Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бастарың бүтін келсін деп...

Бастарың бүтін келсін деп...

Бұл хикаятты бізге Тереңөзектің қарт тұрғыны, ардагер дәрігер Астрахан Қожақов айтып берген еді. Оған өз тарапымыздан ешнәрсе қоспай, сол күйінде жариялап отырмыз.

...Қызылдиханнан Ұлы Отан соғысына талай боздақ азаматтар аттанған. Отан қорғауға бара жатқан жігіттердің барлығын колхоз төрағасы Оспан Мәлібаев үйінен қонақасы беріп, аман барып, сау келсін деп ақжол тілеп майданға аттандырады екен. Ауылдан майданға үшінші кезекте аттанып бара жатқан 14 жігітті үйіне шақырыпты. Олардың ішінде Астраханның әкесі Қожақ та болыпты. Алыс сапарға аттанып бара жатқан Отан қорғаушылар құрметіне қой сойылады. Ет пісті-ау деген мезетте колхоз төрағасы қонақтарды қарсы алуға үйіне келсе бәйбішесі Тұрсынкүл апаның абыржып отқанын байқайды. Құдай қосқан қосағынан не болғанын сұрайды. Сөйтсе, әйелі асығып жүріп, қойдың басын қазанға тісін қақпай, жағын айырмай бүтіндей салғанын айтады. Оны естіген басқарма:

− Бәйбіше еш абыржыма! Жауабын өзім айтам,− депті.

Жастар дастархан басына жиналып, ортаға үйме табақ ет пен бас келгенде бастың бұзылмаған бүтін екенін байқайды. Қай қазақ болмасын қазанға басты тісін қағып салатынын білетін жастар, бұған таң қалысады. Сонда Оспан ақсақал:

−Майданнан бастарың бүтін келсін деп әдейі салғыздым,− депті. Құдай шебер Оспан әкенің аузымен айтылған ырымды шындыққа айналдырып, соғыс біткесін майданға аттанған 14-тің 13-і елге оралыпты.
Алла Тағала қазаққа жақын деген сөзді бір жерден оқыған едім, бұл оқиға жаратқан иенің адамдарға тигізген шарапатының бір парасы ғана.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
05 қаңтар 2021 ж. 557 0