Қос сырдариялық спортшы бағындырған белес
Жапонияның Аичи-Нагоя өңірінде ХХ жазғы Азия ойындары жалауын көтерді. 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін дүбірлі додаға Азия құрлығының 45 елінен мыңдаған спортшы қатысып, спорттың бірнеше түрінен ел намысын қорғауда. Ауқымды бәсекеде Қазақстан құрамасы да сапалы дайындықпен қатысып, алғашқы жарыс күндерінен-ақ қоржынына жүлделер сала бастады.Құрлықтың басты спорттық додаларының біріне Қазақстаннан білікті әрі тәжірибелі спортшылар қатысып жатыр. Олардың қатарында Қызылорда облысының, соның ішінде Сырдария ауданының спортшылары да бар.
Көгалдағы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасының сапында «Қайсар» спорт клубының бірқатар спортшысы өнер көрсетуде. Ұлттық құрама сапына енген спортшылар қатарында Гузал Бахаваддин, Виктория Ляпина, Наталья Сазонтова, Гүлсина Ізбасарова, Қарлығаш Болғанбаева, Ақжан Ерсұлтан, Виктория Шаймарданова, Әсел Өмірханқызы, Ұлболсын Жеткергенова және Виктория Лобанова бар.
Олардың қатарында Сырдария ауданынан барған екі спортшы – Қарлығаш Болғанбаева мен Ұлболсын Жеткергенова екенін айта кетейік. Қарлығаш Болғанбаева ұлттық құрама сапында оң жақ шабуылдаушы позициясында өнер көрсетсе, Ұлболсын Жеткергенова сол жақ қорғаушы міндетін атқарады. Екі спортшының Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғауы – Сырдария ауданының спорт саласындағы жетістіктері үшін айрықша мақтаныш.
Қазақстан әйелдер құрамасы көгалдағы хоккейден Азия ойындарындағы алғашқы кездесуін Малайзия құрамасына қарсы өткізді. Топтық кезеңнің алғашқы ойынында Қазақстан құрамасы 0:5 есебімен жеңіліс тапты. Қазір ұлттық құрама А тобында сынға түсіп жатыр. Бұл топта Қазақстаннан бөлек Қытай, Оңтүстік Корея, Бангладеш, Қытайлық Тайбэй және Малайзия құрамасы бар.
Ал 21 қыркүйекте Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяға қарсы кездесуін өткізді. Құрлықтық додада әр ойынның маңызы жоғары болғандықтан, ұлттық құрама алдағы кездесулерде бар күшін салып, топтық кезеңдегі нәтижесін жақсартуға ұмтылатын болады.
Сыр спортшылары үшін мұндай халықаралық деңгейдегі жарыстар – мол тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберлікті шыңдайтын үлкен мектеп. Әсіресе, Азия ойындары секілді дүбірлі додада ел намысын қорғау – кез келген спортшы үшін зор жауапкершілік.
Бүгінде көгалдағы хоккей Қызылорда облысында дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі саналады. Ұлттық құрама сапынан Сыр өңірі спортшыларының тұрақты орын алуы өңірде спортшыларды даярлау жүйесінің қалыптасқанын аңғартады. Ал Сырдария ауданынан екі спортшының Азия ойындарына қатысуы аудан жастары үшін де үлкен мотивация болып отыр.
Аичи-Нагоядағы Азия ойындарының алғашқы толыққанды жарыс күнінде Қазақстан құрамасы жоғары нәтижелер көрсетті. 21 қыркүйектегі бәсекелер қорытындысы бойынша ел спортшылары төрт алтын, бір күміс және үш қола медаль иеленді.
Сырдариялық қос спортшы – Қарлығаш Болғанбаева мен Ұлболсын Жеткергеноваға алдағы ойындарда сәттілік тілейміз! Жерлестеріміздің әрбір жеңісі – Сыр спортының мерейін асырып, жас спортшыларға жігер беретін үлкен жетістік.
Б.АЯБЕКҰЛЫ










