«Футболдағы соңғы жылым болуы мүмкін»: Роналду мансабын қашан аяқтайтынын айтты
«Аль-Наср» және Португалия құрамасының 41 жастағы шабуылшысы Криштиану Роналду футболдағы мансабын қашан аяқтайтынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.Роналду 25 жылға созылған мансабынан кейін футболдан кеткен соң саяхаттап, өзіне ұнайтын басқа да істерге көбірек уақыт бөлгісі келетінін жеткізді.
«Бұл менің футболдағы соңғы жылым болуы мүмкін. Мен өзімнен кейін үлкен мұра қалдырғым келеді. Футболдан кеткен соң үлкен бос кеңістік пайда болуы мүмкін, сондықтан уақытымды түрлі істермен толтырғым келеді. Көбірек көңіл көтеріп, саяхаттап, өзім жақсы көретін нәрсемен айналысып, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімнен ләззат алғым келеді. Себебі бұл 25 жыл құрбандыққа толы кезең болды», деді футболшы.
Роналду кәсіби мансабында «Спортинг», «Манчестер Юнайтед», «Реал Мадрид», «Ювентус» және «Аль-Наср» клубтарының намысын қорғады. Ол бес рет «Алтын доп» жүлдесін иеленген. АҚШ, Канада және Мексикада өткен әлем чемпионаты португалиялық шабуылшы үшін мансабындағы алтыншы мундиаль болды. Роналду бұл турнирге алты рет қатысқан алғашқы футболшылардың бірі атанды.
Футбол аңызы мансабындағы 1000-шы голын соғу мақсатына жақындап келеді. Футболшы соңғы 975-ші голын әлем чемпионатында Хорватия қақпасына соқты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Роналду 2026 жылғы әлем чемпионаты оның мансабындағы соңғы мундиаль болатынын айтқан. Ал жуырда спорт журналисі Мұхаммед Авад ойыншының келесі маусымда Португалия құрамасындағы мансабын аяқтауы мүмкін екендігін жазды.










