша» ойын-сауық отауы ауданға келіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған. Спорт саласында да саңлақтарымыз жеңіс тұғырынан көрініп, ел мерейін үстем еткен.
Жалпы, егемендіктің алғашқы жылдарында елімізде, оның ішінде ауданда әлеуметтің әлеуеті ауыз толтырып айтатындай мәз болмаған. Десе де Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жұртшылық бекем бірлік пен татулықты ту етіп, тынымсыз еңбек етті. Азаттықты арайлы ету жолында барлық қиындықты еңсере білді. Бүгінде сол жылдардың ауыртпалығы артта қалып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына еліміз ерекше серпінмен, стратегиялық айқын бағытпен келіп отыр.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

10 сәуір 2021 ж. 560 0