Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » "Сараң әрі рақметі жоқ": Абель Санчес GGG-мен жұмысын неге тоқтатқанын айтты

"Сараң әрі рақметі жоқ": Абель Санчес GGG-мен жұмысын неге тоқтатқанын айтты

Америкалық бапкер Абель Санчес енді бокстан орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкинмен жұмыс істемейтінін растады. Санчестің сөзінше, Головкин оның қызметі үшін төлем мөлшерін қайта қарастыруды шешкен. Алайда, бапкер жаңа ұсынысты қорлау деп есептеп отыр. Бұл туралы Sports.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZхабарлайды.

Бапкер БАҚ өкілдеріне спортшымен бірге жұмыс істеуін не үшін тоқтағанын айтты.

"Бүгіннен бастап мен Геннадий Головкинмен жұмыс істемеймін. Тоғыз жыл тамаша жұмыс, орнатылған рекордтар мен Бокс даңқы залының болашақ мүшесіне лайық мансапты дамыту, сондай-ақ, DAZN-мен алты кездесуге арналған жүзмиллиондық келісімшартқа қол қоюға жасалған жағдайдан соң ол маған бапкерлік қызметіме өтемақы төлеудің жаңа әрі намысқа тиетін үлгісін ұсынды.Менің абыройым мен қадір-қасиетім мұндай ұсынысты қабылдауға мүмкіндік бермейді. Өкінішке орай, сараңдық, рақметтің жоқтығы мен этиканың, ар-ождан мен адалдықтың болмауы осы серіктестіктің аяқталуына алып келді", - деді ол.

Санчес ешқандай санды атамаса да, Los Angeles Daily News-пен телефонмен сөйлесу барысында осы уақытқа дейін Головкинге түскен қаражаттың 10 пайызын алып жүргенін, бұл жолы боксшы оған әлдеқайда төмен сома ұсынғанын жеткізген.

Ал GGG-дің өкілі Том Леффлер бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Айта кетейік, осыған дейін Геннадий Головкин Абель Санчеспен жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді.

25 сәуір 2019 ж. 802 0